Құрылыс саласының үздіктері айқындалды

Құрылыс саласында елді асырап отырған белді компаниялар белгілі болды. Бір ғажабы, көш басында – ылғи шетелдіктер.

05 Тамыз 2018 12:49 Автор: Жанат Ардақ
Құрылыс саласының үздіктері айқындалды, құрылыс, салушылар, құрылыс компаниялары, рейтинг, салықтық төлемдер

Сарапшылар бұған таңданбауға шақырады, өйткені тәуелсіздік алған мемлекетімізге құрылыс саласындағы әлемдік озық технологияларды кезінде шетелдік компаниялар әкелген. Мәселен, Елбасы резиденциясындағы кеңестердің бірінде «Астанадағы ірі мемлекеттік объектілерді тұрғызуға мүмкіндік беруді» сұраған отандық беделді компания басшысының шағымына жауап ретінде Елбасы Ақорданың алып залын көрсетіп: «Осындай ортасында тірегі жоқ алып күмбезді ғимаратты салу қолдарыңнан келетін бе еді!» – деп ұялтқаны есте. 

Құрылыс секторы Қазақстан экономикасының аса маңызды әрі базалық алты саласының бірі болып табылады және оның көрсеткіштері тікелей еліміздің ЖІӨ-сін қалыптастырады. Оның үстіне ол халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету бойынша сауда саласынан кейінгі екінші орында тұр.

Қазіргі кезде, 2018 жылы құрылыс саласында 53 мың 996 компания тіркелген. Бұл жерде құрылыс компаниялары дегенде әдетте көпқабатты тұрғын үй салушылар ауызға бірінші ілігеді. Шынында, Қазақстанның құрылыс секторы 3 негізгі санаттан және 9 құрылыс жұмысы түрлерінен тұратынын ескерген жөн. Ол үш санатқа «нысандар құрылысы», «азаматтық құрылыс» және «мамандандырылған құрылыс жұмыстары» кіреді.

Тиісінше, экономикалық қызметінің жалпы классификаторына қарай әр салушы «411хх»-тен «439хх»-ке дейінгі ресми кодқа ие. Мәселен, тұрғын және тұрғын емес ғимараттарды тұрғызушыларға «412хх» коды, инженерлік инфрақұрылыммен айналысатындарға «422хх» коды, автокөлік не темір жол төсеушілерге «421хх» коды, ғимараттарды сүрушілер және құрылыс үшін алаңды әзірлеушілерге «431хх» коды, ғимараттарды әрлендіру жұмыстарымен айналысатындарға «433хх» коды беріледі.

Бұл бизнес еліміздегі ең қарқынды дамушылар қатарында. Мәселен, кейінгі бір жыл ішінде ғана 4 мың 216 жаңа құрылыс ұйымы тіркелген.

Сонымен бір мезгілде, оларға табыс табуға мүмкіндік беретін құрылыс жұмыстарының көлемі де 6,9%-ға ұлғайып, 3,4 триллион теңгеге дейін жетті. Құрылыс фирмаларының көбі екі басты қалада – елордамыз Астана мен Алматыда тіркелген. Одан кейінгі орынды Түркістан, Қарағанды және Алматы облыстары иеленеді.

Әйткенмен, бұл салада ірі компаниялар аса көп те емес. Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, секторда 57 ірі кәсіпорын бар. Олар 2017 жыл қорытындысында салық және басқа да міндетті төлемдер түрінде ел бюджетіне 75,6 миллиард теңге қаржы құйған. Бұл алдыңғы жылғыдан небары 2,6%-ға ғана көп. Бірақ 2013 жылмен салыстырсақ, қомақты: сол жылы осы құрылыс алпауыттары ел қазынасына бар-жоғы 27,6 млрд теңге қаржы аударған-тын.

Салықтық аударылымдардың күрт өсуі 2015–2016 жылдары байқалды. Бұған үш жыл бұрынғы девальвация мен ұлттық валютаның құнсыздануы, соның нәтижесінде нарықтағы теңгедегі бағалардың өсуі ықпал еткен. Бұдан бөлек, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының іске қосылуы, саналуан коды бар құрылыс компанияларының «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме кешенін салуға атсалысуы, «Қашаған» кенорнының өнеркәсіптік нысандарының бой көтеруі бұл нарыққа жан бітірген.

Ал былтырғы жыл басында бұл аталған құрылыстардың басым бөлігі аяқталды да, құрылыс тыныштала бастады. Нәтижесінде, тұрғын үй және коммерциялық нысандар тұрғызатын салушылар ғана салмақты өсімге қол жеткізді. Себебі, өткен жылы жалпы көлемі 11 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй кешені коммерциялық орынжайларымен бірге іске қосылған. Бұл тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан тарихындағы рекорд болып табылады. Тіпті бүкіл кеңес тарихында да осынша тұрғын үйдің бір жылда пайдалануға берілу оқиғасы сирек.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, 2017 жылы елімізде 3,48 триллион теңгеге құрылыс жұмыстары орындалған.

Бұл ретте отандық құрылыс саласының көшбасшысы атағын түркиялық «Sembol Construction» иеленіп отыр (толық атауы «Сембол Улусларарасы Ятырым Тарым Пейзаж Иншаат Туризм Санайи ве Тиджарет Аноним Ширкети»). Сәйкесінше, бюджетке салықтық түсімдердің көбін де сол төледі: 17,27 млрд теңге. Салыстыру үшін айтсақ, Астанадағы ірі құрылыстардың мол қаржысын игерген бұл кәсіпорынның ел қазынасына аударған қаражаты 2014 жылы бар-жоғы 1,83 млрд теңгені құраған болатын. Яғни, төрт жыл ішінде көрсеткіштері 9,4 есе артқан. Салығы бұдан да көп болар ма еді, алайда «Сембол Констракшн» «Астана – жаңа қала» АЭА аясында біраз салықтық жеңілдіктерге ие.

Салықтық төлемдер бойынша екінші тұғырға тағы да «Сенімді Құрылыс» ЖШС қонды, ол ел бюджетіне 8,06 млрд теңге салыпты. Рас, бұл көрсеткішін алдыңғы жылға қарағанда, 31,3%-ға кеміткен. Айта кету керек, аты қазақша болғанымен, бұл кәсіпорынды 2000 жылы түріктің ENKA құрылыс холдингі мен америкалық Bechtel бірлесіп құрған. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік Қазақстанның мұнай-газ секторында жобалаумен және инфрақұрылымдық объектілерді тұрғызумен шұғылданады.

«Үштікке» бұл жолы өзгелерді ығыстырып, Unex Stroy компаниясы ілігіп отыр. Оның бюджетке аударған салықтық төлемдері мен басқа да қаржылық міндеттемелері көлемі 6,73 млрд теңгеге жеткен. 2016 жылмен салыстырғанда, кәсіпорынның игерген қаржысы да, тиісінше, мемлекетке төлемдері де екі есеге ұлғайған. КИМЭП түлегі Илья Кензиннің және Юрий Епишевтің атына 2002 жылы тіркелген компания гидротехникалық құрылыстармен, магистралдық мұнай және газ құбырларын тартумен, жол салумен, сондай-ақ өнеркәсіптік және азаматтық нысандардағы жалпы құрылыс жұмыстарымен айналысады. Ол Астана, Алматы, Атырау, Ақтау қалаларында құрылыс жұмыстарының қомақты бөлігін еншілепті.  

Қазынаны толықтыруға үлес қосқан құрылыс компанияларының рейтингінде төртінші орынға 2003 жылы «Маңғыстаумұнайгаздың» ірі үш кәсіпорнын біріктіру арқасында пайда болған Oil Construction Company шықты: төлемі 4,46 млрд теңге, бір жыл бұрынғымен салыстырғанда, 73,9%-ға ұлғайған. Бұл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының құрылыс бизнесі болып табылады.

«Bazis Construction» 4,12 млрд теңге көрсеткішімен «бестікті» тұйықтайды. Төлемі 49,8%-ға кеміген: 2016 жылы 8,21 млрд теңге аударған болатын.

Рейтингке бұлар сыртында швейцариялық MABETEX GROUP-тың астаналық бөлімшесі – Mabсo Constructions S.A. фирмасы (3,89 млрд теңге, бір жыл бұрынғыдан 44,9%-ға жоғары), «Би-Ай Групптың» еншілес ұйымы «АБК Құрылыс-1» ЖШС (3,5 млрд теңге, екі есеге өскен), қытайлық мұнай-химия корпорациясының еншілес ұйымы Sinopec Engineering CO., LTD (2,95 млрд теңге, 3,3%-ға артық), өнеркәсіптік кешендерді тұрғызуға маманданған «Монтажспецстрой» АҚ-ы (2,15 млрд теңге, 13,6%-ға көп), сонау кеңес заманында, өткен ғасырдың 40-шы жылдарында құрылған, темір жол құрылысына бағдарланған «Мостоотряд-8» ЖШС (1,8 млрд теңге, 11,6%-ға кеміген) кіріп отыр.

Сарапшылар биылғы жылы Қазақстанның құрылыс саласының саналуан бағыттары әртүрлі дамиды деп болжауда. «7-20-25» бағдарламасының іске қосылуына байланысты тұрғын үй құрылысының қарқыны сәл де болса артады. Өнеркәсіптік құрылысты, темір жол және автокөлік жолдарын салу көлемдері көп ұлғаймай, тұрақтана бастауы ықтимал. Ал жобалау, әрлеу жұмыстарының көлемі артуға тиіс деп күтілуде.

Жанат Ардақ