Құрылыс қарқыны халықтың өсім қарқынына ілесе алмай келеді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
19306

Мемлекеттік ипотека құрылыс секторын құтқарып қалды.

Құрылыс қарқыны халықтың өсім қарқынына ілесе алмай келеді

Бір жылдың ішінде баспанаға төлем қабілетті сұраныстың көлемі 11% артты. Осыған орай жаңа үйлердің бағасы 4,4 пайыз қымбаттап, шаршы метріне 254 мыңнан 265 мыңға дейін көтерілді. Ал қайталама нарықтағы баспана бағасы 1,5 пайыз арзандап, 187 мыңнан 184 мыңға дейін төмендеді.

Биыл үйге сұраныстың артуына "Баспана" мемлекеттік бағдарламасының ашылуы себеп болып отыр.

Бағдарлама шілде айында басталған. Нәтижесінде содан бергі ай сайынғы сұраныс көлемі былтырғыдан орташа есеппен 15 пайызға ұлғайып келе жатқаны байқалады. Жалпы, осы үш ай ішінде екінші деңгейлі банктер аталған ипотека бойынша жалпы құны 31,8 млрд теңгеге 2658 өтінімді мақұлдаған екен.

Төлем қабілеті орташа орта тап өкілдерінің осы бағдарлама бойынша жаппай үй ала бастауы нарықта эконом санаттағы арзанүйлерге деген сұранысты арттырды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген мемлекеттік баспана бағдарламаларына кезекте тұрғандар саны 2,6 жылдан 2017 жылға дейін 2,5 млн адамнан 2,8 млн-ға көбейген. Әрине, алдағы уақытта бұл көрсеткіш әлі де өсе түсетіні белгілі. Оған себеп демографиялық өсім мен жаппай урбанизация.

Осылайша, әзірге тұрғын үй құрылысының өсім қарқыны халықтың өсім қарқынына ілесе алмай келе жатыр. Биылғы үш маусымда ұзын саны 77 мың пәтер пайдалануға берілген екен. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 10 пайызға артық. Алайда, сұраныстың көбейгенін ескерсек, бұл өсім тым төмен. Мәселен, үйге кезекке тұрғандар саны 300 мыңға артса, жаңадан салынған пәтерлер бар болғаны 7 мыңға көбейген.

Нарықтың өзі көрсеткендей, 2016 жылдары ипотекалық несиеге деген сұраныс төмендеп кетті. Ал 2017 жылдан бастап ипотека нарығының негізгі драйвері мемлекеттік бағдарламалар болды. Бұл өз кезегінде эконом санаттағы үйлердің көптеп салынуына жол ашты.

Сонымен қатар, соңғы кездері үлескерлік құрылысқа ақша салушылар да азайды. Оған себеп компаниялардың алаяқтық жасап үлескерлерді "лақтырып" кету деректерінің көбеюі де түрткі болған болуы мүмкін.

Айта кетейік, соңғы бірнеше жыл бойы қарқыны көбейген құрылыс саласы 2018 жылдың алғашқы айларында сәл бәсеңдеп қалған еді. Дегенмен, сәуір айында "7-20-25" бағдарламасы ашылғаннан кейін тұрғын үй құрылысы қайта жандана бастады.

Қазіргі таңда құрылыс секторына қаржы жетіспей жатқаны ертеректе де айтылған еді. Банктер қаржыландыруды азайтты. Құрылысқа салынған ақшаның 80,8 пайызы қазіргі таңда құрылыс компанияларының өз қаражаты. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 67,4 пайыз болған еді. Демек, қазір үй құрылысы құрылыс компаниялардың ақшасы мен үлескерлердің қаражатына сүйеніп тұр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу