Қытай неге Ресейді "алпауыт держава" деп санамайды

3415

Шығыс көршінің Синьхуа орталық мемлекеттік агенттігі Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің жаһан жұртшылығын елең еткізген мәлімдемесін таратты. 

Қытай неге Ресейді "алпауыт держава" деп санамайды Фото: canva.com

Қытай лидері дамушы елдер арасында кімдердің алпауыт держава екенін мәлімдеді.

"ҚХР төрағасының бағалауынша, Қытай мен Бразилия – планетамыздың тиісінше Шығыс және Батыс жартышарларындағы ең ірі дамушы елі, сондай-ақ жаһандық ықпалы бар, әлем қалыптастыратын ең ірі мемлекеттері болып табылады. Сондықтан турбулентті әлем алдында қос мемлекет бірін-бірі табанды, берік қолдауы тиіс", – деп жария етті Қытай.

"Тоқтаңыз, сонда Ресей қайда? Біз де жаһанға ықпал ететін державамыз. Бәріміздің БРИКС бойынша одақтастығымыз қайда қалды?" деп ұлардай шулап жатыр ресейліктер.

Оның үстіне Кремльдің қожайыны Путин осы аптада Бейжің қаласына өзі сапарлап, "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастығының III форумына қатысып қайтты.

Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Путинді тұтқындауға халықаралық ордер бергелі ол шетелге шығуды доғарған еді. Тек биылғы қазанда алдымен Қырғызстанға (онда Ресей әскери базасы орналасқан), содан соң Қытайға (шың елі ХҚС туралы Рим статутын ратификацияламаған) барып отыр.

Ресейлік оппозициялық сарапшылар бұл сапарды "вассал сюзерен-қожайыны алдында бас июге барды" деп бағалады. Себебі, Батыс санкциялары аясында Ресей Еуропадан оқшауланып қалды.

Қытай болса, "Бір белдеу, бір жол" бастамасының басты бағыттарын бұрып, Ресейді айналып өтетін жаңа маршрутке бағдарлады. 

Осы орайда халықаралық ақпарат құралдары назар аудартқан бір казус орын алды. Путин осы сапарында Си Цзиньпинге плакатты сыйға тартты, онда Мәскеуден Бейжіңге салынып жатқан теміржол құрылысы бейнеленген. Кейбір сарапшылар бұдан Кремльдің "өкпесінің" көрінісін байқапты. Өйткені Қытай 2022 жылдан бастап, "Бір белдеу, бір жол" маршруттарын өзгертті. Оның бәрі дерлік Қазақстан мен Орталық Азия елдері және теңіз жолдары арқылы, яғни Ресейді айналып өтеді. Жаңа теміржолдар да Ресей территориясына соқпайтын болады. Қытай Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия арқылы тасымалын еселеп арттыруға кірісті.

Шығыстанушы, саясаттанушы, Карнегидің Берлин орталығының Ресей мен Еуразияны зерттеу жөніндегі ғылыми кеңесшісі Темур Умаров Ресейдің Қытаймен тығыз кірігуден басқа амалы қалмағанын айтады.

"Ресей қиын жағдайда қалды, оның Қытайға тәуелділіктен басқа таңдар жолы жоқ. Қытаймен жақындасу – Ресей үшін дамудың жалғыз тәсілі. Халықаралық қауымдастықта әлі де әлдебір орны бар ел ретінде көрінудің жалғыз амалы. Жылдар өте келе бұл тіпті өмір сүрудің жалғыз амалына айналады. Себебі, көзбояу үшін емес, шын мәнінде әлемде орны мен салмағы бар ел болып қалу үшін мемлекет өзін өзі жетілдіруі, төл технологияларын дамытып, экономикасын өркендетуі, төрткүл дүниенің әр түкпірінен таланттар мен озық ойлы адамдарды тартатын елге айналуы керек. Ресей болса, мүлдем қарсы бағытта қозғалып, кері кетіп барады", – деді саясаттанушы.

Қазіргі кезде Ресейдің Қытайға тәуелділігінің қарқынды түрде артып бара жатқаны байқалады. Қытайлық компаниялардың ресейлік бизнесіне қатысу үлесі күрт артты. Тіпті Қытай ресейлік экономиканың тұтас салаларын басыбайлы иеленуде.

Мысалы, бұрын Ресейге германиялық, даниялық, жапониялық, кореялық және басқа да елдердің автомобилдері құрастырылатын. Енді оның бәрі елді тәрк етіп кеткен соң, Ресей автокөлік жасау саласын толығымен қытайлық концерндер басты. Басқаны айтпағанда, "Москвич" атауымен қытайлық көлік шығарылуда.

Қос мемлекеттің арасындағы тауарайналым да күрт өсті. Санкция аясында Ресей дамыған елдердің көптеген тауарын қытайлық баламасымен ауыстыруға мәжбүр.

Қытай Бас кеден басқармасының хабарлауынша, 2023 жылдың 3 тоқсанында Қытай мен Ресейдің сауда-саттығы өткен жылғы ұқсас кезеңдегіден төрттен бірге өскен. Нақтылағанда, осы қазан айының басындағы жағдай бойынша өзара алыс-берісі 29,5 пайызға артып, 176,4 миллиард долларға жетіп отыр. 

Осылайша, өткен жылғы тарихи рекорд та жаңарғалы тұр. 2022 жыл қорытындысында өзара тауарайналым 29,3 пайызға ұлғайып, ғаламат 190,271 миллиард долларды құраған.

Биыл Қытай Ресейге 81,4 миллиард долларға жуық тауарын жеткізді. Ал Ресейден 94,9 миллиард доллардың тауарын тасыған. Экономистер мұны Еуропа нарығынан айрылған Мәскеудің мұнайын, газын, металын, ағашын және басқасын су-тегінге Қытайға көп сатуға мәжбүр болуымен түсіндіреді.

Дегенмен, Бейжің өзін сенімсіз экономикалық серіктес ретінде паш еткен Мәскеуге тәуелді болып қалмау үшін импортын әртараптандыруда. Мысалы, біртіндеп, орыс мұнайы мен газын шектеп, оны Парсы шығанағы елдерінен, Түрікменстаннан, Ауғанстаннан көбірек алудың қамын жасап жатыр. Содан болса керек, "Бір белдеу, бір жол" жаһандық форумына Ауған Ислам Республикасының қазіргі билігі "Талибанның" делегациясы да шақырылды.

Бұл өзара сауда-саттық статистикасына әсер етті. Мәселен, Ресейдің Қытайдан сатып алған импорты биылғы 2023 жылы да алапат ауқымда, бірден 56,9 пайызға артып шыға келді. Ал шикізатты қоса алғанда, Қытайға өткізген ресейлік тауарлар экспорты 12,7 пайызға ғана өсті. Кремльдің "Шығысқа бетбұрыс" концепциясы жүзеге аспады, Еуропа нарығын Қытай алмастырмады.

"Бірінші кезекте Қытайға көршілеріндегі жағдайдың тұрақты болғаны, олардың түсінікті, болжамды саясат жүгізгені маңызды. Онсыз Қытайдың өзі қарқынды дами алмайды. Егер Ресей күйресе, азаматтық соғысқа ұрынса немесе бірнеше бөлікке бөлініп кетсе, қауіп төнуі мүмкін. Бұған қоса, Ресей ядролық қару арсеналы жөнінен әлемде бірінші орында тұрған ірі көрші. Қытай ондай көршісімен араз болғысы келмейді. Сонымен бірге Ресеймен достық қатынастарын сақтау Қытайға экономикалық тұрғыдан да тиімді. Қытай экономикасы энергия ресурстарына тәуелді, ал дәл Ресейдей арзан шикізат беретін өзге ел жоқ деуге болады. Бұдан бөлек, Қытай да, Ресей де билігінің режимдік  сипатына қарай бір-біріне жақын. Екеуі де демократиялық емес елдер, екеуі де әлемде Батысқа қарсы жаһандық оппозиция қалыптастыруға тырысуда. Қытай соңғы жылдары өз саясатында антиамериканизм векторына бой ұрды", – деді Темур Умаров.

Оның айтуынша, егер Қытай Ресей экономикасын қолдауды күрт доғарса, онда дағдарысқа ұрынатын бұл көршісінде алапат "тектоникалық" өзгерістер басталуы мүмкін.

Бейжің Путин жүйесінің орнына келетін жаңа билік Еуропаға бет бұрып, Батыспен жақындасуға тырысады деп қауіптенеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу