Қытайдан қарыз аламыз

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
15681

Қаржы министрі "АСТАНА-1" ақпараттық жүйесіндегі екі күрделі мәселені атады.

Қытайдан қарыз аламыз

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, "АСТАНА-1" ақпараттық жүйесіне қатысты екі күрделі мәселе бар. Біріншісі – кеден бекеттерінде жылдамдығы жоғары байланыс арналарының жоқтығы. Талапқа сәйкес, арналардың жылдамдығы 8Мбит/с болу керек. Ал қазір қолданыстағы екі арнаның жылдамдығы 4 Мбит/с-ті ғана құрап отыр. Министрдің сөзінше, мұндай жылдамдықпен ақпараттық жүйеде жұмыс істеу мүмкін емес. Кем дегенде 40 Мбит/с байланыс арнасы болу қажет.

"Жақын уақытта аталған жүйеге қосымша виртуалды қуат ресурстары – хостинг керек болады. Бұл – екінші мәселе. Қолда бар виртуалды қуат қоры осы жылдың маусым айында сарқылады. Сондықтан, Бақытжан Әбдірұлы, ақпарат және коммуникациялар министрлігіне, "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамына аталған мәселені тездетіп шешуді тапсыруыңызды сұраймыз", – деді Бақыт Сұлтанов үкімет отырысында.

Қаржы министрі құқықтық мәселелерге де тоқталып өтті.

"Кедендік декларацияларды толтыру Еуразиялық экономикалық комиссия шешімімен реттеледі. Ал комиссия шешімі Кеден кодексінің жаңалықтарын қолдануға әзірленбеген. Осы тығырықтан шығу үшін біз жағдайды уақытша реттеуге мүмкіндік беретін бұйрық әзірледік. Бизнес өкілдері аталған бұйрықта декларациялау тәртібін бұзғаны үшін оларды жауапқа тартпау туралы норманы енгізуді сұрады. Ол үшін біз бұйрықты 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгіздік. Осылайша, бизнестің мәселесі шешілді", – деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, кедендік инфрақұрылымды дамыту мақсатында еліміздегі барлық автомобиль өткізу пункттерін жаңғырту жоспарлануда.

"Қазақстан-Қытай шекарасында "Нұр жолы" жаңа өткізу пунктінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі негізінде жүзеге асырылуда. Өткізу пунктінің құрылысы осы жылдың маусымында аяқталады. Оңтүстік шекарада "Б.Қонысбаев" және "Жібек жолы" өткізу пункттерін жаңғырту басталды. Қалған 8 автомобиль өткiзу пунктін жаңғыртуды Қытайдан жеңілдетілген үкіметтік қарыз тарту арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қол жеткізілген уағдаластықтар бойынша Қытай үкіметі жылдық 2%-дық сыйақы мөлшерлемесімен 20 жылға қарыз қаражатын ұсынады. Пункттерді қайта жаңғыртуға және қосымша жарақтандыруға 128 млрд теңге қажет", – деді Бақыт Сұлтанов.

Еске сала кетейік, елімізде БҰҰ-ның ЮНКТАД ұйымымен бірлесіп "АСТАНА-1" ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. 2017 жылдың 1 қазанынан бастап "Кедендік транзит" кіші жүйесі іске қосылды. Ол бойынша 200 мыңнан астам транзиттік декларация ресімделген. Оның 92%-дан астамы жедел түрде дайындалады. Ал осы жылдың 1 қаңтарынан бастап "Экспорт" кедендік рәсімі бойынша "Кедендік декларациялау" кіші жүйесі іске қосылды.

"Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап импорт және қалған кедендік рәсімдер бойынша "АСТАНА-1" ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бүгінгі таңда импорт бойынша тауарларға арналған 16,3 мың декларация ресімделген. Тауарларға арналған декларациялардың 90%-ы "жасыл дәліз" арқылы автоматты режимде дайындалды", – деді Бақыт Сұлтанов.

Қаржы министрінің айтуынша, "АСТАНА-1" ақпараттық жүйесін енгізу нәтижесінде 2025 жылға қарай бюджетке қосымша 20,5 млрд теңге салықтық және кедендік түсім түсетін болады. Ал осы жылы кедендік баж бен салықтардан қазынаға 12 млрд теңге қосымша түсім түспек.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың қорытындысы бойынша кедендік әкімшілендіру көрсеткіштері 42,2 млрд теңгеге дейін жеткізіледі деп жоспарлануда.

"Атамекен" КҰП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, 2018 жылдың І-тоқсанында "АСТАНА-1" ақпараттық жүйесі кәсіпкерлер арасында біршама наразылық тудырған. Туындаған мәселелер жедел түрде шешіліп отырған.

"Десе де, әлі төрт салада шешімін таппаған күрделі мәселе бар. Бірінші – техникалық сипаттағы проблемалар. Атап айтқанда, ілеспе құжаттарды орналастыру үшін, тауарларға арналған декларацияларды түзетуге, кедендік құн декларациялары үшін жылдамдық жеткіліксіз. Яғни, электронды құжат қалыптастыру мүмкін болмай отыр. Кейбір орындарда кедендік испекторлар бұрынғы жүйе бойынша жұмыс істеуге мәжбүр. Екіншіден, "АСТАНА-1" ақпараттық жүйесінің тәуекелдерді басқару жүйесінде кемшіліктер бар. Нақтырақ айтсақ, аталған жүйеде мемлекеттік кіріс органдарының өз арасындағы бөлінетін алгоритм жоқ. Сондай-ақ, бұл жүйеге салық төленбейтін экспорттық тауарлар еніп отыр. Мұның қандай қажеттілігі бар?! Үшінші – құқықтық мәселелер. Оны Бақыт Сұлтанов та айтып өтті. Төртінші мәселе – шетелден келген тауардың тұтынушыға жеткенге дейінгі жолын автоматты түрде қадағалап отыру. Осы бағыттағы "Таңбалау", "Виртуалды қойма" секілді арнайы жүйелер "АСТАНА-1" ақпараттық жүйесімен біріктірілмеген", – деді Абылай Мырзахметов.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу