Қытай «екі бала» саясатынан да бас тартуы мүмкін

Ресми Бейжің қоғам қартайып, жұмыс күші азайып бара жатқандықтан, бала санын шектеуді тоқтатуы ықтимал.

01 Қыркүйек 2018 11:05 Автор: Арыстан Рысбек
Қытай «екі бала» саясатынан да бас тартуы мүмкін, Екі бала саясаты, Қытай, бала туу, халық саны

Қытайдың қазіргі отбасын жоспарлау ережесіне сәйкес, ерлі-зайыптылар екі баламен ғана шектелуі керек. Ал, 2016 жылға дейін бұл мемлекетте «бір үйге – бір бала» саясаты жүргізілгені белгілі. Елдің Азаматтық кодексі әрі қарай да реформаланып, жанұяларға ондаған жылдардан бері алғаш рет көп балалы болуға рұқсат беріледі деген болжам бар.

Сейсенбі күні Ұлттық халық конгресі жариялағаған қысқаша мәлімдемеге қарағанда, қайта қаралған жаңа кодексте «отбасын жоспарлау туралы тиісті мазмұн енді сақталмақ емес». Сонымен қатар, оған нақты қандай өзгерістер енгізілетіні және отбасыларға басқа да шектеулер мен шарттар қойылуы мүмкін бе деген сауалға әзірге жауап жоқ.

Бірақ, елдің отбасын жоспарлау туралы заңына өзгеріс енгізу мәселесін мамандар кейде қарастырып тұрады.

«Үкімет бұл саясаттан бас тартады. Олар әрі қарай қандай саясат ұстанады? Бұл – басқа мәселе», – дейді Лондонның Денсаулық проблемалар ғаламдық институты университеттік колледжінің профессоры Тереза Хескет Американың CNN телекомпаниясына берген сұқбатында.

Туу көрсеткішінің төмендеуіне алаңдаушылық 2015 жылы қазан айында Бейжіңді «қытайлық жұптардан тек бір балалы болу талап етілмейді»  деп мәлімдеуге мәжбүр етті. Осылайша, ондаған жылдар бойы адамдарды бала өлтіруге, стерилизацияға итермеледі деп айыпталған саясат әлсірей бастады.

Ата-аналарға екі перзентті болуға рұқсат беріліп, мұндай қадамға барған жұптарға тіпті қолдау көрсетілді. Ал, биліктегі Компартияның үні – «Жэньминь жибао» газетінің шетелдік редакциясы тамыздың 6-да «Тууға рұқсат ету – отбасы мәселесі, ұлт мәселесі» деген мақала жариялады.

Дегенмен, 2-3 жыл бұрынғы өзгерістер туу дәрежесін көтере алмады. Мәселен, 2017 жылы Қытайда бір әйелге 1,6 баладан келген. Ал, өсімді тұрақты ұстап тұру үшін 2,1 деңгейіне жету қажет.

«Бір бала» саясатын босаңсыту, билік үміт еткендей, туу көрсеткіштерін күрт жоғарылата алмады. Осылайша, Қытай үкіметі тууға бақылауды әрі қарай жұмсарту, тіпті сол бақылауды доғару қажет деген ұйғарымға келіп отыр», - дейді Human Rights Watch ұйымының жетекші ғылыми қызметкері Майя Ван.

Сарапшылардың пікірінше, Қытай үкіметі «Бір бала» саясатының салдарынан ел жұмыс күшіне зәру болып қалады деп алаңдап отыр. Бұл саясат 1979 жылы халық саны бақылаудан шығып кетеді деген қауіппен қабылданды. Алайда, арада ондаған жылдар өткенде сол отбасын жоспарлау саясатының әсерінен ата-аналары мен ата-әжелерін бағатын жастар саны азайып кеткені белгілі болып отыр.

«Әсіресе, қалаларда балалы болу қымбатқа түсіп отыр. Оларды туудың, мектепте оқытудың экономикалық шығыны мен сол міндеттерге кететін уақыттың парқы артты. Ірі мегаполистерде тұратын қыз-жігіттердің көбі өмірге ұрпақ әкелуді қаламайтын болды», – деп жазады «Жэньминь жибао» басылымы.

Аталған саясат енгізілгелі Қытайда жасы 65-тен асқандардың саны 4 пайыздан 10 пайызға жуықтаған. Осыған алаңдаушылықтан болар, 2019 жылға арналған почта маркасында екі үлкен доңыз үш тораймен бірге бейнеленген. Ал, 2016 жылы дәл осындай маркада маймылдың екі баласының анасын сүйіп тұрып, «бір перзент» саясатының жойылғанына ризашылық білдіріп тұрғаны суреттеліпті.

Егер отбасын жоспарлау ережесінің өзгеретіні расталса, Қытай өзінің қазіргі заман тарихындағы ең қарама-қайшы саясаттан бас тартқаны белгілі болады. Бұл тәртіп енгізілмес бұрын, яғни, өткен ғасырдың 60-шы жылдары Қытайда бір әйелге алты баладан келген екен. Ал, 2000 жылдары бір әйелге екі баладан да келмеді.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, «бір бала» заңын бұзған әйелдер жасанды түсікке мәжбүрлі түрде барды, айыппұл төледі, тіпті үйлерінен күшпен шығарылды. Сонымен қатар, сол саясаттың кесірінен алпауыт мемлекетте гендерлік тепе-теңдік бұзылып, қыздардан ұлдардың саны көбейді. Ал, 2016 жылғы статистикаға жүгінсек, Қытайда бір әйелге 1,15  ер адамнан келген.

Арыстан Рысбек