Қызылордада жылу желілерінің 48 пайызы тозған

Қазақстандағы жылу электр стансаларының үштен бірінің пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқан.

Қызылордада жылу желілерінің 48 пайызы тозған Фото: Табиғи монополияларды реттеу комитеті

ЖЭС-тың орташа тозу деңгейі елімізде 60 пайызға, ал кейбір облыс орталықтарында 80 пайызға жетіп отыр. Ал Қызылордада 48 пайызының тозығы жеткен.

Былтыр жыл соңында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Екібастұздағы төтенше жағдайдан соң бұл саладағы жағдайдың қаншалықты күрделі екенін ашық айтқан еді.

Қызылорда облысындада жылу желілерінің жағдайы көңіл көншітпей тұр. Биыл 190 шақырымдық жылу желілерінің 12 шақырымы жөнделіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы, "Қызылордажылуэлектрорталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны Сыр өңірін электрмен және жылумен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Осы күні кәсіпорынның балансында 23 энергия көзі бар, оның 2 бу қазандығы және 2 бу турбинасы бар ЖЭО, 3 газ турбиналы қондырғысы және 3 қалдық жылу қазандығы бар КОГТЭС, 7 бу қазандығы бар Оңтүстік қазандық және 19 дербес блок-модульдік қазандық (АБМК).

Кәсіпорынның жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 190 шақырым, оның 35,7 шақырымы магистральдық жылу желілері болса, кварталаралық жылу желілері – 154,3 шақырым. Қазір 190 шақырымның 12 шақырымына жөндеу жүргізіліп жатыр.

"Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы аясында 8 нысанға кварталаралық және магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары енгізіліп отыр. Сол арқылы жылу желілерінің тозу деңгейін азайту көзделген.

"Мемлекет басшысының 2022 жылғы қыркүйек айындағы сайлауалды бағдарламасында жаңа тарифтік саясатқа көшу қарастырылған болатын. Соған сәйкес "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы қабылданған еді. Сол бағдарлама аясында 2023 жылдың қаңтар айынан бастап табиғи монополия туралы заңға біршама өзгерістер енгізілді. Бұл жердегі басты мақсат – жылу желілердің тозуын азайту. 2029 жылға дейін қазіргі тозуларды 15-20%-ға дейін азайту көзделген. Қаламыздағы жылумен жабдықтау мекемесі – "Қызылордажылуэлектрорталығы" МКК. Оның бүгінгі таңда жылу желілерінің тозуы 48%-ды құрап отыр. Ал осы жылдың соңына дейін жылу энергетикасының саласына мемлекеттік бюджеттен 8 млрд 100 млн қаражат бөлінді. Оның 784 миллион теңгесі – бюджеттік кредит. Ол қазіргі таңда тарифтің ішіне салынып отыр. Одан бөлек, өз қаражатымызға 2023 жылға 114 млн теңгеге негізгі және қосалқы жабдықтарды, сондай-ақ ұзындығы 4,3 шақырым кварталаралық жылу желілерін жөндеуді жүргіземіз. Қаражаттың 31 млиллионы – электр желілеріне, 82 миллионы жылу өндіру саласына бағытталады. Осының нәтижесінде біз жылдың соңында тозу деңгейін 48% пайыздан 46,1% дейін азайтуды жоспарлап отырмыз, - деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Егембергенов.

Бүгінгі күні тариф бағасы мен жұмысшылардың орташа жалақысы да күн тәртібіндегі мәселеге айналып отыр.

"Заңға біраз өзгеріс енгізілді. Соның бірі "Қызылордаэлектржылуорталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынындағы бекітілген орташа жалақысы 93000 теңге болатын. Соны 178000 теңгеге көтеру мақсатында бізге өтініш түскен. Тарифте өсім 8 маусымнан бастап 15% пайызды құрап отыр. Ал, цифрға келетін болсақ, орташа босату тарифі 6500-ге көтерілді. Оның ішінеде халық үшін сараланған тариф 2300-ден 2800-ге дейін көтеріліп отыр", - деді Айбек Асылханұлы.

Инвестициялық бағдарламада көзделген жұмыстарды орындау арқылы қазандықтар мен жабдықтардың сенімділігі мен жұмысқа қабілеттілігін, жылу алмасуын, жылу желілеріндегі судың сапасын жақсартуға, жылу желілерінің тозуын, өндірістік жабдықтардың тозуын және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік бар.

Қазіргі уақытта стансаны алдағы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына дайындау, кәсіпорынның экономикалық дамуы, техникалық қайта жарақтандыру және қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Алдағы жылу маусымына дайындықты 15 сәуірде бастап кеттік. Қазір дайындық жұмысының 78 пайызын орындадық. Жылу жүйелерін қайта жаңғырту және стансаның қазандықтарын жөндеу жұмыстарын толығымен 15 қыркүйекке дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, бюджет есебінен атқарылып жатқан жұмыстар қазан айында бітеді. Біздегі ЖЭО-дағы 6-шы, 9-шы қазандықтарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оңтүстік бу қазандығындағы 1 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 3 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары істелді. Қызылорда қаласындағы жылу желісінің ұзындығы – 190 шақырым. Қазір соның 12 шақырымына жөндеу жүргізіліп жатыр. Жалпы, 2023-24 жылу беру маусымына дайындық аясында республикалық, облыстық және өз қаражатымыз есебінен 12 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға жылу желілерін қайта жаңғырту, бу қазандықтары мен газ-трубиналық қондырғыларын күрделі жөндеуден өткіземіз", - деді "Қызылордажылуэлектрорталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының директоры Медет Усаин.

"Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын іске асыру мен жылу және электр саласына қатысты міндеттелген, жоспарланған жұмыстарды орындау арқылы көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тиімділігін, негізгі және қосалқы жабдықтардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған еңбек шығындарын, жылу жүйелерін тозу дәрежесі мен жылу шығындарын азайтып, сапаны жақсартуға да жол ашылмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу