Күнгейі мен көлеңкесі көп кешен

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3670

Abu Dhabi Plaza кешенінің бас мердігері салықтан жалтармақ болды.

Күнгейі мен көлеңкесі көп кешен

Құрылысы сағызша созылып келе жатқан Abu Dhabi Plaza кешенінің бас мердігері салық төлеуден жалтарғаны үшін Астана прокуратурасының назарына алынды.

Arabtec Consolidated Contractors Limited компаниясының Астанадағы бөлімшесі табыс салығын тиісті сомадан аз төлеу үшін салық органдарына жалған декларация тапсырған. Құжатта жұмысшыларға төленетін жалақы қоры 1 млрд теңге деп көрсетілген. Шындығында жалақы қоры 4 млрд теңгені құраған.

"Компания бюджетке төленуге тиісті салықты қысқарту үшін жалақы қорын қасақана 3 есе төмен етіп көрсеткен", – деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Прокуратура өкілдерінің мәлімдеуінше, World Monitoring компаниясы да салық төлуге салғырт қараған. Сөйтіп салық органдарына ешкімге, ешқандай ақша төлемейтіні туралы декларация тапсырған. Алайда компания жұмысшыларға 136 млн теңгеден артық ақша төлеген.

Прокуратура заңға қайшы әрекетке барған компанияларды салық төлеуге мәжбүрледі. Осылайша мемлекетке салық түрінде 630 млн теңге кіріс кірді.

Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылы Қазақстан мен БАӘ Орта Азиядағы ең биік ғимарат – Abu Dhabi Plaza кешенінің құрылысын бастау туралы келісімге қол қойды. Аталмыш кешенге  қатысты мәселе парламентте талқыланып, оған "Ғасыр құрылысы" деген ат берілді. Құрылыс барысында инвестор-компания ҚҚС мен корпоративті табыс салығынан босатылатыны  айтылды.

320 метрлік 88 қабатты кешеннің құрылысы 2010 жылы басталып, 2016 жылы аяқталуға тиіс болды. Уақыт өте келе бұл мерзім 2017 жылға жылжытылды. Алайда құрылыс күні бүгінге дейін жалғасып жатыр.

Бұған дейін бұл жерде бірнеше рет өрт болды. Әу баста 88 қабат болады делінген кешендегі қабат саны 75-ке қысқарды. Айтпақшы халық кешенде жұмыс істеп жүрген шетел азаматтары мен қала тұрғындары арасында төбелес болғанын да ұмытқан жоқ. Осы аз болғандай, компанияның бас мердігері салықтан жалтарды. Түптің түбі Abu Dhabi Plaza кешені қолданысқа берілгенде осының барлығы қайта-қайта еске түсетін болады.  Бұл – Abu Dhabi Plaza тәуелсіз Қазақстан тарихына күнгейі мен көлеңкесі көп кешен ретінде енеді деген сөз.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу