Қыста көмір кесекке тұрғанша, жазда кезекке тұр

«Қаражыра» компаниясының коммерциялық басқарушысы көмірді қазір сатып алуға кеңес берді.

03 Тамыз 2018 08:31 Автор: Есімжан Нақтыбайұлы
Қыста көмір кесекке тұрғанша, жазда кезекке тұр, ШҚО, көмір, көмір тапшылығы «Қаражыра» АҚ

ШҚО әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов бастаған әкімдік өкілдері мен «Қаражыра» «Қазақстан темір жолы», «Өскемен жылу желілері», «Өскемен ЖЭО», «ВЭУС» компанияларының өкілдері неге күні бүгінге дейін облыста көмір кезегі сейілмей тұрғанын талқылады.

Қаражырадан көмір шыққанда Шығыс Қазақстанда қуанбаған адам қалмаған шығар. Қашықтағы Қарағандыдан арбалағанша, іргедегі Қаражырадан дорбалаған кімге болса да тиімді ғой. Сол қуаныш бірнеше жылға ғана созылды.

Күн суытса болды, қатты отын қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналып шыға келеді. Оның соңы ұзын-сонар кезек, қолдан жасалған қымбатшылық, айқай-шу, азан-қазан қарбалас. Әсіресе былтыр Өскемен жұрты көмірден көрешек көріп, қыстың жартысын бүрсеңдеп өткізді. Биыл содан сабақ алған секілді. Мамырдан бері жер үй тұрғындары «қыстың қамын жаз ойлауда». Көмірге деген сұраныстың артқаны сонша, шілдеден бері адамдар көмір кезегінен көз ашпай жүр. Әзірге жергілікті әкімдік те, көмір сататын делдалдар да, тасымалдаушы компания да кезекті сейілте алмай отыр.

Тұрғындар былтырғы қарбаластан сабақ алды дедік қой. Ал «Қаражыра» кенішінің иелеріне былтырғы шу шыбын шаққан құрлы әсер етпеген сияқты. Екі апта бұрын Өскеменде көмір тапшылығын шешуге арналған мәжіліс өткен болатын. Сол мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов «Қаражыра» кенішінің иелерін 1 тамыздан бастап Өскемен мен оған іргелес жатқан аудандарға тәулігіне 40 вагон көмір жіберіп отыруға міндеттеген.  Кеше сол тапсырманың қалай орындалып жатқаны тілге тиек етілді.

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев тапсырма берілгеннен бері «Қаражырадан» келетін көмір вагондарының саны қысқарып қалғанын айтты.

«Өткен жиынға дейін Өскеменге тәулік сайын 15-20 вагон көмір келіп тұрды. Бұған дейін «Қаражыра» кенішінің басшылығы көмір тасымалын 2 есеге арттыруға уәде берді. Бірақ уәде іс жүзінде орындалған жоқ. Кеше «ВЭУС» ЖШС уәде еткен 40 вагонның орнына 5 вагон ғана келді», – деді Мұрат Мұсатаев.

Семейден тікелей байланысқа шыққан «Қаражыра» компаниясының коммерциялық басқарушысы Әсет Сыдықов бұл мәліметті жоққа шығарды. Шенеунік пен компания өкілінің қайсысы ақ сөйлеп отырғаны әңгімеге «ВЭУС» ЖШС директоры Иван Тимофеев араласпағанда белгісіз күйінде қалар еді. Иван Тимофеев соңғы күндері «Қаражырадан» жөнелтілген көмірдің көлемі күрт төмендегенін растады.

Бірінің сөзін бірі жоққа шығарған даулы жиынның нүктесін Серік Ақтанов қойды. Ол халықтың көмірді күзде іздемей, қазірден қамданып жатқаны қуантарлық жағдай екенін алға тартып, «Қаражыра» АҚ сұранысты қанағаттандыру үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға тиіс екенін баяндады.  

«Біздегі өзгеріске энергетика министрлігі назар аударды. Олар өзге өңірлерге біздің тәсілді үлгі етпекші. Көмірге кезек болса да, былтырғыдай талас жоқ. Былтырғыдай қыс ортасында таласқанша, жазда кезекке тұрып алғаны елдің өзіне жақсы. Биыл ерте қимылдаған адамға көмір бар. Елге осыны жақсылап түсіндіру керек», – деп түйді сөзін Серік Ақтанов.

Былтыр Өскеменде көмір бағасы тоннасына 8 жарым мың теңгеден басталды. Бұл баға араға делдалдар мен тасымал құны қосылған кезде шалғай ауылдар үшін 15 мың мен 24 мың теңгеге дейін көтерілді. Семейдегі көмір сату орындарында бір тонна көмір 7200 теңгеге тиелсе, «Қаражыраның» басында 5086 теңгеге артылды. «Түлкінің қызылдығы өзіне сор» демекші, баға айырмашылығы биыл да көрші облыстар мен Ресейдің іргелес өлкесіндегі делдалдарды «Қаражыраға» магниттей тартуда.

Былтыр «Қаражыра» кенішінің басынан темір жол арқылы 6,7 млн тонна, жүк көлігі арқылы 400 мың тонна көмір тасымалданды. Яғни бір жылда 7,1 млн тонна көмір сатылған. Мұндағы Өскемен мен Семейдің үлесі 416 мың тонна ғана. Семей мен оған іргелес аудандар былтыр 212 мың тонна көмір тұтынса, Өскемен мен іргелес аудандары 404 мың тонна көмір жаққан.

Биыл Семей өткен жылғыдан 10 мың тонна көп көмір алуды жоспарлап отыр. Өскеменнің үлесіне 510 мың тонна көмір тимек.

«Қаражыра» АҚ экспортты да ұлғайтпақ. Жылдың алғашқы бес айында былтырғыдан 52,2 мың тонна көмір артық экспортталыпты. Айтпақшы еліміздің өзге өңірлері де «Қаражыраның» арзан көміріне алақан жайып отырған көрінеді.

Компанияның биылғы жоспары көмір өндірісін 8 млн тоннаға жеткізу. Ал 2020 жылға көрсеткіш 10 млн тонна ұлғайту көзделген.

2017 жыл көмір тұтынатын шығыс қазақстандықтар үшін екі мәселемен есте қалғаны белгілі. Бірі көмір тапшылығы болса, екіншісі оның сапасы.  Жұрт шулаған соң «Қаражыра» АҚ елдің сұранысын қанағаттандыру үшін асығыс қазылған көмірдің арасында шикі жыныс пен тас кеткенін мойындағаны әлі есте.

«Тұрғындарға көмірді жазда алуға кеңес береміз. Жазда күн ұзақ. Жарықта ашық әдіспен өндірілген көмірдің арасында тас болмайды. Бұған қоса көмір  құрғақтай қазылады. Көмірге ылғал мен сыртқы суық ауаның әсері болмайды. Жазда қазылған көмірдің сапасы нашар деген қате пікір. Көмірді су тигізбей сақтасаңыз, сапасы сыр бермейді», – деп қорытты ойын «Қаражыра» компаниясының коммерциялық басқарушысы Әсет Сыдықов.

Есімжан Нақтыбайұлы