Құралбек Ордабаев: Құрама сапына кімді шақырады, Стойлов оны өзі біледі

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4597

Қазақ футболының әйгілі қақпашысы ұлттық құраманың бас бапкерін қолдайды.

Құралбек Ордабаев: Құрама сапына кімді шақырады, Стойлов оны өзі біледі Фото: fckairat.com

Кеше футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стойлов биылғы жылғы алғашқы жиынға шақыртқан футболшыларының тізімін жариялады. Бұл құраммен жаңа бапкер 23 наурыз күні Будапештте Венгриямен, ал 26 наурызда Венгрияның Фельчут қаласында Болгария құрамасымен жолдастық кездесулер өткізуі керек.

Бір қызығы, ұлттық құрама сапына шақыртылған футболшылардың дені – "Астана" және "Қайрат" клубтарының ойыншылары. Тек үш шабуылшы ғана басқа клубтардан шақырту алған. Кешеден бері отандық аяқдоп жанкүйерлері осыны қызу талқылап жатыр. Осыған орай, біз қазақтың әйгілі ардагер-қақпашысы Құралбек Ордабаевпен хабарласқан едік.

– Құрал-аға, ұлттық құраманың сапына шақыртылған футболшыларымыздың тізімін көрген шығарсыз. Не айтасыз, сіздің ойыңызды білгіміз келіп еді?     

– Ұлттық құраманың тізгінін Станимир Стойловқа сеніп тапсырдық. Енді ол құраманы өзі жасақтайды. Кімді шақырады, қалай ойнайды – оны өзі біледі, өзі шешеді. Бұл бас бапкердің – айрықша құзыреті. Өйткені, ол бар жауапкершілікті өз мойнына алып отыр. Сондықтан құраманы өзінің тактикасына қарай жасақтайды. Әрі командасымен, көмекшілерімен ақылдасып, құрама сапына дәл қазіргі таңдағы ең дайын футболшыларды шақырып отыр.

Менің ойымша, қыркүйекке дейін әлі талай өзгеріс болады. Құрама есігі барлық футболшылар үшін ашық. Өз қабілеттерін көрсете біліп, әлеуеттерінің зор екендігін дәлелдей білген футболшыларға да мүмкіндік беріледі деп ойлаймын. Бұл тек бірінші жиынға, алғашқы жолдастық кездесулерге шақыртылған футболшылар тізімі.

– Сіз қақпашысыз ғой. Басқа шепке тиіспей, қақпашылар жайлы сөз қозғазақ. Құрама сапына шақыртылған үш қақпашы дәл қазіргі таңдағы ең үздіктеріміз бе? Ешкім қалып қойған жоқ па?    

– Бас бапкер дәл қазіргі таңдағы ең дайын қақпашыларды шақырып отыр. Өзі білетін жігіттерге сенім артуды жөн көрген. Станимир Стойловтың қазіргі басты мақсаты – ұлттық құраманың негізін қалау. Ал ұлттық құраманың негізін қалайтын футболшылар саны 8-10 ойыншы болуы мүмкін. Ал қалғандарын спорттық баптарына қарай ауыстырып отырады. Маусым енді басталды. Бас бапкер дәл бүгінгі күні халықаралық аренада ойнауға дайын, тәжірибелері бар футболшыларды шақыртып отыр. Қақпашылар да солай. "Астананың" қақпашыларын өзі жақсы біледі. Жыл басынан бері көз алдында жүр. "Қайраттан" Владимир Плотниковті шақырыпты, оның да әлеуетін, қазіргі дайындығынан хабардар, көріп жүр.

– Қазіргі таңдағы Қазақ елі футболындағы ең сенімді және тәжірибелі қақпашылар кімдер? Маман ретінде, сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Қай қақпашыларды үздік деп санайсыз?

– Қазақстан чемпионаты енді ғана басталды. Өткен жексенбіде бірінші турдың ойындары өтті. Сондықтан қақпашыларға баға беру – әлі ерте, тым ерте. Тым болмаса, төрт тур өтсін. Сонда қазіргі таңдағы спорттық баптары мен шеберліктеріне баға беріп, саралауға болады.

– Уақытыңызды бөлгеніңіз үшін рахмет, аға.

Тұздық

Енді Станимир Стойловтың Венгрия және Болгария құрамаларымен додаға түсетін Қазақстан ұлттық құрамасының сапына шақыртқан футболшыларымен таныс болыңыдар:

қақпашылар – Ненад Эрич, Александр Мокин (екеуі де – "Астана"), Владимир Плотников ("Қайрат");

қорғаушылар – Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Дмитрий Шомко, Сергей Малый, Евгений Постников (бәрі де – "Астана"), Елдос Ахметов, Нұралы Әліп, Ғафуржан Сүйімбаев, Станислав Лунин (бәрі де – "Қайрат");

жартылай қорғаушылар – Бауыржан Исламхан, Исламбек Қуат, Георгий Жуков, Магомед Парагульгов (бәрі де – "Қайрат"), Серікжан Мұжықов, Бактиер Зайнутдинов, Юрий Перцух (бәрі де – "Астана");

шабуылшылар – Еркебұлан Сейдахмет ("Уфа", Ресей), Еркебұлан Тұңғышбаев, Сергей Хижниченко (екеуі де – "Ордабасы"), Алексей Щеткин, Роман Муртазаев (екеуі де – "Астана").

Резерв:

қорғаушылар – Дмитрий Мирошниченко, Виктор Дмитренко (екеуі де – "Тобыл"), Александр Марочкин ("Қайсар").

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу