banner

Қытай банкі Қазақстанда жұмыс істейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
8785

Астанада Қытай мемлекеттік даму банкінің өкілдігі ашылды.

Қытай банкі Қазақстанда жұмыс істейді

Жаңа өкілдік "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелді. Қытай мемлекеттік даму банкінің өкілдігін ашудағы мақсат – инвесторларға әлемдік стандарттарға сәйкес қаржылық қызмет көрсететін кешенді платформа құру.

"Қазақстанда қытайлық ірі қаржы институты өкілдігінің ашылуы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтады. Сондай-ақ "Бір белдеу – бір жол" бастамасын Қазақстанның "Нұрлы жол" бағдарламасымен жақындастыра түседі. Жаңа өкілдік мемлекеттердің көліктік инфрақұрылым, өндірістік қуаттылық, энергетика, табиғи ресурстар, технологиялық инновациялар саласын дамытуда маңызды рөл атқарады", – дейді Қытай мемлекеттік даму банкінің вице-президенті Лю Цзин.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің сөзінше, Қытай мемлекеттік даму банкі осы уақытқа дейін Қазақстан аумағындағы 32 жобаға қолдау көрсеткен. Атап айтқанда, Орталық Азия газ құбыры, Қытай-Қазақстан газ құбыры, Мойнақ су-электр станциясы,  KAZ Minerals компаниясының мыс өндірісі секілді ірі жобаларды қаржыландырды. 2018 жылдың маусым айындағы жағдай бойынша, банк Қазақстанға 20,2 млрд АҚШ доллары көлемінде кредит берген.

"Өндірістік қуатты арттыру бағытындағы Қазақстан-Қытай халықаралық әріптестік тұжырымдамасын жүзеге асыруда Қытай мемлекеттік даму банкі аянып қалмады. Нақтырақ айтсақ, қаржы институты 15 млрд юань көлемінде арнайы кредиттік желіні іске қосты. Осының нәтижесінде 4,6 млрд долларға жеңіл рельсті көлік, полипропилен өндірісі, "Тараз химпаркі" арнайы экономикалық аймағында тыңайтқыштар алу, Шымкент мұнай өңдеу зауытын модернизациялау секілді жобалар жүзеге асырылды. Өкілдіктің ашылуымен Қазақстанның қаржы нарығында тағы бір ірі ойыншы пайда болды. Ол ел экономикасын дамытуға қомақты үлес қосады деген сенім бар", – дейді Тимур Сүлейменов.

Қытай мемлекеттік даму банкінің вице-президенті Лю Цзиннің айтуынша, қаржы институты гуманитарлық салаға да қолдау көрсетуге әзір. Бұл ретте Қазақстан жастарына Қытайда білім алуға арнайы гранттар бөлмек.

Қытай мемлекеттік даму банкі Қазақстан даму банкімен ұзақ жылдар бойы бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанын атап өткен абзал. Отандық банктің басқарма төрағасы Болат Жәмішевтің сөзінше, Қытай мемлекеттік даму банкі Қазақстан даму банкі үшін 2 млрд доллардан астам қаржыға 6 кредиттік желіні іске қосқан. Бүгінде оның 1 млрд доллардан астамы игерілген. Сонымен қатар тағы бірнеше жобаны қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

"Қазақстан заңнамасына сәйкес, шетелдік банктердің филиал ашуына жол берілмейді. Тек, өкілдіктер ғана аша алады. Қытай мемлекеттік даму банкі әлемдегі алтыншы өкілдігін іске қосты. Бұған дейін қаржы институтының Лондон, Мәскеу, Рио-де-Жанейро, Каир, Каракас қалаларында өкілдіктері жұмыс істеп келді. Енді мұндай құрылым Қазақстанда да бар. Бұл – Қазақстанның Қытай мемлекеттік даму банкі үшін әлемдік аренадағы маңызды серіктес екендігінің айғағы", – дейді Болат Жәмішев.

Еске сала кетейік, Қытай мемлекеттік даму банкі 13 жылдан астам уақыт бойы Қазақстандағы ірі жобаларды қаржыландырып келеді. Ал Қытай мемлекеті Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі жағынан төртінші орында тұр. 2017 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 33 пайызға өсті. Бүгінде Қазақстанда Қытай капиталының қатысуымен жұмыс істеп тұрған шамамен 1200-дей кәсіпорын бар.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу