Қымбаттамаған қант қана

Мамыр айында азық-түлік бағасы тура бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 5,1%-ға өскен.

04 Маусым 2018 09:35 Автор: Фархат Әміренов
Қымбаттамаған қант қана, азық-түлік бағасы, инфляция, статистика комитеті, баға өсімі, тариф

Статистика комитетінің хабарлауынша, 2017 жылдың мамыры мен 2018 жылдың мамыры аралығында елімізде сүт өнімдері 10,4%-ға, балық және теңіз өнімдері 8%-ға, кондитерлік өнімдер 7,8%-ға, тоқаш және ұн өнімдері 6,3%-ға, кофе, шай және какао 2,5%-ға, макарон өнімдері 2,2%-ға, жемістер мен көкөністер 1,3%-ға, нан 0,7%-ға, ұн 0,5%-ға, алкогольді ішімдіктер 11,5%-ға қымбаттаған. Бір жыл ішінде бағасы шарықтамай, керісінше төмендеген өнім қант мен жарма ғана. Алғашқысы 8,3%-ға, соңғысы 18%-ға арзандаған екен.

Сонымен қатар, бір жыл ішінде ет және ет өнімдерінің бағасы да 8%-ға өсті. Нақтырақ айтсақ, сиыр еті 9,6%-ға, жылқы еті 8,9%-ға, шұжық өнімдері 8,1%-ға, қой еті 6,9%-ға, құс еті 1,9%-ға қымбаттады.

Мамыр айында еліміз бойынша азық-түлік өнімдерінің ең төменгі бағасы Павлодар облысында тіркелген. Бұл өңірде бірінші сұрыпты бидай ұны, сиыр еті, сары май, шикі сүт, жұмыртқа және картоп бағасы өзге облыстармен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Ал ең қымбат қалалар көшін әдеттегідей Ақтау мен Астана бастап тұр. Аталған қалалардағы азық-түлік бағасы өзге аймақтармен салыстырғанда бір жарым, екі есе жоғары.

Сондай-ақ, статистика комитеті 2018 жылдың қаңтар-мамыр аралығындағы азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар, ақылы қызметтер бағаларының өзгеру динамикасын жариялады. Комитет таратқан хабарламаға сүйенсек, жыл басынан бері азық-түлік тауарлары 2,9%-ға қымбаттаған. Ал азық-түлік емес тауарлар мен ақылы қызметтер бағасы бес ай ішінде 2,1%-ға өсіпті.

Жыл басынан бері тәтті бұрыш 38,7%-ға, қырыққабат 31,8%-ға, қызылша 15,1%-ға, картопқа 11,1%-ға, жаңадан жиналған жемістер 9,7%-ға, сәбіз 7,8%-ға, құмшекер 6,5%-ға, мәйекті ірімшік 6,2%-ға, консервіленген сүт 5,2%-ға, ірімшік пен сүзбе 4,7%-ға, кофе 4,6%-ға, сары май, қышқыл сүт өнімдері 3,8%-ға, жылқы еті 3,4%-ға, қой еті, ет өнімдері 3,1%-ға, жаңа сауылған сүт, сиыр еті 3%-ға қымбаттаған.

Бұл аралықта қияр бағасы 20,7%-ға, қарақұмық жармасы – 18,2%-ға, сарымсақ – 7,3%-ға, жұмыртқа – 5,8%-ға, құс еті – 2%-ға, қара шай 1,8%-ға төмендеген.

Сондай-ақ, қаңтар-мамыр аралығында фармацевтикалық өнімдер 3,4%-ға, автомобильдер 3,1%-ға, тұрмыстық аспаптар 2,7%-ға, шыны және қыштан жасалған өнімдер 2,6%-ға, құрылыс материалдары, жеке қолданатын тауарлар, киім және аяқ киім 2,5%-ға, жуғыш және тазалағыш құралдар 2,1%-ға, жиһаз және үйге қажетті заттар, тоқыма бұйымдары 1,9%-ға, кітаптар 1,7%-ға қымбаттаған. Сонымен қатар, дизель отыны (5,2%-ға) мен баллондағы сұйытылған газ (2,8%-ға) бағасы да өскен. Есесіне, бензин 0,7%-ға арзандаған.

Бұдан бөлек, баға өсімі құқықтық қызметтер, жеке көлiк құралдарын сақтандыру (6%-ға), денсаулық сақтау (3,4%-ға), мектепке дейінгі балалар мекемесінің қызметтері (3,2%-ға), шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары (2,7%-ға), кабельдік телевизия қызметтері (2,3%-ға) салаларында тіркеліп отыр.

Сонымен қатар, жолаушылардың әуе көлігімен жол жүру ақысы 6%-ға, қалааралық автобус 3,6%-ға, темір жол көлігімен қатынау 3,5%-ға, ішкі қалалық автобуспен жол жүру 3,1%-ға қымбаттады.

Тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласында электр энергиясы мен орталықтан жылыту (3,5%-ға), қоқыс шығару (3%-ға), ыстық су (2,4%-ға), тұрғын үйді күтіп ұстау (2,3%-ға), тарату желілері арқылы тасымалданатын газ (1,9%-ға), суық су (1,6%-ға), кәріз жүйесі (1,4%-ға) тарифтері жоғарылады.

Қаңтар-мамыр аралығындағы инфляция 2,4%-ды құрады.

Фархат Әміренов