Қымбат қонақүйлер қонақжай елдің тартымдылығының сау-тамтығын қалдырмады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
8100

Мемлекет қонақүйлерді, кемпингтерді, трейлерлік парктерді салықтардан босататын болды.

Қымбат қонақүйлер қонақжай елдің тартымдылығының сау-тамтығын қалдырмады

Инвестициялар және даму министрлігі "Инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асырудың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан үкіметінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 13 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" жаңа үкімет қаулысын жариялады. Ол бойынша премьер-министр Бақытжан Сағынтаев "инвестициялық басым жобаларды іске асыру үшін айқындалған қызметтің басым түрлерінің тізбесін" жаңа қызмет түрлерімен толықтыруды жүктейді.

Атап айтқанда, "тұруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтер" қатарынан қонақ үйлер көрсететін қызметтер, демалыс және басқа кезеңдерде тұрғын үйді қысқа мерзімге тұруға ұсыну, сондай-ақ кемпингтер, рекреациялық автопарктер және трейлерлік парктер қызметтері кіріп отыр.

Мұның сыртында, "спорт, демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру саласындағы қызметтер арасынан" спорт объектілерінің, спорт клубтарының, мәдениет пен демалыс бақтарының және тақырыптық бақтардың, сонымен бірге электрондық ойындары бар ойын автоматтарын қоспағанда, демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру жөніндегі қызметтің өзге де түрлері осы қатарға жатқызылды.

Үкімет қаулысына қоса берілген, инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қол қойған түсіндірме жазбада бұл өзгерістер арқасында Қазақстанның туристік саласы дамитыны, бұл секторға ірі инвесторлар тартылатыны, сала еліміздің жалпы ішкі өнімін (ЖІӨ) 2020 жылға қарай 3%-ға арттыратыны, жаңа жұмыс орындарының құрылатыны туралы айтады.

Нәтижесінде, бұл жаңа өзгерістер салаға шамамен 139 миллиард 100,1 миллион теңге жеке инвестициялардың құйылуына ықпал етеді деп болжануда. Сонымен қатар корпоративтік табыс салығы, жер салығы және мүлік салығы бойынша бюджеттің шартты жоғалтулары он жыл ішінде шамамен 11,2 миллиард теңгені құрамақ.

Бірақ егер жауапты шенеуніктер мен әкімқаралар барлығын лайықты деңгейде ұйымдастыра алса, салада қосымша 3 мың жаңа жұмыс орны ашылуға, ал мемлекеттік бюджет әлеуметтік аударылымдар мен еңбекақы қорынан табыс салығын төлеу есебінен он жыл ішінде 23,5 миллиард теңгеге толығады деп тұспалдануда.

Расында, егер қиюын тауып, оңтайлы өркендете білсе, туризм саласы бүкіл әлемде ең кірісті, аса ірі, үдемелі дамушы әрі болашаққа бағдарланған перспективті сала болып табылады. Дүниежүзілік туристік ұйымның дерегінше, бүкіл жаһандық ЖІӨ-нің 9%-ы дәл осы саланың еншісінде. Әлемдік тауарлар мен қызметтер экспортының 6%-ы жалғыз туризмге тиесілі. Оның үстіне дөңгеленген дүниеде әрбір 11-ші жұмыс орны дәл осы секторда құрылады.

Туризм қара басының қамын күйттемей, шағын және орта бизнес, телекоммуникациялар, көлік, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген салалардың гүлденуіне шапағатын тигізеді. Сөйтіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Жалпы адамзаттың ілгерілегені әрине, жақсы. Бірақ соның ішінде қазақ елінің халі нешік? Ел үкіметінің байламынша, "бай туристік-рекреациялық әлеуетке ие болғанымен, Қазақстанда туризмнің дамуы жеткіліксіз деңгейде". Себебі, туризмнің ЖІӨ-дегі үлесі елімізде небары 0,9%-ды құрайды. Салада еңбек етіп жүрген адамдардың саны 103,6 мың адамды құрайды. Туристік қызметтен бюджетке 11 миллиард теңге көлемінде салықтар мен басқа да міндетті төлемдер төленген.

2016 жыл қорытындысы бойынша Қазақстанда 2 мың 31 туристік ұйым жұмыс жасауда. Бұған қоса, мейман қабылдай алатын 2 754 қонақүйлік орын бар. Оларда 138 062 койка-орын тіркелген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда, 16,6%-ға өскен. Бұған 2017 жылы елордада "ЭКСПО" халықаралық мамандандырылған көрмесінің өткізілуі түрткі болса керек.  

Егер талдай қарасақ, еліміздің барлық өңірлерінде отандық және шетелдік саяхатшылар мен мәртебелі меймандарды орналастыруға арналған орындардың жалпы санының 62,4%-ы қонақ үйлер еншісінде екен. Алайда олардың тек 10,1%-ын ғана биік дәрежелі, көпжұлдызды қонақ үйлер құрайды.

Ел үкіметінің ресми дерегінше, қонақүйлер мен ұйымдастырылған орналастыру орындарының негізгі бөлігі, 63,3%-ы Шығыс Қазақстан (барлық санның 16,5 пайызы), Алматы (14,5%-ы), Ақмола (10,6%), Қарағанды (8,2%), Оңтүстік Қазақстан (6,4%) облыстарында және Астанада (7%) орын тепкен. Бір қызығы, туристер үшін тартымды деп саналатын Алатау бөктеріндегі Алматы шаһары осылардан кейін тұр.

Биылғы жылдың қорытындысы келесі жылы шығарылады, тиісінше, ел үкіметі өз қаулысына өткен жылдың түпкілікті қорытындыларын назарға алған. Бұл жерде 2016 жылы елімізде қонақүйлердің толымдылық деңгейі 23,8%-ды құрапты. 2015 жылы бұл көрсеткіш 23,5% болған.

Соның ішінде орташа дәрежедегі қонақ үйлер санатының қонаққа толу деңгейі жоғарырақ болып, 24,3%-ға жеткен, ал дәрежесі анықталмаған қонақ үйлерде бұл көрсеткіш 19,3% болды. Дегенмен, бұлардың барлығы биік мәртебелі қонақ үйлерге жол берді. Нақтырақ айтсақ, бес жұлдызды қонақ үйлердің толу деңгейі 31,1%-ға дейін барған.

Кереует-орындардың толуының ең жоғарғы деңгейі Батыс Қазақстан (29,5%), Атырау (27,6%), Шығыс Қазақстан (26,8%) және Ақтөбе (24,3%) облыстарында тіркелді. Ең төмен деңгейі Жамбыл (15,6%) және Ақмола (17,3%) облыстарында байқалуда. Астана мен Алматы қалаларында былтыр қонақ үйлердің толу деңгейі тиісінше 27,6% және 28,2%-ды құрапты.

Арнайы жүргізілген талдау нәтижесінде үкімет саланың дамуына кедергі жайттарды да анықтады. Анықталғандай, халқымыз қонақжай болғанымен, еліміздегі қонақ үйлер қызметі сапасының төмендігі мен бағаларының қымбаттығы туристерді үркітетін көрінеді.

Құжат тұжырымдамасында жазылғандай, "Қазақстанда қонақ орналастыру орындарында тұру бағасы әлемдегі жетекші туристік дестинациялардағы ұқсас қонақ үйлерге қарағанда әлдеқайда жоғары". Дәлірек тоқталсақ, "Астана мен Алматыдағы 5 жұлдызды қонақ үйлердегі стандартты бөлменің орташа құны жетекші еуропалық қалалар мен жаһандық туристік орталықтардағы стандартты бөлменің орташа құнынан 20%-ға қымбат" екені белгілі болып отыр.

"Бағалардың қымбат болуы Қазақстанда бәсекелестік ортаның жеткіліксіздігімен және бизнес-туристерге қатты тәуелділігімен байланысты. Қонақ үйлерде ұсынылатын туристік қызметтер шектеулі және нашар реттеледі. Тұру құнының және әуебилеттері бағасының жоғары болуы Қазақстанға келу саяхатының құнын елеулі арттырады және тиісінше, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті төмендетеді" деген байлам жасалған тұжырымдамада.

Сондықтан ел үкіметі жаңа қаулысы арқылы қонақ үйлерге және өзге де мейман орналастыру орындарына өз ақыларын түсіруге қосымша мүмкіндік бермек.

Ресми мәлімет бойынша Қазақстанға 2016 жылы 6 миллион 509,4 мың шетелдік адам келген. Бұл алдыңғы жылдағыдан 1,2%-ға көп. Дегенмен, қазақ еліне келіп-қайтқан жатжұрттық азаматтардың көбі бұрынғы кеңес одағы республикаларынан келетіні де мәлім болуда. Атап айтсақ, әлгі миллиондардың 37,8%-ы Өзбекстаннан, 24,4%-ы Ресейден, 20,7%-ы Қырғызстаннан келген.

Салыстыру үшін атап өтелік, былтыр шетелге шыққан қазақстандықтардың жалпы саны 9 миллион 755,6 мың адамды құрады. Рас, бұл 2015 жылмен салыстырғанда, 15,8%-ға кем.

Үкіметтің дерегінше, қазақстандықтар халықаралық сапарларға 1,6 миллиард доллар шығындаған. Бұл сапарларға туристік, бизнес-іскерлік және басқалары кіріп отыр.

Сонымен бірге, Қазақстан елімізге келген шетелдіктерге қызмет көрсетуден 1,5 миллиард доллар табыс тауыпты. Қалай болғанда, "сапарлар" санаты бойынша еліміздің төлем балансы көп жылдардан бері теріс көрсеткіш көрсетіп келе жатқаны атап өтіледі.

Үкімет дерегінше, Қазақстан Түркия, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Тайланд секілді елдер үшін "туристік донор" болып табылады және осы мемлекеттерде туризм индустриясының қарқынды дамуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, төлем балансы құрылымының жақсаруына, жергілікті халықтың әл-ауқатының жақсаруына ықпал етуде. 

Енді жаңа қаулы арқылы туризм саласына инвестиция тарту жағдайларын жақсарту жолымен Қазақстан бұл саланың үлкен қызығын көріп, ірі жемістерін теруге мықтап кірісіп көрмек.

Айтқандай, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа бір топ мәжіліс депутатынан ресми хат түсті. Онда қалаулылар ішкі істер министрлігінің дерегіне сүйене отырып, посткеңестік кеңістік елдерінен келетін миллиондаған адамның бәрін турист деп санауға болмайтынына, олардың көбі жасырын еңбек мигранттары болып табылатынына назар аудартады.

Олардың айтуынша, 2016 жылы бұрынғы "одақтас" републикалардан 1 504 640 адам келген, оның 1 303 169-ы "жеке шаруаларымен келгендерін" көрсеткен. 175 505-і аспаз, күтуші, оққағар, күзетші, құрылысшы ретінде жеке тұлғалар қолында жұмыс жасауға шақырылғанын ашық мойындап, мемлекетке тиесілі алымды төлеген. 

2017 жылғы 8 айда бұл елдерден Қазақстанға 1 360 899 адам кірген. Оның 105 482-сі турист ретінде тіркеліпті. 930 320 адам жеке шаруаларымен келгенін жазған. 301 248-і қазақстандықтар қолында жұмыс жасайтындарын айтып, рәсімдеген көрінеді.

Бұл ретте посткеңестік кеңістіктен, әсіресе, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан келетіндердің 90 пайызы сапарын "жеке шаруалар" деп сипаттайтынына екпін түсіре келе, депутаттар "шетелдіктердің көбісінің қызметі көлеңкеде қалып отыр және жұмыс істеуге келушілер саны есептерде көрсетілгендер санынан әлдеқайда көп" деген байлам түйеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу