Қырғыз бен тәжік соғысты доғаратын "тарихи келісімге" келді

3343

Посткеңестік кеңістіктегі тағы бір қақтығыс ошағы жойылған сыңайлы.

Қырғыз бен тәжік соғысты доғаратын "тарихи келісімге" келді Фото: news.myseldon.com

Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан арасындағы шекараның ұзындығы 1 мың шақырымға да жетпейді: 972 шақырымдай. Ол Өзбекстанмен арадағы "үштаған нүктеден" (тройная точка) бастау алып, Қытаймен шекарадағы үштаған нүктені кесіп өтеді.

Осы мың шақырымдай шекараның 300 шақырымы ғана даулы болып табылады. Соған қарамастан, қырғыз-тәжік шекарасы – әлемдегі ең қауіпті шекаралардың бірі саналады.

Ол кеңес заманында да қос елдің тұрғындары арасында жергілікті қақтығыстар туғызып тұратын. Ұлттық мәселелерге еш мән бермеген, тек қарудың күшімен басып-жаншып жаман үйренген КСРО артына ауыр мұра қалдырып кетті.

Тоқсаныншы жылдары тәуелсіздік алған қос мемлекет жерді әділ бөлісе алмай, жағдай күрт ушықты. Шекараның үлкен бөлігі нақты белгіленбегендіктен, малшылар төрт түлігін көрші елдің жайлауына жайып, оның соңы ұрыс-керіске, жаппай төбелеске ұласатын болды. Екі елдің ауылдары су, егістік алқабы, шабындық, тіпті қара жол үшін қырықпышақ таласатын.

Бұл текетіреске екі елдің шекарашылары тартылды. Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, тек 2010 жылдан бастап, 2022 жыл аралығында тәжік-қырғыз шекарасында 230-дан астам қарулы қақтығыс болған.

Соғыс та тіркелді. Қырғызстан мен Тәжікстан армиясы арасындағы былтырғы 14 қыркүйекте басталған қырғын 19 қыркүйекте әзер аяқталды. Бұл екі елдің шекара үшін тайталас тарихындағы ең ірі қантөгіске айналды.

Тәжік тарапы көршісінің Ош және Баткен облыстарын РФ берген Град, Ураган сияқты дүркін атыстың реактивті жүйелерінен атқылады. Баткен қаласына және облысына зымырандармен соққы берді. Тараптар қарсыласының жауынгерлерін жусатып салу үшін зеңбіректер, гаубицалар, танктер, бронетранспортерлар, беспилотниктер қолданды.

Қырғызстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сол қақтығыста 63 қырғыз қаза тапты. Шекара жақтан шамамен 142 мыңдай тұрғын эвакуацияланды.

Тәжікстан СІМ дерегінше, тәжік тарапынан 59 адам қайтыс болды. Бірақ "Радио Озоди" көз жұмған 83 тәжікстандықтың аты-жөндерін жариялады. Қырғыз билігі 200-ден аса тәжік солдаты мерт болды, шамамен 400-і жараланды деп хабарлады.

Фото: gazeta.uz

Енді бұл қақтығысқа нүкте қойылуы мүмкін. Қырғызстан мен Тәжікстан ымыраға келді: Баткенде республикалардың ресми делегациялары шекараны анықтау жөніндегі келісімге, яғни Мемлекеттік шекараларды делимитациялау және демаркациялау туралы хаттамаға қол қойды. Әйтсе де, қос елдегі оппозициялық күштерді ушықтырғысы келмеді ме, тараптар құжаттың мазмұнын, егжей-тегжейін жарияламауға уағдаласыпты.

Салтанатты рәсім де журналистерсіз өтті. Содан шыққан қос елдің ресми өкілдері ақпарат құралдарына арнап, шағын брифинг өткізді.

"Бұл хаттама бұған дейін тәжік-қырғыз шекарасындағы барлық шиеленістерге негіз болып келген барлық мәселелер мен түйткілдерді шешеді. Тек оны жүзеге асыру керек. Хаттамаға қол қою екі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігеінің нақты жүзеге асуының көрінісіне айналды", – деді Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитетінің басшысы Саймумин Ятимов.

Қырғызстанның арнайы қызмет комитетінің басшысы Қамшыбек Ташиев те әріптесіне ұқсас мәлімдеме жасады. Бір айырмашылығы, оның айтуынша, делимитациялау мен демаркациялау жұмыстары ары қарай жалғасатын болады.

"Бұл протокол барлық шекаралық мәселелерді шешу үшін ұстын болады. Құдай қаласа, енді шекарамыз тыныш, тұрақты болады. Ал біздің халықтарымыз мәңгілік достық пен келісімде өмір сүреді", – деді Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитетінің басшысы, "Қырғыз Республикасының Қаһарманы" Қ.Ташиев.

Ташиевке жақын адам саналатын, бұған дейін қырғыз Президентінің ақпараттық саясат бөлімін басқарған белгілі журналист Нұрғазы Анарқұлов хаттаманы "тарихи" деп атады. Оның байламынша, осы құжатқа қол қою арқылы Тәжікстан "төл территориялық претензияларынан" бас тартты.

"Бұл – шекараға қатысты тарихи шешім. Қырғыз-тәжік ортасындағы қақтығыс, талас тоқтады! Сүйінші деуге болады. Екі елдің шекаралық дауы осымен доғарылды. Әйтпесе, егемендік қолға тиген күннен бастап, шекара бойынша ауыр келіссөздер жүргізілді. Тәжік тарапы әр қандай амалдармен, соның ішінде қару күшін де қолданып, бізді сындыруға, мәселені өз пайдасына шешуге тырысты. Бұлар Баткенге басып кіргенде, ержүрек жігіттеріміздің жанқиярлық ерлік көрсетіп, бір метр телімді ұстатпай, қасиетті жерімізді таптатпай, кері қуғанын біз ұмытпаймыз. Онысы енді тарихында қара дақ болып қалар оқиға", – деді Н.Анарқұлов.

Оның айтуынша, елдің ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының өзі жетекшілік еткен қырғыз келіссөзшілеріне бірде жұмсақ, дипломатия тілімен, ал көбіне қатаң үнмен, суық жүзбен, "ультимативті түрде" сөйлеуге тура келіпті.

Тараптардың әрқайсысы өз мүддесін ілгерілету үшін Кеңес одағының әр жылдары жасаған әртүрлі карталарын дәлел, дәйектемеге ұсынып келгені мәлім. Оның қайсысы басшылыққа алынғанын Нұрғазы Анарқұлов нақтыламады.

"Бұл шынында да тарихи протокол болып отыр. Өйткені тәжік тарапы 30 жылдан бері ілгерілетіп келген талаптарынан тегіс бас тартты. Мұның бәрі хаттамаға түсірілді. Бірақ бұдан Тәжікстан да зиян шеккен жоқ. Себебі, шынайы шекараларымызға оралдық", – деді Нұрғазы Анарқұлов.

Тәжікстанның Сыртқы істер министрлігі ресми түсініктемесінде құжатты "тарихи" деп әспеттеуге асықпады. Қайта, салтанатты рәсімді тек екі елдің "Мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы" деп атады.

Оның қорытындысында тараптар "қалған учаскелерде тәжік-қырғыз шекарасының жобалық сызықтары өтетін жерлерді ары қарай сипаттауды" белсенді жалғастыруға келісіпті.

"Жұмыс топтарына тиісті тапсырмалар берілді. Тараптардың үкіметтік делегацияларының топографиялық жұмыс топтары мен құқықтық мәселелер жөніндегі жұмыс топтары қалған телімдерде тәжік-қырғыз мемлекеттік шекарасының жобалық сызығын сипаттау жұмысын жалғастырады. Кездесу барысында шекаралас аудандар арасында достықты, өзара түсіністікті және сенімді нығайту қажеттілігі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар қос мемлекеттің шекаралас облыстары арасында ынтымақтастықты өрістетуге бағытталған жұмыс белсенді жүргізіледі. Бірлескен отырыс қорытындысында хаттамаға қол қойылды", – деп мәлім етті Тәжікстанның сыртқы саясат ведомствосы.

Әрине, шекара мәселесі бір күнде шешіліп, нүкте қойылмайды. Мысалы, Қазақстан мен Ресей арасында шекараны демаркациялау жөніндегі келіссөздер әлі күнге жүруде. ҚР СІМ хабарлауынша, 2023 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан-Ресей Бірлескен демаркациялық комиссиясының жүз отыз екінші отырысы өтті. Тараптар ортақ шекараның жекелеген учаскелеріне демаркациялаудың қорытынды құжаттарының жобаларын бекітіп, мемлекеттік шекара сызығын оның түрлі учаскелерінде белгілеуге байланысты мәселелерді талқылаумен тынды. Комиссияның келесі отырысы 2023 жылғы қазанда Ресей аумағында өтуге тиіс. Бірақ Мәскеу уақытын айтпай отыр.

Өз кезегінде Қырғызстан Үкіметінің шекараларды делимитациялау және демаркациялау жөніндегі арнайы өкілі Нәзірбек Борубаев журналистерге әсірелеп, артық кетпей, ресми ақпараттарды басшылыққа алуға кеңес берді. Борубаев та екі елдің шекара бойынша жабық келіссөздеріне қатысты. Демек, жағдаймен таныс. Әйтсе де, қос көрші бұдан былай шынымен де шекара үшін өзара шайқаспайды деген үміт бар.

Әйтпесе, Тәжікстан Қырғызстан аумағында орналасқан, 30 мыңнан аса тәжік тұратын 130 шаршы шақырымдай аумақты алып жатқан Ворух атты эксклавын өзіне қосу үшін қырғыз жеріне көз сүзгені жасырын емес. Шекаралық даулар елдердің тату көршілік ауанында бірге дамуына мүмкіндік бермейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу