Қыздарымыз «Барселона» клубын тізе бүктірді

Әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасының 1/16-финалында бірінші ойындар өтіп, Қазақстан чемпионы «Барселонадан» басым түсті.

13 Қыркүйек 2018 09:37 Автор: Маруан Түсіп
Қыздарымыз «Барселона» клубын тізе бүктірді, қыздар футболы, «БИІК-Қазығұрт»-«Барселона»,Калоян Петков
Фото: kff.kz

Футболдан әйелдер арасындағы UEFA Чемпиондар лигасында «БИІК-Қазығұрт» клубы бүкіл Еуропаны таң қалдырып, төрткіл дүниеге мәшһүр «Барселона» клубын тізе бүктірді. Шымкентте өткен бірінші ойында Қазақстан чемпионы 3:1 есебімен басым түсті.

Бірінші таймның аяғында қонақтардың капитаны жаза басып, өз қақпасына гол соғып алды. Ал екінші таймның басында «БИІК-Қазығұрт» клубының қыздары қарқындарын үдетіп, екі доп салды. Әуелі Уганда аруы Фазила Иквапут, одан кейін Гүлнара Габелия жанкүйерлерді қуанышқа бөледі. «Барселона» тек 66-минутта есепті қысқарты.

Қарымта матч 26 қыркүйек күні Барселонадағы «Мини Эстади» стадионында өтеді. «БИІК-Қазығұрт» ірі есеппен ұтылып қалмаса, келесі кезеңге шығады. Осы ретте айта кетейік, «Барселона» – осал команда емес. Дәл қазір бұл клуб әйелдер арасындағы UEFA рейтингінде 80,170 ұпаймен 4-орында тұр. Ал Қазақстан чемпионы – 18-орында (28, 920 ұпай).   

Жалпы, «БИІК-Қазығұрт» қыздары Чемпиондар лигасының биылғы додасын іріктеу сатысынан бастаған. Електік кезеңде 7-топқа түсіп, бірінші орынға ие болды. Бұл топтың ойындары Ригада өтті. Қазақстан чемпионы өз тобындағы үш қарсыласын да жеңіп, 1/16-финалына жолдама алды.

Ригада шымкенттіктер «Академия Элпидес Кардицас» (Грекия) клубын 2:1, РФШ (Латвия) қыздарын 5:0, ал «Ландхаус» (Австрия) аруларын 2:0 есебімен жеңді. Сөйтіп, 1/16 финалында додаға түсетін 32 команданың қатарына ілікті. Бірақ жеребе тарту кезінде екінші қоржында болды.

Жалпы, Қазақстан чемпионы соңғы екі жылда 1/8-финалына дейін жетіп, ел футболының тарихына соны жетістіктер енгізді. Екеуінде де Франция клубтарынан ұтылды. 2016 жылы ПСЖ клубына, ал былтыр «Лион» қыздарына есе жіберіп алды. Биыл сол жетістіктерін қайталай алар ма екен?!

«Барселонаның» азулы ұжым екенін рейтингтегі көрсеткішінен де байқауға болады. Әрі өз алаңында есе қайтаруға тырысатындары анық. Әйтсе де, Болгария маманы Калоян Петков жаттықтыратын «БИІК-Қазығұрт» қыздары намысты қолдан бермейді деп үміттенеміз.

«БИІК-Қазығұрт» (Шымкент, Қазақстан) – «Барселона» (Испания) – 3:1

Голдар: Алексия Путельяс, 45+6. Фазила Иквапут, 49. Гүлнара Габелия, 60.

«БИІК-Қазығұрт»: Железняк, Мясникова (Иквапут, 45+5), Розенкуист, Машкова, Кравец, Корт, Құлмағамбетова (Берд, 67), Ихезуо, Литвиненко, Адуле, Габелия (Красюкова, 80).

Маруан Түсіп