banner

Күннің қазіргі күйіне климат кінәлі

5727

Ғалымдар Грекиядағы алапат өртке климаттың өзгеруі себеп болғанын жариялады.

Күннің қазіргі күйіне климат кінәлі

Арктикадан Жапонияға дейінгі аралықта немесе жер шарының теріскей бөлігінде кейінгі апталарда ауа температурасы рекордтық деңгейге дейін көтерілді. Ал Грекия үшін аптап ыстық таңсық емес. Бірақ биыл бұл мемлекетте күн тіпті шыжып, алапат өрттен 82 адам қаза тапты.

Солтүстік Еуропаға ойыссақ, бұл аймақ үшін күннің дәл осылай қызуы ерекше құбылыс. Дүниежүзілік метеорология ұйымының (ДМҰ) болжамынша, Ирландиядан Скандинавия мен Балтық елдеріне дейінгі кеңістікте температура әрі қарай көтеріліп, тамыздың алғашқы күндеріне дейін маусымдық рекордты жаңарта бермек.

Швецияда шілде соңғы 250 жылдағы ең ыстық ай болды. Қатты ыстықтан бұғы бағушылар сұмдық зардап шекті. Олардың жайылымдық жерлері қурап, ормандары өртеніп кетті. Экономикаға жүздеген млн доллар шығын келді. 

Жапонияда ондаған адам қаза тапты. Премьер-министр Синдзо Абэ үкіметі шілденің шіліңгірін "бұрын-соңды болмаған ыстық" деп сипаттады. Ал Калифорнияда сынап бағанасы 48,9 градусқа дейін жоғарылап, рекорд жаңартты.

"Бұрын планетаның кейбір аймақтарында ғана күн күйіп тұратын. Биыл тұтастай Солтүстік жарты шар ыстық болды. Ғажап құбылыс!" – дейді Потсдамдағы климат әсерлерін зерттеу институтының профессоры Андерс Леверманн "Франс пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Климат зерттеушісі, француз ғалымы Жан Жозельдің сөзінше, әрбір жекелеген оқиғаға адамның тікелей қатысы бар деп айту қиын. Ал ДМҰ бас хатшысының орынбасары Елена Манаенкованың ойынша, соңғы апталардағы температура деңгейі көмір қышқыл газының ауаға тарауынан туындаған климаттық өзгеріс кезіндегі температурамен бірдей екен.

Былтыр желтоқсан айында Американың метеорологиялық қоғамы жариялаған бюллетенде келтірілген қорытындыға жүгінсек, 2016 жылы бүкіл әлемде температураның рекордтық дәрежеге дейін көтерілуіне және Азияны аптап ыстық жайлауына ғаламдық жылыну процесі себеп болған.

"Соңғы үш жылды - тарихтағы ең ыстық жылдар деп айта аламыз. Егер көмір қышқыл газының атмосфераға тарауын қысқартпасақ, планетада күн әрі қарай да қыза береді", – деді Андерс Леверманн тағы бір сөзінде.  

Әлемдік ауарайын анықтау жобасы зерттеушілерінің есебінше, климаттық өзгеріс бүгінде Солтүстік Еуропадағы ыстықты өзінің нормасынан екі есеге күшейтіп отыр. Бірақ олар мұны ыстық күндер аяқталғанша жарияланған сараптаманың алдын-ала қорытындысы ғана деп ескертті.

Алдағы онжылдықтардан не күтеміз?

БҰҰ климаттың өзгеруін сараптау тобының мәлімдеуінше, 2012 жылы жарияланған баяндама алдағы онжылдықтардағы ауарайының қатаң мінездеріне қатысты болжамдарды модельдеумен шектелді. Әлем 2015 жылғы Париж климаттық келісіміне сәйкес, мөлшерден тыс температура деңгейін 2 градустан асырмаған жағдайдың өзінде адамзат жер шарының ұлан-ғайыр аумағында аса қатты қуаңшылықтан, аптап ыстықтан, су тасқындары мен дауылдардан қашып құтыла алмайды.   

Өткен жылы Nature Climate Change журналында жарық көрген зерттеуге жүгінсек, Париж келісімінде көрсетілген шектеулер орындалса да, 2100 жылға қарай жер тұрғындарының қазіргідей 30%-ы ғана емес, жартысы ыстықтан зардап шегуі мүмкін.

"Жыл сайын біз Ресейден Жапония мен Францияға дейінгі аралықтағы температураның рекорд жаңартқанын көрейін деп отырмыз", – дейді Жан Жозель.

Оның сөзінше, 2003 жылы Еуропада 70 мың адамның өмірін жалмаған аптап ыстық 2050-2060 жылдары қалыпты құбылысқа аналып кете ме деген қауіп бар.  

Еуропа комиссиясы мәлімдегендей, 2017 жылы Еуропада орман көп өртеніп, Португалия, Испания, Италияда 800 мың гектар жерді жалын шарпыған. Сонымен қатар осы комиссияның PESETA II деген баяндамасына сүйенсек, планетада климаттың қаншалықты тез жылынуына байланысты Оңтүстік Еуропада өртке осал территориялардың көлемі XXI ғасырда 50-100% аралығында болады.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу