Қызыл-Жар көш бастады

1030

Бүгін V-турдың қалған ойындары өтеді.

Қызыл-Жар көш бастады

Петропавлдық "Қызыл-Жар" V-турда өз алаңында "Атырауды" ұтты. Петропавлда өткен кездесу 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. 65-минутта пенальтиден Хосе Витор Родригес гол соқты. Осы жеңісінің арқасында "Қызыл-Жар" мүмкін болатын 15 ұпайдан 15 ұпай жинап, турнирлік кестеде көш бастады.

Қызылордалық "Қайсар" "Шахтерді" қабылдап, жеңіске жетті. Қызылордада өткен кездесу 2:1 есебімен аяқталды. Бұл матчтағы алғашқы голды үшінші минутта "кеншілер" сапынан Иван Свиридов соқты. 19-минутта Горан Милойко таразы басын теңестірсе, 39-минутта Әділет Кеңесбектің соққан голы "Қайсарға" жеңіс сыйлады. Қызылордалықтардың еншісінде жеті, қарағандылықтарда бір ұпай бар.

"Мақтаарал" ҚПЛ-2023 бесінші турында ақтаулық "Каспийді" жеңді. Шымкентте өткен кездесу 3:1 есебімен аяқталды. 32-минутта Георгий Панцулай соққан голдан кейін "Каспий" алға шықты. Бірінші таймға қосылған уақытта Петрос Аветисян таразы басын теңестірді. 82-минутта екінші голды Тоқтар Жаңғылышбай соқты. 92-минутта Жан-Али Пируз ойынның нүктесін қойды. Айта кетейік, "Мақтаарал" ҚПЛ-2023 турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ал "Каспий" қатарынан бесінші мәрте жеңіліс тауып отыр.

Сондай-ақ бесінші туры аясында көкшетаулық "Оқжетпес" павлодарлық "Ақсуды" қабылдады. Астанада өткен кездесуде көкшетаулықтар қонақтар қақпасына жауапсыз үш гол соқты. 20-минутта сербиылқ легионер Срян Димитров есепті ашса, 60-минутта есепті еселей түсті. Ал 78-минутта украиналық жартылай қорғаушы Максим Драченко ақсулықтардың қорғанысындағы өрескел қателіктен кейін есепті 3:0-ге жеткізді. Драченко дәстүр бойынша атақты ирландиялық файтер Конор МакГрегордың жүрісін салып, жеңіс голын тойлады. Осылайша, "Оқжетпес" тоғыз ұпай жинап, бесінші орынға көтерілді. Ақсуда төрт ұпай бар.

Бүгін, 9 сәуірде футболдан Қазақстан чемпионатының бесінші турының қалған ойындары өтеді. "Қайрат" - "Жетісу" (17:00), "Тобыл" - "Астана" (19:00) және "Ордабасы" - "Ақтөбе" (21:00) кездесулері өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу