Қызыл-Жарға тұсау болар біреу бар ма?

846

ҚПЛ-дағы бір де бір команда қатарынан алты матчта жеңіске жеткен петропавлдықтардың осал тұсын таба алар емес.

Қызыл-Жарға тұсау болар біреу бар ма?

ҚПЛ-2023 алтыншы турындағы матчта петропавлдық "Қызыл-Жар" жеңіске жетті. Әли Әлиев шәкірттері сырт алаңда "Ақсуды" 2:0 есебімен жеңді. Хосе Витор Родригес пен Марат Шахметов бір голдан соқты. Бір қызығы, "Ақсу" Родригес гол соққанша 78-минутқа дейін қорғаныста мықты ойнады. Екінші гол 81-минутта соғылды. Енді "Қызыл-Жарда" мүмкін болатын 18 ұпайдың 18-і бар. Келесі турда 22 сәуірде петропавлдық команда өз алаңында "Каспийді" қабылдайды.

Сондай-ақ алтыншы турда "Ордабасы" "Тобылды" жеңді. Шымкентте өткен кездесу 4:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. "Ордабасы" 21-минутта Асхат Тағыбергеннің күшімен есеп ашты. Дегенмен, бір минуттан кейін Серж Дебле қарымта голды соқты. Келесі гол матчтың екінші жартысында соғылды. 72-минутта Бобыр Абдулхоликов "Ордабасы" командасын алға шығарды. Арада төрт минут өткенде Сергей Малый шымкенттіктердің басымдығын арттырса, 86-шы минутта Всеволод Садовский төртінші голды соғып, қорытынды есепті орнатты.

Алматылық "Қайрат" ҚПЛ-2023 алтыншы турындағы ойында сырт алаңда "Астананы" ұтты. Елордада өткен кездесу 3:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. Алматылықтар Жоао Пауло гол соққан соң үшінші минутта-ақ алға шықты. Бірінші таймда Марин Томасовтың таразы басын теңестіруге мүмкіндігі болды. Бірақ, хорватиялық бір-екі метрден бос қақпаға гол соға алмай, мүлт кетті. Ал 56-минутта "Қайрат" қарымта шабуылды тиімді пайдаланды – 2:0. 86-минутта "Астана" қақпасына үшінші голды "Зениттің" тәрбиеленушісі Дмитрий Сергеев соқты. Ресейлік жартылай қорғаушы үшін бұл Қазақстан чемпионатындағы дебюттік гол болды.

Осылайша тартысқа толы 6-тур ойындарынан кейін де петропавлдық "Қызыл-Жар" командасы 18 ұпаймен көшбасшылығын сақтап қалды. 13 ұпайдан жинаған "Ақтөбе" турнирлік кестеде екінші, "Ордабасы" үшінші орынға жайғасты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу