Қысқа дейін депозит пен несие пайызына өзгеріс енуі ықтимал

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4549

2018 жылдың қазан айында Ұлттық банк теңгенің базалық мөлшерлемесін көтеріп, ақша-несие саясатын қатаңдатуы мүмкін.

Қысқа дейін депозит пен несие пайызына өзгеріс енуі ықтимал

Соңғы үш-төрт жылдан бері теңгенің базалық мөлшерлемесін 17 пайыздан 9 пайызға дейін тұрақты төмендеткен бас банк енді ақша-несие саясатын қайта күшейтуі ықтимал. Базалық мөлшерлеменің кезекті өзгерісі, яғни көтерілуі алдағы 15 қазанда болуы ғажап емес. Сарапшылардың пікірінше, оған себеп сыртқы факторлар. 

"АҚШ президенті Дональд Трамптың протекцонистік саясатының аясында АҚШ федералды резерв жүйесінің доллардың базалық мөлшерлемесін тұрақты көтеруі дамушы мемлекеттердің активтеріне инвесторлардың қызығушылығын арттыра түсірмек. Бұл өз кезегінде жергілікті валюталардың құнсыздануына алып келеді. Мұндай кезде мемлекеттердің орталық банктері төл валюталарын нығайту мақсатында базалық мөлшерлемелерін жаппай көтеретіні анық. Ондағы мақсат баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Мұндай жағдайды Түркия мен Ресей секілді дамушы елдерден байқап отырмыз. Сол себепті біздің Ұлттық банк та көп күттірмей теңгенің базалық мөлшерлемесін көтеруі ықтимал", – дейді Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы сараптама орталығының сарапшысы Мерей Исабеков.

Оның айтуынша, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы қазіргі таңда қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында сауалнама жүргізіп жатыр. Соңғы мәліметке сәйкес, сауалнамаға қатысушылар қыркүйекте өздерінің болжамдарын өзгерткен. Мәселен, тамыздағы сауалнамада тек 6,5 пайызы ғана базалық мөлшерлеменің көтерілетінін болжаса, енді респонденттердің 62,5 пайызы Ұлттық банктің алдағы қазанда ақша-несие саясатын күшейтетінін жорамалдап отыр.

Көпшіліктің пікірінше, жыл соңына дейін теңгенің базалық мөлшерлемесі қазіргі 9 пайыздан 9,25-9,5 пайызға өспек.

"Ұлттық банк базалық көлшерлемені 0,25 пайызға өсіруге  тиіс. Бұл өз кезегінде қазіргі қатерлерді азайтпақ. Жалпы, базалық мөлшерлеменің ұзақмерзімді жағдайы елдегі орта және ұзақмерзімді инфляцияға байланысты болмақ. Қазіргі таңда бас банктің ақша-несие саясаты бейтарап болғанмен, алдағы уақытта ол жаһандық үрдістерге еріп, күшеюі ықтимал. Ал жаһандық үрдіске ермеген жағдайда елдің ақша-несие нарығы дағдарысқа ұшырайды", – дейді сарапшы.

Мерей Исабековтың айтуынша, қазір мөлшерлемені көтеретін болса, инфляция мен теңге бағамының тұрақтылығына оң әсер етеді.

"Финам" сарапшысы Сергей Дроздов та Ұлттық банктің Ресей орталық банкінің артынша базалық мөлшерлемені өсіретінін болжап отыр.

"Менің ойымша, дәл қазір бас банктің мөлшерлемені көтеруге алғышарты жоқ. Дегенмен көтеретін болса, теңгенің бағамына оң әсер әкелер еді", – дейді Сергей Дроздов.

Оның айтуынша, базалық мөлшерлемені көтеру арқылы бас банк қиын кезде ұлттық валютаға алыпсатарлардың шабуыл жасауының алдын алмақ.

Бұл туралы Ұлттық банктің ресми мәлімдемесінде былай делінген: "Ұлттық банк алдағы бір-екі жылда инфляцияға әсер етуі мүмкін көрсеткіштерді мұқият қадағалап отыр. Алайда қазіргі таңда түзету шараларын қабылдауға мұқтаждық көрмей отыр. Егер нақты және болжамды инфляциялық қысым туындаған кезде біз ақша-несие саясатын күшейту мүмкіндігімізді жоққа шығармаймыз".

Ұлттық банк теңгенің базалық мөлшерлемесін көтеретін болса, екінші деңгейлі банктер де несие мен депозиттің пайыздарын аздап көтереді деген сөз. Бұл несие мен депозит нарығына бірден әсер етпегенімен, ұзақмерзімді болашақта Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын сақтайтын болса, бірер жылда банктерде қол ақша тапшылығы туындап, несие рәсімдеу көрсеткіші  төмендеуі мүмкін.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу