banner

Куәгер қансырап жатқан Денис Тенді суретке түсіріп, таныстарына таратып жіберген

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2745

Денис Теннің өліміне қатысты өткен сот барысында Оксана Тен "қылмыстық іске қатыстырылмағандар да жауапқа тартылсын" деп мәлімдеді.

Куәгер қансырап жатқан Денис Тенді суретке түсіріп, таныстарына таратып жіберген

Бұл арада, Теннің анасы оған алғашқы болып көмек көрсеткен Әнел Ибраеваның қансырап жатқан Денисті суретке түсіріп, оны тамыр-таныстарына ватсап желісі арқылы таратып жібергенін айтты.

"Ол көліктегі іскерлік кездесуінен кейін жұмысына асығып кеткен. Алайда асығып тұрғанына қарамастан, ол Құрманғазы көшесінің бойымен жаяу кетеді. Бірақ неге екені белгісіз, ол әрең тыныстап жатқан Денистің суретін оның таныс қызына жібереді. Бұл әрекеттер қарапайым әйелге сай емес деп санаймын", – деді Оксана Тен.

Ұлының жағдайын анасына алғаш болып хабарлаған да Әнел Ибраева екен. Одан бөлек, Денис соңғы рет дәм татқан "Гедонист" дәмханасының жалдаушысы Ғазиз Уәлихановтың ісі де күдік тудырады. Ғазиз Алматыға Ницца қаласынан Денис қаза болатын 19 шілде күні таңғы сағат 4-те ұшып келіпті. Тергеу амалдары кезінде ол бұл сапарын дәмханаға желдеткіш орнату үшін ұшып келдім деп түсіндірген.

Одан бөлек, "Гедонист" дәмханасының директоры Руслан Хайруллаевқа қатысты деректер де құқық қорғау орындарының назарынан қалыс қалып отыр.

Оларға Денис қаза болған жер дәмхананың терезесінен анық көрінеді. Тіпті дәмхананың камерасында да Хайруллаевтың терезеге жиі-жиі қарағаны сақталып қалған Сот отырысы барысында Арман Құдайбергеновтің 2018 жылдың мамырынан бастап көліктердің айналарын ұрлап, оны базардағы белгісіз тұлғаға 40 мың теңге көлемінде саудалап жүргені анықталды.

Күдікті көлік айнасын ұрлағаны үшін жәбірленушінің 400 мың теңге деп көрсеткен шығынымен келіспейтіндігін және айнаның бағасы ондай қымбат тұрмайтындығын айтты.

"Мен ұрлық жасағанымды мойындаймын. Маған ақша қатты қажет болды. Алматыда жүргенде ақша жинап жүрдім. Жинаған қаражатымды Астанадағы анама бергім келді. Астанада ақшам қалмады. Тұратын жерім де болған жоқ. Тағы қылмыс жасасам, полицейлер ізіме түсетінін білдім. Сол үшін Алматыға кеттім", – деді Арман Құдайбергенов.

Сөзінің соңында Арман Құдайбергенов көлік айнасын ұрлауды қайдан үйренгенін айтты. "Оның бәрі интернетте тұр. Содан үйрендім", – деді сотталушы.

Күдікті Нұралы Қиясов көпшіліктен тағы кешірім сұрады. Сот отырысында сөз сөйлеген ол болған жайттар үшін қатты өкінетінін айтты.

"Қорғаушыммен толықтай келісемін. Болған жайттар үшін қатты өкінемін. Білемін, біздерді кешіру оңай емес! Бірақ, сонда да барлығынан кешірім сұраймын. Тек қорғаушымның айтқан сөздерімен келісемін. Басқа айтарым жоқ", – деді Қиясов.

Күдікті Жанар Толыбаева өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.

"Маған тағылған айып – 434-бап бойынша "жасалғаны анық белгілі қылмыс туралы хабарламау" болып тұр. Бұл жетінші томда "қазаға ұшыратқанын анық көріп отырып, хабарламаған" деп жазылған. Бірақ, олар менің көзімше пышақ салған емес. Радиодан да "Денистің қалай қансырап жатқанын көріп, кетіп қалған" деп отыр. Мен ешқандай қанды көрген жоқпын. Нақты қалай, кімнің пышақ сұққанын көрмедім", – дейді Толыбаева.

Сондай-ақ, Толыбаева қылмыс орнына қайтадан бармағанын атап өтті.

"Мен көліктің тұрған жеріне дейін бардым. Көлік орнында жоқ болғаннан кейін хабарласа бастадым. Сол кезде маған келесі көшемен төмен қарай түсе бер дегенде, мен Назарбаев көшесіне дейін ғана жеттім. Қылмыс болған орынға, Құрманғазы-Байсейітова көшесіне қайта келмедім. Мен қазаға ұшыратқанын анық көрмедім. БАҚ өкілдерінен естігенім рас, бірақ ол кезде Қиясов Нұралыны ұстаған болатын", – деді күдікті.

Күдікті Денистің анасын түсінетінін де жасырмады.

"Әрине, бұл өте қайғылы жағдай. Ауыр жазаға тартатындай, ауыр қылмыс жасадым деп ойламаймын. Мен Оксана Алексеевнаны ана ретінде түсінемін. Қанша сөз айтса да, көтеруге дайынмын. Маған желтоқсан айында ЛА 155/18 мекемесіне адамдар келді. Сол кезде мені сот болардың алдында қорқыта бастады. Бостандыққа шықсам да, лагерьге барсам да жағдайымның қалай болатынын білмеймін. Айтқым келмеген, бірақ қылмыстық ұйымды басқарған сен деп отырған соң сот отырысында соңғы сөзім ретінде айтуды ұйғардым", - деп жылады Толыбаева.

Бүгінгі отырыста тергеумен айналысқан Астана полиция басқармасының анықтаушысы Фариза Разбековадан сұрақ жауап алынған болатын. Полиция қызметкері қылмыскердің неге бостандыққа жіберілгенін түсіндірді. Одан соң Оксана Теннің адвокаты Нұрлан Өстеміров қылмыскерге қатысты бұлтартпау шарасын қабылдауда өрескел заң бұзғаны үшін полиция қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады.

Теннің отбасының қорғаушысы Нұрлан Өстеміров 39 томды қамтыған іс материалдарымен танысу барысында, жалпы саны 14 үйлеспеушілікті анықтағанын, оған назар аударылмай отырғанын айтты.

Сотта сөз алған анасы ұлы Денистің Алматыға сирек және қысқа мерзімге келетінін еске салып өтті. Сол күні "Гедонист" дәмханасына сыныптасы Руслан Хайруллаев шақырған. Бірақ ол тергеуге шақырылған кезде Денисті дәмханасынан көріп, таң қалғанын айтыпты. Бұл туралы анасы "Денистің жұмыс, кездесу кестесі алдын ала белгіленіп қоятын. Ұлым нақтылыққа басымдық беретін. Мен дәмхана директорының Денисті кездейсоқ көрдім" дегеніне сенбеймін", – деп өз ойын білдірді.

Анасының пайымдауынша, күдіктілер Денистің сол күнгі жұмыс кестесін, жүру бағытынан алдын ала хабардар болып, жоспарларын соған қарап үйлестіріп отырған

"Тағы да қайталаймын, бұл тапсырыспен орындалған қылмыс. Денистің жеңісі кейбір адамдарға жақпады. Күдіктілер көліктерін қылмыс болған жерге 450 метр қашықтықта қалдырып, ұлымның дәмханадан шығуын күткен. Себебі көліктің оң жағындағы айнасын алдын ала алып, екінші айнаны Денистің көз алдында шешіп алуды алдын ала тойластырған. Бұл Денисті ұрысқа шақыру үшін ойластырылған амал. Себебі бірде-бір ұры көліктің айнасын оның иесінің көзінше алмайды. Соңғы сәтте Дениспен арадағы жанжалға Қиясов араласып, қара саннан пышақ ұрған. Оқиға болған соң ертесіне ол куәгер Сәдуовтан (ұрланған заттарды базарда саудалаушы) 5 мың АҚШ долларын сұраған. Қылмыскерлерге көместесіп отырғандар мен мен арандатушыларды жауапқа тарту керек. Біз келтіріп отырған дәлелдерге көңіл бөлінбей отыр", — деді Оксана Тен.

Сот барысында прокурор Қуандық Досов үш сотталушыны жалпы алғанда 44 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады,

"Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Күндіз, халықтың көзінше адам өлтіру қылмысына заң бойынша ең ауыр жаза қолданылуы керек.Осы қылмыс қоғамдық тəртіпті сақтау саласындағы көптеген мəселелерді ашты. Жүргізілген сотқа дейінгі тергеу барысында сотталушыларға тағылған айып толығымен дəлелденді деп санаймын. Арман Құдайбергеновті ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімі, 192-бабының 2-бөлімімен, 99-бабының 2-бөлімімен айыпты деп тауып, оны түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыруыңызды сұраймын. Нұралы Қиясовты ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлімімен, 99-бабының 2-бөлімімен айыпты деп тауып, оны түпкілікті 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Екеуінің əрқайсысынан 30 АЕК көлемінде айыппұл өндіруді сұраймын.

Жанар Толыбаеваны жүктілігі мен 4 жастағы баласының барын ескере отырып, ҚР ҚК 58-бабын қолдана келе ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлімі, 434-бабымен айыпты деп тауып 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Ол жазасын орта қауіпсіздіктегі жазалау орнында өтесін", – деді прокурор Қуандық Досов.

Ал Оксана Тен судьяға өз өтінішін жеткізді. Ол сотталушыларға тағылған баптарға қосымша қосуды сұрады. Атап айтқанда, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі, 8 тармағы – жалданып адам өлтіру туралы бапты қосуды сұрады. "Осы мəселеге байланысты Алматы қалалық прокурорының атына сотталушыларға ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімі, 8 тармағы – жалданып адам өлтіру деген айыпты тағу туралы жеке қаулы шығаруыңызды сұраймын",– деді Денистің анасы Оксана Тен.

Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы соттан жәбірленушілерге өтемқы төлеу қорының пайдасына Құдайбергенов пен Қиясовтан 30 АЕК көлемінде – 75 мың 750 теңге, Толыбаевадан 20 АЕК көлемінде –50 мың теңге ақша өндіріп алуды сұрады.

Сот барысына әлі нүкте қойылған жоқ.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу