Лампаны ауыстыру үшін энергоаудит жүргізудің қажеті қанша?!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2532

"Қуатты мейлінше мол өндіруге бар ынта-ықыласымен берілген энергетикті қуат үнемдеуге мәжбүрлеу – еш қисынсыз".

Лампаны ауыстыру үшін энергоаудит жүргізудің қажеті қанша?!

Парламент қабырғасында энергетика министрлігінің өкілі аса батыл мәлімдеме жасады.

Астанада "Болашақтың энергиясы" тақырыбында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына небәрі 93 күн ғана қалды. Ағып апталар, сырғып сағаттар өткен сайын жаңғыратын қуат көздері тақырыбы билік үшін күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселеге айналды. Дегенмен бұл мәселеге бас қатыруға өздерін мәжбүрлегеніне қарсы шенеуніктер бар көрінеді.

ЭКСПО қарсаңында мәжіліс қуат үнемдеу және энергиялық тиімділікке қол жеткізу тақырыбына арнап жеке жиын өткізді. Отырысқа үкіметтегі осы салаға жауапты барлық шенділер шақырылыпты.

Алдымен сөз алған инвестиция және даму бірінші вице-министрі Альберт Рау біздің бұл істегі басты бағдар – Еуропа, соның ішінде Германия екенін ашық айтты. Бұл елде электр тогын аса үнеммен жұмсау және оны қалпына келетін қуат көздерінен өндіру азаматтардың бойына мектеп жасынан бастап сіңіріледі екен. "Ал бізде бұл тақырып осынша жаппай қамтитын сипат ала алмай тұр", – деп ауыр күрсінді Рау мырза.

"80-жылдары бүкіл әлемде мұнай мен газ бағасы күрт қымбаттады. Сондықтан сол кезден бастап озық елдер қуат үнемдеуге көше бастады. Қазіргі кезде "қара алтын" мен "көгілдір отын" құны арзандады. Бірақ сонымен бірге дүниежүзінде "энергиялық тиімділікке" бағытталған инвестиция одан әрі артты. Былтыр ол жаһандық деңгейде барлық инвестицияның 6 пайызын немесе 221 млрд долларды құрады. Ал жаңғыратын энергия көздеріне (ЖЭК) әлемде 313 млрд доллар салынған", – деп тамсанды Альберт Рау. Ал бізде ше...

Қазақстан индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскенде, президент қуат үнемдеу және энергиялық тиімділікке жету бойынша алғаш рет нақты міндет қойды. Содан индустрияландырудың бірінші "бесжылдығында" ұлттық экономиканың қуат шығынын 10 пайызға азайту жүктелген.

"Біз ол міндеттің үдесінен шыға алдық, – дейді бірінші вице-министр. – Енді жаңа міндет қойылып отыр. Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың 6 қаңтарындағы "Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол" атты бағдарламалық мақаласында 2020 жылға қарай ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 25 пайызға және ғасырдың ортасына қарай 50 пайызға төмендетуге тапсырма берді. Бұл міндет еліміздің стратегиялық жоспарларына енгізілді.

Альберт Раудың айтуынша, бұл жерде салыстыру үшін "бастау нүктесі" ретінде 2008 жыл алынады.

"Бұл өте маңызды. Себебі қуатты тиімді жұмсау және энергия үнемдеу кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін анықтайды. Жалпы алғанда бұл бағыттағы даму динамикамыз жаман емес. Соның ішінде ТМД елдеріне қарағанда көрсеткіштеріміз тамаша. Ресейден де, Украинадан да, Өзбекстаннан да алдамыз. Алайда дамыған елдерден көп артта қалып келеміз. Рас, олар бұл шаруамен ондаған жылдан бері айналысады, оны да ескерген жөн. Ал Қазақстанға бұл жүйені тақырдан бастауына тура келді. Кеңес кезінде тұрғызылған барлық алып зауыт-кәсіпорын, нысан қуатты көп шығындайтыны жасырын емес", – деп ақталды Альберт Рау.

Ол бұл салада Германияның энергетикалық агенттігі (DENA) Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде таңдалғанын жеткізді. Еліміздің қуат үнемдеу және энергиялық тиімділік жөніндегі бағдарламасын да, тиісті заңды да әзірлеуге сол көмектескен.

Жалпы 2010 жылдан бері не істелді?

"Бізде қазір заңнама да, республикалық және өңірлік бағдарламалар да бар. Әр ұлттық компания тиісті төл бағдарламасына ие. Бізде осы саланы өркендетуге жауапты ұлттық институт анықталды. Еуропалық стандарттарға балама ретінде құрылыс материалдары мен технологияларға, ғимараттарға және жобалық құжаттарға энергиялық тиімділік талаптары енгізілді. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық жолға қойылды. Бүгінде Индустрияландыру аясында іске қосылатын барлық жаңа кәсіпорын бұл саладағы халықаралық стандарттарға жауап беруге тиісті. Тіпті тау-кен металлургиядағы жаңа ірі кәсіпорындарды, цемент зауыттарын алсаңыз, олар әлемдік көрсеткіштерге толық жауап береді, себебі, заманауи жабдықтар қойылған", – дейді Альберт Рау.

Қуаттың тиімді, ұтымды әрі үнемді шығындалуына қол жеткізудегі үкіметтің басты бір құралы – "Мемлекеттік энергетикалық тізбе". Инвестиция және даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, МЭТ-ке жылына 1500 тоннадан астам шартты отын (газ, мазут, көмір, т.б) тұтынатын еліміздегі барлық нысан мен квазимемлекеттік сектор, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер – барлығы 5 мыңдай субъекті кіреді.

Бұлар, жалпы алғанда, 2015 жылы 46 млн тонна шартты отын жаққан. Бұл – Қазақстан тұтынған бүкіл қуаттың 45 пайызы! Әсіресе, олардың арасында 58 ірі кәсіпорынның әрқайсысы жылына 100 мың тонна және одан да көп отын шығындайтын көрінеді. Одан ауаға қаншама зиянды қалдық шығарылады. Бұлай кете берсе, қазақтар қайдан дені сау ұлт болсын?!

Содан үкіметтің ерікті-күштеп иліктіруімен, 2016 жылы МЭТ-тің ірі субъектілері қуат үнемдеу шараларына 41 млрд теңгеден астам инвестиция құйған. Нәтижесінде 1 млн тоннаға жуық шартты отын үнемделген. Бұл 6,3 млрд теңгеге пара-пар.

Негізі республикада 1600-дей квазимемлекеттік сектор нысаны, 2800-дей мемлекеттік мекеме және 600-дей компания – барлығы 2200 субъект энергиялық аудит жүргізуге міндеттелген. Бірақ оны өткізіп үлгермей жатыр. Мұның мән-жайын түсіндірген инвестиция және даму бірінші вице-министрінің айтуынша, "мемлекет осы істі бастағанда елімізде осы салада бірде-бір аудиторлық компания болмаған". Нормативтік база да кейін түзілген. Ал қазір Қазақстанда 12 елден 208 энергиялық аудит компаниясы тіркеліп үлгерді.

Министрліктің мәліметіне сүйенсек, солар жүргізген энергоаудит қорытындысы бойынша әзірленген 335 іс-шара жоспары бойынша еліміздегі компаниялар өздерінің қуат шығындау тиімділігін арттыруға 2020 жылға дейін 380 млрд теңге инвестициялайды деп жоспарланып отыр. Бұдан 3,6 млн тонна шартты отын немесе қазіргі бағаға шаққанда 63 млрд теңге үнемделуге тиіс.

Парламент қабырғасында Альберт Рау ірі кәсіпорындардың қуат үнемдеуге ықылас-ынтасын тудыру үшін депутаттардан оларға мемлекеттік қолдау шараларын әперуді сұрады.

"Бізде заңнамамызда ынталандырушы шаралар өте аз. Біз іс жүзінде тек мәжбүрлейміз, егер жасамаса, жазалаймыз. Бүгінде ынталандырушы бір-ақ шара бар: егер кәсіпорын 5 жыл ішінде қуат шығынын 15 пайызға азайтса, онда біз жергілікті әкімдік пен мәслихат арқылы сол кәсіпорынмен үшжақты келісім бекітіп, ауаға лас шығарындылары үшін жиналатын алымды көбейтпеуге қол жеткіземіз. Әу баста, заңнамада 25 пайыздық мөлшер бекітілген, бірақ кәсіпорындардың бірде-бірі ол межеге жете алмағандықтан өзгеріс енгізіп, 15-ке төмендетуге тура келді. Нәтижесінде қазір тек "ШымкентЦемент" пен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ғана министрлікпен осындай үшжақты келісім бекіте алды", – дейді Альберт Рау.

Ірі бизнестің қуат үнемдеу шараларына ынта қоймай, құлшынбай отыруының тағы бір себебі анықталды.

"Энергиялық тиімділік іс-шараларының өзін-өзі ақтау мерзімі тым ұзаққа созылады. Кәсіпорын қожайыны немесе акционер ол шаралардың арқасында 1 киловаттан 10 теңге ғана үнемдейтінін аңғарады. Рас, алдағы 10-20 жылға шақсақ бұл сома қомақты көлем болады. Алайда осы уақыт ішінде теңге девальвацияға ұшырауы мүмкін, бірақ оның ізінше электр құны соншалықты қымбаттамайды. Ал қуат үнемдеуші жабдықтар шетелдерден шетелдік валютада сатып алынатыны мәлім. Сәйкесінше, ол жабдықтардың өзін-өзі өтеу мерзімі тағы да ұзарады", – дейді Альберт Рау.

Сондықтан үкімет бұл істі шағын кәсіпкерлік ортада қарқынды ілгерілетуге күш салып көрмек. Дәлірек айтқанда, "Даму" қоры Еуропалық инвестициялық банктен шағын бизнес саласында "жасыл" технологияны енгізу, қуат үнемдеу жобалары үшін 200 млн доллар қаржы тартқан. Олар заемдық қаржы ретінде таратылады. Инвестиция және даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, әзірге шамамен 20 жоба қаржыландырылып, жүзеге асырудың әртүрлі кезеңіне шыққан.

Осы тұста қызықты бір жаңалық мәлім болды. Астанадағы ел арасында "зажигалка" атанып кеткен заңғар ғимарат еліміздегі қуат үнемдеуші үлгілі ғимаратқа айналдырылып жатыр екен.

"Біз мемлекеттік органдар арасында мұндай жобаларды өзімізден бастап сынап жатырмыз. Бұл ретте мемлекет пен жекенің серіктестігі тетіктері қолданылады. Энергиялық тиімділікті арттырумен айналысатын жеке компания министрлік орналасқан ғимаратқа толық энергоаудит жасап шықты. Олар ғимараттың жарықтандыру жүйесін қайта құруға толығымен өз қаржысын салады. Өз салымдарын олар есептеуіш құрал көрсететін қуат ресурстарымен шынайы үнемделген төлем есебінен қайтара алады. Қайтарым мерзімі алты жылдай. Бұл өзге де орталық және жергілікті органдарға үлгі-өнеге бола алады", – дейді инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау.

Мәжіліс депутаты С.Симоновтың айтуынша, МЭТ-ке кіретін және энергоаудит жүргізуге міндеттелген 2203 кәсіпорынның 2016 жылы небәрі 650-дейі ғана соны өткізген. Реестрдегі субъектілердің бұл іске құлшынбауына субсидия алудағы түсініксіз жайлар да ықпал еткен. Мәселен мемлекет оларға энергоаудит өткізу шығынының 50%-ын субсидиялауға уәде еткен. Шынында, субсидия аудиттің соңғы алты айындағы шығын үшін ғана беріледі екен.

Депутат кей ірі бизнес субьектісінің аудит нәтижесінде "есеп үшін формальды құжат" алуға ғана тырысатынын, ал өз кәсіпорнының энергиялық тиімділігін арттырудан қандай пайда түсетінін бағамдауға бас қатырмайтынын айтады:

"Бар ниеті тек "энергоаудиттен өтті" деген қағаз алу болғандықтан, олар төмен бағаға қызмет көрсететін аудиторларды іздейді, сөйтіп нарықта дайындалған кадрлары да, аспаптық базасы да, тіпті лайықты әдістемелік базасы да жоқ біліксіз компаниялардың өруіне шарттар туғызады. Олар өздері зерттеген кәсіпорынның қуат үнемдеу әлеуетін анықтай алмайды, тиімді ұсыным әзірлеуді де білмейді. Соның кесірінен, мысалы Павлодар облысында өңірдегі барлық қуаттың 65%-ын тұтынатын 20 ірі кәсіпорынға энергоаудит жүргізу қорытындысында сонау кеңес кезінен қолданылатын қызу лампасын жарықдиодты шамға ауыстыру ұсынысы берілген! Әлгі "мамандардың" есептеуінше, дәл осы шара барынша үнемдеуге мүмкіндік береді-мыс. Оу, лампочкаларды ауыстыру үшін екі жыл жүретін және ондаған миллион тұратын аудитті жүргізудің қандай қажеті бар?!", – дейді С.Симонов.

Мұндай көзбояушылыққа тосқауыл қою үшін үкіметке энергоаудиторлық компания қызметінің тиімділігін зерделеу ұсынылды.

Ал энергетика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Қазақстанда 70 қуат өндіруші және 160 энергия жеткізуші компания жұмыс істейді. Олар 2016 жылы 94,1 млрд киловатт/сағат электр қуатын өндірді. Елімізде энергияға деген қажеттілік жыл сайын 2,2 пайызға артып отырады. Нақтырақ айтқанда, 2012-2016 жылдар аралығында электр қуатын тұтыну 7,1 пайызға артты. Яғни 86,2-ден қазір 92,3 млрд киловат/сағатқа дейін ұлғайды. Ішкі тұтынудан артылған қуаттың бір бөлігі экспортқа шығарылады.

Мекеменің хабарлауынша, Қазақстан өз экономикасын және халқын жылу және жарық ресурстарымен толық қамтамасыз етіп отыр, бұл салада еліміз өз тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігін сақтайды.

"Тіпті тұтынудың ең шырқау шегі 14 мың мегаватқа жеткеннің өзінде, біздің шамамен 3 мың мегаватқа дейін резервіміз болды. Мұны қуаттың тарихи резерві деп атауға болады. Бұл Қазақстан тарихында ешқашан болмаған", – дейді энергетика министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев.

Вице-министр қуатты ең көп тұтынатын "үштік" өзгеріссіз қалғанын айтады: "бұлар – "Еуразиялық энергетикалық корпорация" (2015 жылы ол 3 млн 805 мың тонна шартты отынды шығындаған), "Екібастұз ГРЭС-1" (2,9 млн тонна), сондай-ақ 3 ірі энергетикалық нысан кіретін "Қазақмыс Энерджи" корпорациясы (2 млн 845 мың тонна).

Қуат тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру аясында энергетика министрлігі "электр желілерінде және өндіріс барысында – энергетикалық жабдықтарда энергия жоғалтуды азайтуға" бағытталған шаралар қабылдап отыр.

Сонымен қатар қуат өндіруші нысандардың сол қуатты өндіру үшін жұмсайтын энергиясын да төмендетуге назар аударылып отыр.

"Осыған байланысты энергия өндіретін компанияларда 1 киловатт/сағат электрді немесе 1 гека калорий жылуды өндіруге жұмсалатын 1 грамм шартты отынның шығындалуы – негізгі көрсеткіш. Бұл жерде жақсы мысал ретінде "Балқаш жылу электр стансасын", "АстанаЭнергияны" және "ПавлодарЭнергоның" ЖЭО-2-сін атауға болады. Олар 2012 жылмен салыстырғанда, электр қуатын өндіруге кететін төл шығынын тиісінше 21, 13 және 14 пайызға азайта алды. Бұған энергетикалық жабдықтарды жаңғырту шаралары ықпал еткен", – дейді Бақытжан Жақсалиев.

Қазақстан жаңғыратын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуға мән береді. 2016 жылы осы бағытта 4 жоба іске асырылды. Соның ішінде Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 2 гидроэлектр стансасы қолданысқа берілді. Алматы және Жамбыл облыстарында 2 жел-электр стансасы өмірге жолдама алды. Бұл жобалардың жиынтықты электр қуаты 50,4 мегаватт. Ол бірте-бірте 54 мегаватқа дейін арттырылады.

"ЖЭК-тердің жалпы өндірістегі үлесі жыл сайын артып келеді. Мәселен 2016 жылдың қорытындысында қайта қалпына келетін қуат көздері өндірген электр қуатының 928 млн киловатт/сағатын құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда, 31 пайызға артық. Ал жалпы өндірістегі үлесі 1 пайызға сәл жетпей қалды: 0,98 пайыз болды. "Жасыл" экономика бағдарламасы бойынша Қазақстан ЖЭК өндіретін энергия үлесін 2020 жылға қарай 3 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл еліміздің 300 мыңға дейін тұрғыны бар ірі қалаларының бірін қуатпен қамтамасыз етуге жетеді!", – дейді вице-министр.

Қарапайым тілмен айтсақ, енді бір 3 жылдан кейін судан, желден, күннен, биогаздан және басқа да қалпына келетін қуат көздерінен алынатын электр энергиясы 170 мың тұрғыны бар Қызылорданың және 117 мың адам тұратын Талдықорған қалаларының электрге деген барлық қажеттіліктерін жабуға жетеді екен!

Республикада былтыр жел-электр стансалары 98,2, ал күн стансалары 57,3 мегаватт қуат өндірген. Қазақстанда сондай-ақ малдың қиынан қуат өндіретін биогаз қондырғылары қолданысқа енгізіліп жатыр. Олардың қуаттылығы аздау – 35 киловатт. Бірақ бұл бағытта да жобалар басталды. Ол әрбір фермердің игілігіне жарауы ықтимал.

Сөз соңында бас энергетиктің орынбасары іштегі "қыжылын" өзімен бірге ала кетуді жөн көрмей, депутаттарға айтып салды.

"Қуат үнемдеу және энергиялық тиімділік туралы сөз қозғалғанда, мұны "энергетиктердің басты міндеті" деп айтып жатады. Бірақ шынында солай ма? Өздеріңіз қараңыздаршы, біз – энергетиктер электр энергиясын неғұрлым көп өндіріп, мол өткізуді мақсат тұтамыз, соған бағдарланғанбыз. Демек, біздің сол электр қуатын үнемдеу саясатын жүргізуге міндеттелуіміз қисынға көп келе бермейді! Бірақ соған қарамастан, энергияны өздері де тұтынатындықтан, энергетикалық кәсіпорындар қуат үнемдеу саясатын жүргізуге тартылып жатыр", – дейді энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның қуат үнемдеу әлеуеті 4,6 млн тонна шартты отын немесе шамамен жылына 2 млрд доллар. Егер еліміз осы әлеуетін жүзеге асыра алса, жаңа алып электр стансаларын салуға әзірге қажеттілік болмас еді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу