Kсell үшін күрес қыза түсті

​Монополистермен күресуші орган «Қазақтелекомның» Kcell-ді сатып алу мәмілесін қарауды кейінге шегерді.

10 Сәуір 2018 16:41 Автор: Бақыт Көмекбайұлы
Kсell үшін күрес қыза түсті, «Қазақтелеком», 75 пайыз акция, сенатор, шоғырлану, доминион
Фото: tengrinews.kz

Ұлттық экономика құрамындағы табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті ұлттық байланыс операторының ірі ұялы байланыс операторын «өзіне бағындыруына» келісім беретінін не қарсылық білдіретінін өткен аптада-ақ мәлімдеуі керек еді.

Алайда бүгін ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Kcell компаниясының үлесін сатып алу туралы «Қазақтелекомның» өтінішін зерделеу мерзімін сәуір айының ортасына дейін ұзартқандарын жариялады.

«Өтінішті қарау барысында біз бірқатар түйткілдерді қосымша пысықтау қажеттілігін анықтадық. Ол түйіндер тек нарықтық қана емес, сондай-ақ технологиялық жайттармен де байланысты болып отыр. Сол себепті «Қазақтелекомнан» қажетті ақпараттар сұраттық. Екі апта үдерінде мәселе шешілуге тиіс», – деп нақтылады Тимур Сүлейменов.

Әйтпесе, бұдан бұрын алпауыттармен күресуші орган өз шешімін 8 сәуірде жария ететінін хабарлаған болатын.

Осының алдында «Қазақтелеком» АҚ-ы «Kcell» АҚ-ы акцияларының бақылаушы пакетін – 75%-ын иеленуге ниетті екені туралы мәлімдеп, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне рұқсат сұрап жүгінген. Заң бойынша егер аталған орган «экономикалық шоғырлануға қарсы» екенін білдіріп, тыйым салса, «Қазақтелеком» ешқандай жолмен сатып ала алмайды. Тиісінше, барлық мәміле аяқталмай, бизнесмендер тілімен айтқанда, ресми «камбэк» (come back) жүзеге аспай қалады.

Бұлай дейтініміз, бұрын Kcell «Қазақтелеком» еншісінде болған. Алайда ол 2012 жылдың басында өзінің 49%-дық үлесін TeliaSonera еуропалық телекоммуникациялық холдингке 1,519 миллиард долларға сатып жіберді. Бұл мәмілеге дейін ол кезде «GSM Қазақстан» ЖШС аталған бұл ұялы байланыс операторының қалған 51%-ы Fintur Holdings компаниясына тиесілі еді. Өз кезегінде Fintur Holdings B.V. TeliaSonera-ның меншігі болып табылады.  

Қазіргі кезде Kcell-дің акционер-қожайындары болып, 24% еншісі бар Teliasonera Kazakhstan Holding B.V., 51%-дық үлеске ие Fintur Holdings және 23,29% үлесті «Құнды қағаздардың орталық депозитариі» АҚ-ы саналады.

Ал «Қазақтелекомның» қарапайым акцияларының 52,03%-ы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының меншігінде. 2017 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша, «Қазақтелекомның» қарапайым акцияларының 24,96%-ы Sobrio Limited (Рас-әл-Хайма, БАӘ), 9,35%-ы – «Құнды қағаздардың орталық депозитариі» АҚ-ына тиесілі.

«Қазақтелеком» қазір отандық телекоммуникациялар нарығындағы үстем жағдайға ие жетекші байланыс операторы болып табылады. Сондықтан ел парламентінің қос палатасы да жақында оның енді еліміздің жетекші ұялы байланыс операторын уысында ұстауына қарсы шықты.

Мәжіліс депутаты Асқар Базарбаев ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовке депутаттық сауал жолдап, мән-жайды түсіндіруді сұрады. Оның айтуынша, «Kcell акцияларын иемденгеннен кейін, «Қазақтелеком» АҚ-ы пайдаланушыларының ықтимал саны жалпы нарықтың 65%-ынан асып, 17 миллионға жетеді, яғни қос компания қосылған жағдайда нарық құрылымын өзгертеді және жаңа доминион құрылады».

«Нәтижесінде, «Қазақтелеком» телекоммуникациялық саланың барлық негізгі сегменттерінде көшбасшылық позицияны иемденетін үстем жағдайға қол жеткізуі мүмкін. Ақпарат құралдарында «Beeline Қазақстан» компаниясының бас атқаушы директорының пікірі жарияланды, онда ол «Қазақтелекомның» «КсеII» акцияларын иемдену келешегіне мемлекетті және клиенттерді қоса алғанда, барлық мүдделі тараптар үшін жағымсыз жағдай ретінде қарайтынын айтады. Beeline Қазақстанның пікірі бойынша, осындай мәміле монополияға қарсы реттеу логикасына қайшы келеді және нарықтағы басқа субъектілердің құқығына шектеу қояды. Сонымен қатар, дамыған елдерде үш ойыншының екеуін бақылайтындай шоғырлану прецеденті жоқ. Бұл бәсекелестікке әсер етіп, клиенттерге және нарықтың ұзақ мерзімді дамуына әсерін тигізеді», – дейді депутат.

Қалаулыларды бұл мәмілені ұлттық компанияның қалай қаржыландыратыны алаңдатады: себебі, ол үшін қаржы тарту қалай жүзеге асатыны туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр.

Асқар Базарбаев ақпарат құралдарына және «Halyk Finance» сарапшыларына сілтеме жасай отырып, «Қазақтелеком» АҚ-ына Kcell акцияларын иемдену үшін 180 млрд теңгеден астам қосымша қаржы керек болатынын хабарлады. Ал «Қазақтелеком» квазимемлекеттік субъект болып табылады.

«Мемлекетке ел экономикасындағы өз үлесін азайтып, өсуіне жол бермеу керек қой. Мамандардың пікірінше, «Қазақтелеком» АҚ-ына КсеII-дің 75% акциясын сатып алуға келісім беру мемлекеттің монополияға қарсы реттеу бойынша саясатына қайшы келеді. Мұндай ауқымды монополия және экономикалық шоғырлану қатардағы пайдаланушылар үшін тарифтерді өсіруге әкелуі мүмкін. «Қазақтелеком» нарықта өз шарттарын ұсыну мүмкіндігіне толықтай ие болады», – деген мәжіліс депутаты осы мәміле бойынша қалыптасқан қоғамдық үнқатысты ескере отырып, ұлттық экономика министрінен «бәсекелестіктің шектелуіне және халық пен басқа да пайдаланушылар үшін тарифтердің ықтимал арттырылуына жол бермеуді» сұрады.

Ал парламенттің жоғарғы палатасы биігінен дәл осындай алаңдаушылықты білдірген сенатор Әли Бектаев енді тікелей үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жүгініп отыр.

«Бұл мәміле ұялы байланыс қызметі нарығына қалай әсер етеді деген сауал тұтынушыларды толғантуда. Kcell мәліметтері бойынша бүгінде оның Қазақстанның ұялы байланыс қызметтері нарығындағы үлесі 39%-дан асады. Егер оны «Қазақтелеком» сатып алар болса, онда «Қазақтелекомның» Алтел/Теlе2 біріккен компаниясына инвестиция салып жатқанын есепке алғанда, квазимемлекеттік компанияның жиынтықты үлесі 65%-дан аспақ. Бұл қауіптерді тағы бір жайт қоюлата түседі: «Самұрық-Қазына» жария еткендей, оған тиесілі «Қазақтелеком» акцияларының 51%-ы ІРО-ға шығару жолымен емес, стратегиялық серіктеске өткізу жолымен сатылмақ. Ал онысы акциялардың барлық бақылаушы пакетінің сатылуын білдіреді», – дейді Әли Бектаев.

Өз кезегінде Kcell ақпарат құралдарына мәлімдеме таратқан жоқ. Telia еуропалық телекоммуникациялық холдингінің өкілі Ральф Багнер болса, компанияның аяқталмаған мәмілелерге түсініктеме бермейтінін айтумен шектелді.

Бақыт Көмекбайұлы