Қытайлықтар Қазақстаннан қызықтайтын орындарды көптеп ашуды сұрайды

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» (ШЫХО) АҚ-тың қазақстандық тарапы туристер арасында сұранысқа ие бола алмай отыр.

25 Ақпан 2018 12:16 Автор: Элина Гринштейн
Қытайлықтар Қазақстаннан қызықтайтын орындарды көптеп ашуды сұрайды,  Қорғас, туризм, Қаһарман Жазин, ШЫХО

ШЫХО президенті Қаһарман Жазинның айтуынша, орталыққа келушілердің рекордтық көрсеткіші былтырғы жылдың қараша айында тіркелген. Сол кезде орталықтың Қазақстанға тиесілі жағына 6200 адам келген. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, ШЫХО-ға қытайлық тараптың келу рекорды күніне 20 мың адам болып отыр.

Алматы облысының Панфилов ауданы аумағында орналасқан ШЫХО-ның қазақстандық бөлігінде туристерге әзірге көретін ештеңе жоқ. Қазір ол жерде тек бір ғана «Самұрық орталық аудан» сауда орталығы жұмыс істеп тұр. Сауда орталығында Қазақстанда және ТМД, сонымен қатар ЕАЭО елдерінде өндірілген тауарлар ұсынылуда. Негізінен бұл азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп өнімдері.

Осы арада тағы салыстыратын болсақ, тап қазіргі  уақытта Қытай аумағында бес сауда орталығы, сондай-ақ қонақүй, хостелдер, дәмхана және мейрамханалар жұмыс істеп тұр. Мәдениет үйі мен жаңа нысандар тоқтаусыз салынып жатыр.

«Қытай әкімшілігі сендерде қашан қызықты нысандар болады дегенді үнемі айтады. Біздегі бірқатар нысан наурыз айында іске қосылады. Жазға дейін сауда үйі, қонақүй, шағын бизнес-орталықтар сияқты аумағы 100 мың шаршы метр болатын  әртүрлі жылжымайтын мүлікті іске қосамыз деп отырмыз. Ал жылдың соңына дейін шамамен 400 мың шаршы метрді құрайтын әртүрлі нысандарды пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз», – деді abctv.kz-ке Қаһарман Жазин.

Сонымен қатар ШЫХО президенті орталықтың екі жақты дамуындағы кереғарлықты себеп етіп  ақталды. Оның айтуынша, қазақстандық және қытайлық тарапты салыстыру мүлдем дұрыс емес, өйткені ШЫХО-ның қытайлық жағы Қорғас қаласының базасында салынған. Ол жерде барлық коммуникация: су құбыры, кәріз, электр желісі тартылған. Ал орталықтың қазақстандық жағы  қу далада жаңадан салынып бастаған.

«Бұл жерде ештеңе болған жоқ. Шағын кент болды,  онда инфрақұрылым атымен болған емес. Инфрақұрылымды тек 2017 жылдың соңында салып біттік. Осы кезден бастап қана ШЫХО-ның қазақстандық жағы дами бастады», – деп еске алды Қаһарман Жазин.

ШЫХО президентінің айтуынша, бүгінгі күні «Қорғасқа» 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Сондай-ақ шамамен 18 млрд теңге жеке инвестиция игерілген. 2020 жылға дейін 800 млрд теңгеге жуық қаражат тартылып игеріледі деп жоспарлануда. «Қорғас» ШЫХО-ның қазақстандық жағында нысандарды салуға қаражат тарту үшін  оның аумағында салықтық жеңілдігі бар арнайы экономикалық аймақты құру – жеке ынталандыру болуы мүмкін. Үкіметтің осыған қатысты  қаулысына  2017 жылдың 6 қазанында қол қойылып қойған. Бірақ та жеңілдікті реттейтін заңнамалық бөлікке қатысты жұмыс әлі күнге дейін бітпеген.

Қаһарман Жазин Қытай әкімшілігінің қазақстандық тарапта қызықты нысандардың болуына қызығушылық танытуын ҚХР-дың көшпелі туризмге қатысты саясатымен түсіндірді. Еске салатын болсақ, Қытай азаматтары елден тысқары жерлерге еркін шығу мүмкіндігіне тек 1997 жылы ғана қолжеткізген. Бұған дейін оларға тек іскери немесе оқу мақсатындағы сапарлар рұқсат етілген. Бірақ бұған қажетті құжатты алу өте қиын болатын. Ал бүгінгі күні Қытайда ішкі туризм қарқынды дамып жатқанына қарамастан, ҚХР-дың көптеген азаматы үшін шетелге шығу әзірге қол жетпес арман ғана.

«Қытайда халықтың басым көпшілігінде төлқұжат жоқ, яғни олар Қытайдан тысқары елдерге шыға алмайды. Сондықтан оларда ішкі туризм өте жақсы дамыған. Мысалы, Синьцзян-Ұйғыр автономдық ауданы Қазақстанға іргелес жатқан өңір. Оған жылына 65 млн турист келеді. ШЫХО қытайлықтар үшін келіп көретін туристік орын. Басқа елге барып, олардың әдет-ғұрпын, ұлттық тамағын көру – олар үшін өте қызық. Ал ШЫХО-да тек Қазақстанды ғана көріп қоймай, Қазақстанның, сонымен қатар Кеден одағына кіретін елдердің өндірген тауарын сатып алуға болады. Әрине, біз үшін бұл басым бағыттардың бірі», – деп түсіндірді Қаһарман Жазин.

Қорғаста ойын-сауық және басқа да нысандарды салуға қатысты туындаған кейбір жанжалдарды да назардан тыс қалдыруға болмас. Мысалы, қазіргі уақытта Қазақстанның бас прокуратурасы  алаяқтық жасады деген күдікпен қазақстандық  «Базис Алатау» ЖШС-ның басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмысын жүргізіп жатыр. Бас прокуратура күдіктілер ҚХР-дың үш азаматына инвестициялық нысан салуда келісімшарт жасауға және «Қорғас» ШЫХО аумағында жер телімдерін жалға беруге, сондай-ақ ойын бизнесін жүргізуге рұқсат алуға көмектесеміз деп  миллиард теңге көлеміндегі ақшасын ұрлаған.   

Бұл жағдай орын алғанға дейін де «Қорғас» аумағында бірнеше рет заңсыз казинолар жабылған болатын. Мысалы, өткен жылдың шілдесінде халықаралық телефон станциясында да казино бар екені белгілі болған. Сондай-ақ 2016 жылдың желтоқсанында да осындай жағдай болған. Екі жағдайда да жасырын ойын мекемелерінің ойыншылары арасында негізінен ҚХР азаматтары болған.

Қазіргі жағдайға қарамастан, ШЫХО басшылығы мен Алматы облысының әкімдігінің  «Қорғасқа» Қытайдан келетін туристердің санын арттыруға деген ниеттері зор. Қазақстандық тараптан келетіндердің санын тәулігіне 10 мыңға дейін жеткізу жоспары да бар. Бұл мақсатқа қол жеткізудегі басты құралдардың бірі жаңа нысандарды салу болып табылады. Мәселен,Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Шухрат Құрбанов abctv.kz-ке 2020 жылға қарай «Қорғастың» қазақстандық аумағында технопарк, қолөнершілер қаласы, этноқалашық және т.б басқа да нысандар жұмыс істейтінін айтты.

Сондай-ақ әкімдіктің шетелдік туристерді тек ШЫХО-ға келтіріп қоюмен ғана шектелмей, оларды облысқа да «қызықтыру» керектігін айтып отыр. Ол үшін біршама шаралар да қарастырылып қойған, ол туралы abctv.kz-ке Алматы облысының туризм басқармасының басшысы Жанар Алшынбаева толық айтып берді.

«Былтыр Қазақстандағы қытай туризмі жылын аяқтадық. Қазір  бізде қытайлық топты қабылдау бойынша ADS-келісім, сондай-ақ транзиттік қытайлық туристер үшін 72 сағаттық визасыз режим жұмыс істейді».

Сондай-ақ Жанар Алшынбаева 2018 жылдың 29 қаңтарынан бастап Алматы облысының туризм басқармасы ҚХР-дың мемлекеттік туризм басқармасы өкілдігінің басшысымен меморандумға қол қойылғанын айтты. Осының барысында екі ел арасында туристер ағыны арттыру бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.

«Қазір Қытай мен Алматы облысының аумағында осы жылы өтетін бірқатар шараны жоспарлап қойдық. Осы жылы біз Алматы облысының және Үрімші және Сиань қалаларында орналастыру нысандарында туроператорлары үшін екі воркшоп өткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар Алматы облысының делегациясы Бейжің және Гонконг қалаларында өтетін халықаралық туристік көрмелерге қатысады. Сондай-ақ биылғы жылы қытайлық туроператорлар үшін Алматы облысының көрікті жерлері бойынша ақпараттық тур өткізіледі», – деді Жанар Алшынбаева.

Гүлназ Ермағанбетова, Элина Гринштейн