Құрамамыз Жаңа Зеландияны ойсырата ұтты

951

Бозбалалар арасында 7-13 мамыр аралығында өтіп жатқан Juniors Davis Cup әлем чемпионатының іріктеу турниріне 16 команда қатысуда.

Құрамамыз Жаңа Зеландияны ойсырата ұтты

Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында теннистен әлем чемпионаты Азия - Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Қазақстандықтар Juniors Davis Cup әлем чемпионатының іріктеу турнирінде D тобында Тайбэй, Өзбекстан және Жаңа Зеландия құрамаларына қарсылас атанды.

Бүгін, 8 мамыр күні Сергей Квактың шәкірттері Жаңа Зеландиямен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Қазақстан намысын Әмір Омарханов (Қарағанды), Заңғар Нұрланұлы (Түркістан), Дамир Жалғасбай (Алматы) қорғауда. Алдымен Заңғар Нұрланұлы 58 минутта Фин Уилманды тізе бүктірді – 6:0, 6:1. Әмір Омарханов та қалыспай, Кай Милборнды 6:1, 6:2 есебімен ұтты. Содан кейін Әмір Дамир Жалғасбаймен бірге жұптық сында қарсыластарын қапы қалдырды – 6:3, 6:2. Ертең, 9 мамыр күні қазақстандықтар Қытайлық Тайбэй командасымен кортқа шығады.

Сонымен қатар Каталонияда (Испания) 12 жасқа дейінгілер арасында өткен халықаралық турнирде 11 жасар қазақстандық Мәриям Нұржан чемпион атанды. Алдымен жеңімпаздар Каталонияның төрт провинциясында анықталды. Содан кейін олар өзара бақ сынасты. Мәриям Нұржан Каталонияның бірінші ракеткасын 7:6 (7:3), 3:6, 10:3 есебімен ұтып, беделді жарыста үздік атанды. Қазақстандық спортшыға жүлдені Испанияның атақты теннисшісі, кезінде "Үлкен дулыға" турнирін 14 рет ұтқан Аранта Санчес Викарио табыс етті.

Бішкекте 14 жасқа дейінгілер арасында ATF додасында тағы бір қазақстандық Аңсар Ниетқалиев жекелей және жұптық сында финалға дейін жетті. Аңсар жұптық сында қазақстандық Александр Софрыгинмен бірге ойнады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу