banner

Құны қымбат "Kcell"

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2738

"Қазақтелеком" ұялы байланыс операторын 338,8 млрд теңгеге сатып алмақшы.

Құны қымбат "Kcell"

"Қазақтелеком" Kcell ұялы байланыс операторын сатып алады" деген әңгіме  2017 жылдың желтоқсан айында басталды. Ал 2018 жылдың қаңтар айында "Қазақтелеком" Kcell компаниясы акциясының 75%-ын сатып  алу туралы өтініш берді" деген ресми ақпарат жарияланды.

Бүгінгі таңда Kcell-дің нарықтық құны 338,8 млрд теңгені құрап отыр. "Қазақтелеком" оны барлық қарызы және міндеттемесімен қоса сатып алмақшы.

"Қазақтелеком" АҚ  өкілі Каспарс Кукелис ұялы байланыс операторлары нарығында "Kcell" ұялы байланыс желісін сатып алуға кезекке тұрғандардың көп емес екенін айтады. Оның сөзінше, "Қазақтелеком" нарықтағы ең рациональды ойыншы, олардың ұстанымында фантазияға орын жоқ, компания тек  фундаменталды бағыттарға ғана басымдық береді. "Қазақтелеком" көрсетілген соманың бір бөлігін өз капиталымен, екінші бөлігін инвестициядан түскен ақшамен өтемекші.

"Beeline Kazakhstan" АҚ бас директоры Александр Комаров "Қазақтелеком" мен "Kcell" арасындағы мәміле нарықта енді қалыптасып келе жатқан үйлесімділікті жоюға бағытталған деп есептейді. Себебі осыған дейін ұялы байланыс нарығының  барлық ойыншылары нарықтағы орындарынан айырылып қалмас үшін бір-бірімен бәсеке жағдайында жұмыс істеген.

"Ұялы байланыс нарығының монополиялануы технологиялық дамуды тежейді. Ойыншылар байланысты жоғары деңгейде ұстап тұру үшін бағаны қымбаттатуға мәжбүр болады. Мұның соңы ұсақ компанияларды ірі компаниялардың жұтып қоюымен аяқталады. Ұялы байланыс операторлары арасындағы технологиялық бәсекелестіктің қандай деңгейде екенін абоненттердің білмеуі  мүмкін. Біз "Kcell" мен "Beeline" "Altel/Tele2" деңгейінен төмен тұрмауы үшін инвестиция салдық. Бәсекелестікті агрессивті түрде дамыттық. Бұған қажеттілік болған жоқ. Бірақ клиенттер үшін тиімді болғандықтан біз осы қадамға баруға бел будық. Сөйтіп байланыс аясын кеңейттік", – деді Александр Комаров.

Ол "Beeline" нарықта көшбасшылық тізгінде болса неге "Kcell" компаниясының  үлесін сатып алуға тырыспады деген abctv.kz тілшісінің сауалына: "Мәселе осыған дейін тек ауызша талқыланды. Бұған қоса компаниялардың басым көпшілігі антимонополия комитетінің: "Мұндай мәміленің болуы мүмкін емес, біз оған жол бермейміз!" деген уәдесіне сеніп қалды", – деп жауап берді. Ал "IKS Consulting" компаниясының Қазақстандағы өкілі Светлана Черненко: "Басқа компаниялардың бұл нарыққа араласуына шектеу болуы мүмкін. Мұндай шешімнен саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Бұл шешім телеоператорлар нарығындағы табыс сыртқа кетпесін, елде қалсын деген ізгі ниеттен туған болуы керек", – деді.

"Beeline Kazakhstan" АҚ бас директоры Александр  Комаров "Қазақтелекомның"  КсеII компаниясын сатып алуы экономикалық тұрғыда қазір тиімді болса да, болашақта кері әсері етуі әбден мүмкін екенін нақтылау үшін мінберге қайта көтерілді.

"Қазақтелекомның" қазіргі сыртқы  қарызы EBITDA көрсеткіші бойынша 2,5-3 деңгейінде тұр. Бұл көрсеткіш  дәл қазір шектен шығу емес, бірақ қаржы нарығында өгеріс болса, бизнестің  экономикасы зардап шегуі мүмкін" , – деді ол.

Александр Комаровтың пайымдауынша, Қазақстанда "Қазақтелекомнан" басқа  байланыс операторларының барлығы екінші деңгейдегі ойыншы. Алайда олардың барлығы міндеттерін мінсіз атқарып отыр. 

"Нарықтағы қажеттілікті жабуға солардың ғана шамасы жетеді. Алайда көпшілігі "Қазақтелекомның" электронды алаңдарын қымбат бағаға жалға алып отыр", – деді Алекстандр Комаров.

"Қазақтелеком" өкілі  Каспарс Кукелис бұған жауап ретінде тариф өсіру  мәселесі күн тәртібіне қойылмағанын айтты.

"Kcell" бұрынғыдай ұялы байланыс нарығының негізгі ойыншысы болып қала береді", – деді Каспарс Кукелис.

Сарапшылар ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың: "Келесі жылдың басына дейін тіркелмеген абоненттер байланыс желісінен ажыратылады" деген пікірінің нарыққа әсерін де талқы таразысына салды.

"Beelin" компаниясы өкілдерінің айтуынша, министрдің  ұсынысы бойынша осы күнге дейін бірде-бір нақты шара қабылданбаған. Ұсыныстың бәрі пікір алмасу мен талқылау деңгейінде қалған.

"Біз технологиялық интеграциямен де, интригамен де бетпе-бет тұрмыз.   Миллиондаған абоненттер микро және макро әлеуметтік ұстаным үшін бір сәтте байланыс желісінен ажыратылады немесе мерзімін созу үшін кезекке тұрады. Мұны  арнайы жарлықсыз ұзартудың мың түрлі мүмкіндігі бар ғой, оны абоненттердің  бәрі біледі", – деді "Beelin" компаниясының  басшысы Александр Комаров.

Сарапшылардың көпшілігі "Kcell" акциясын сатып алу "Қазақтелеком" үшін тиімді болады деген уәжге тоқтады. Себебі "Kcell" компаниясының қожайыны  –  "Telia"  швед компаниясы жақын күндері тек Қазақстаннан емес, Еуразия нарығынан кетуі мүмкін. Шетелдік компанияның мұндай шешім қабылдауына қазақстандық телекоммуникация нарығындағы жайсыз жағдай себеп болған.

Айта кетейік, 2017 жылдың қорытындысы бойынша "Kcell" компаниясының табысы 20%-ға арзандаған. Мұны бұрынғы қожайын нөлдік деңгей деп бағалаған. Осыған қарамастан компания шығынды капитализациялау деңгейін түсірмеген. Есесіне компания нарықтағы орнын сақтап қалған.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу