Латвия: Бизнес табысты болу үшін идея керек

25858

Латыштар бір сәттік пайданы емес, болашақтағы табысын ойлап жұмыс істейді. 

Латвия: Бизнес табысты болу үшін идея керек

ATAMEKEN BUSINESS түсірілім тобының Балтық жағалауына сапарында Латвияның даму қарқынына қатысты алдағы материалда тоқталып өткенбіз. Ал бұл материал Латвиядағы бизнестің ерекшелігі мен жеткен жетістігі әрі түйіткілді мәселелеріне қатысты болмақ.  

Еуропада мемлекеттер арасында экономикалық қарым-қатынас қарқынды. Оның басты байлығы – мемлекеттердің көптігі мен тілдердің түрлілігі.  Қазір Еуропадағы дүйім жұрт 60 тілде сөйлесе, оның ішінде тек 24 тіл ресми дәрежеге ие. Мұнша тілдің қатынасы қалай дамыған? Еуропалықтар бір-бірімен қалай ой түйістіріп, бір-бірін қалай түсініп жатады?

Бұл ерекшелікті Латвия ұшқыр пайдаланған. Әлемге кең тараған Google аударма құралының барына қарамастан, тіпті, аударма жасау технологиясын әзірлеген. Оны бизнесте де кеңінен қолдануда. Ол жайында ақпараттық технологиялар саласындағы Tilde компаниясының басқарма төрағасы Андрей Васильевпен сұхбат құрып, мән-жайын сұрадық. "Бизнесті сұраныс итермелейді" демекші,  оның айтуынша, оған басты себеп болғаны латыш тілінде жазуға деген құлшыныстың, қажеттіліктің артуы екен.  

"Компания алғаш құрылғанда латыш тілін компьютерге енгізу міндетін алдымызға қойдық. Өйткені сол кезде латыш тілін компьютерде теру мүмкіндігі шектеулі болды. Латыш тіліне тән әріптер  компьютерде қондырылмаған болатын. Бұл міндетті орындадық.  Одан кейін латыш тіліндегі қате жазылған сөздерді анықтап отыратын  емле ережесін енгізу қажеттілігі туындады.  Оны да реттедік. Бұл компаниямыздың жасаған жетістігі", –    дей келе, Tilde компаниясының басқарма төрағасы - "бұл технологиялық жетістікке итермелеген қарапайым қажеттілік" деп  түсіндірді.

Ал бастапқы жұмыс жасалған соң, компанияның жасаған туындысы Майкрософқа беріліп, қосымшаларға қондырылған.   Одан кейінгі меже – компьютерде аударма жасау қосымшасын енгізу. Иә, Google аудармашы бар делік, бірақ компания басшысы  латыш тілі  оның ішіндегі көп тілдің бірі дегенді алға тартты. Ал латыштықтар аударма құралының барынша сапалы болғанын қалайтынын, сондықтан да тілдің дұрыс әрі сапалы болуын компания өз міндетіне алғанын жеткізді.

Осылайша латыш тілінен басталған жұмыс, еуропа тілдеріне қажетті аударма құралына дейін өскен.

Андрей Васильев ақпараттық технологиядағы  Лаура және Уно виртуалды көмекші құралдарын үлкен мақтанышпен таныстырды. Бұл Алиса, Сири сынды сұрағыңызға жауап беретін жасанды интеллект құралы. Тіпті Лаураның ұлты да латыш екенін айтып қалды.  

Технологияның нейрондық желісі – осы саладағы, оның ішінде түрлі ақылды технологиялар мен виртуалды көмекші құрылғылар арасындағы  үлкен революция деп бағалаған Tilde компаниясының басқарма төрағасы, "Америка елінде ағылшын тілі қаншалықты деңгейде қажет болса, сіздер үшін де қазақ тілі соншалықты маңызды. Сондықтан да жасанды интеллектіні көптілді  әрі ақылды құрал етіп жасау керек" деген ой салды.  

Әрине, ақпараттық технологиядағы бұл жетістікке үлкен қызығушылық таныттық. Сондықтан да компанияға білікті мамандарды тарту тәжірибесі жайында да сұрастыруды жөн санадық.

Андрей Васильевтің айтуынша, Латвияның жоғары оқу орындарының студенттері арасында компанияға келіп жұмыс істеу қарқыны жақсы. Әлем елдеріндегі оқу орындарын тамамдап келген мамандар да жетерлік екен.

Tilde компаниясына тек бизнес ретінде ғана емес, білім беру жобасы ретінде бағаласа керек, оған мемлекет тарапынан қолдау да баршылық. Осылайша IT-саласындағы компаниялардың білім беру орындарымен байланысы орныққан. Қай сала болсын  шешілмеген сұрақтар болары анық, ал бұл компанияның мұндай мәселесі –  компьютердің адам тілін ұғынуына, оны тез арада ақпараттық сандық сүзгіден өткізуіне қатысты фундаменталды сұрақтарға қатысты екен.

Латвияның бұл жетістігіне қызыға қарағанымыз рас. Заманына қарай қарапайым қажеттілікті технология тіліне ауыстырғаны үлкен жетістік екені сөзсіз.

Жалпы Латвия озық технологиямен қатар қоршаған ортаның, тіпті жұмыс кеңсесінің баршаға ыңғайлы болуына аса мән береді екен.  Бұл елдегі компаниялар кеңседе экоаймақ орнатып, жұмыс орнын міндетті түрде жасыл өсімдіктермен безендіруде үлкен жауапкершілікпен қарайды. Тіпті, кейде кеңсені табиғат аясына да орналастыру қалыпты құбылыс екен.  

2 млн тұрғыны бар Латвия жасанды интеллектіге аса ден қойған. Сол себепті де инновациялық шешімдерге, ең әуелі ІТ-технологияға жүздеген миллион еуро инвестиция салуда. Қазірдің өзінде Латвияны ақпараттық-байланыс технологиясы қолжетімді, ал сапасы жағынан әлемде осы саладағы көшбасшылардың бірі ретінде мойындалған. ІТ-қызметіне қатысты елдің экспорты 1 млрд еуроны құрайды. Латвияның бұл салада тағы да үлкен жетістігі бар. Сырт көзге жәй темір қорабтар сияқты көрінгенімен, оның ішінде үлкен ақпараттық құрылғылар бар. Бұл   – Дата орталығы.  

Google-мен салыстырғанда латвиялық Дата-орталық, әрине, кішігірім компания. Бірақ "мәселе өлшемде емес", –  дейді DEAC компаниясының басқарма төрағасы Андрис Гаилитис. Латвиядағы ІТ-қызметінің экспортын әлемдік танымал жобалармен салыстырып қатар қою қате болар.

90-жылдардың соңында Гаилитис  мәліметтерді бұлтты жүйеде сақтауды ұсынып, оның ыңғайлылығы жайлы алғашқы сөз қозғағандардың бірі. Содан кейін оның компаниясы талай белестен өткен. Ал қазір шетел нарығында үлкен сұранысқа ие компания. Бүгінде Дата-орталықта заманауи озық техникалардың 250 түрлі шкафы іске қосылған. 

Дегенмен алып ғимаратта жұмыс істейтін білгір мамандар саны бірен-саран. Ақпараттық жүйе арқылы қазір кең қолданыстағы электрондық пошта арқылы хат алмасу, түрлі әлеуметтік желілер арқылы көретін кино, еститін музыка, оқитын ақпараттарды сақтайтын жүйе керек. Қарапайым тілмен айтқанда, Дата орталығы – осындай мәліметтердің қоймасы.

Мұндай жүйе ақпараттық бағдарламалар жасайтын әлемде танымал компаниялар бар, олардың жасағанын қайталаудың реті бар ма? Оның жауабы латыштықтар ұстанатын пәлсапада. Олардың айтуынша, әлемде танылған үздік компаниялардың жасай алары көп, бірақ барлығын ескере бермейді. Кез келген жаңашылдықтың бір осал тұсы болары хақ. Міне, біз соның орнын толтырамыз дегенді алға тартады.

Мысалы, шешім қабылдау жылдамдығы. Бұл жағынан DEAC клиенттің сұрауына жедел жауап беріп, ыңғайлы баға ұсына алады. Яғни клиент қалауын орындайды. Осындай ұстанымның арқасында Дата-орталық Еуропа мен Ресей клиенттерін де өзіне тартуда. Сондықтан да болар, Еуропадағы ең жылдам интернет Латвияда. Елдің кез келген түпкірінде, қаласында да, тіпті орман арасында да интернет кең таралған. Қазірдің өзінде Латвия  5G дәуіріне аяқ басып үлгерген.  

Иә, бұл жағынан да латвиялық кәсіпкерлерден үйренеріміз көп болып шықты.

Бизнестің басқа да салаларына сапарымызды жалғастырайық. Келесі кейіпкеріміздің кәсібі – дизайнерлік жиһаз жасау.

Жалпы Латвия  –  жасыл желекті ел. Оның басты қазынасы – жайқалған ну орманы. Ғасырлар бойы елдің басты экспортқа шығаратын тауары – ағаш. Кезінде ағашты өзге елдерге кеме құрылысына тасымалдаса, қазір жиһаз тасымалдануда.  Бұл салада да аса ұқыптылық байқалады. Өйткені өндірістің дамуы табиғатқа зиянын тигізбеуі керектігін берік ұстанады. Оны  Латвияның Экономика министрлігіне қарасты Салалық саясат департаментінің директоры Гатис Силовспен сөйлескенде аңғардық.

"Ағашын кессек, бірден оның орнына жаңа ағаш отырғызылады. Сонда 50 жылда жаңа орман жайқалып өсіп шығады. Орманды өсіре білу де үлкен ғылым", –  дейді Гатис Силовис.

Еуропада жиһаз жасауда не бір танымал алып компаниялар бар. Олармен бәсекелестікке қалайша түсуге болады? Бұл жерде де латыштықтардың айтары бар: "Табысқа жетпей жатсаңыз, идея жоқ деген сөз. Өйткені идея болса, табыс та болады", –  дейді.

НОРДИ ФУРНИТУР компаниясының қожайыны Микс Петерсонс өз кәсібін дизайнерлік жиһаз жасауға деген қызығушылықтан бастаған. Төрт жыл бұрын ол командамен жұмыс істеуді қолға алыпты. Оның айтуынша, ең қиыны, хоббиді кәсіпке айналдыру, ол үшін батыс нарығына шығып, көрмелерге қатысып, жүлде алу керек.

"Идеялармен бәсекеге түсу  –  клиенттердің қалауын орындау. Әйтпесе, жасаған жиһазың сатылмай қалады. Әрине, дизайн да бренд үлгілердің жанында ерекшеленуі керек", –  дейді Микс Петерсонс.  

Бұл кәсіптен түсер табысы туралы да сұрастырдық. Отандық жиһаз магнаттарының құлағына алтын сырға! НОРДИ ФУРНИТУР  компаниясының былтырғы табысы  –  120 000 еуро. Бұл  –  алты адамның үлесі. Аз ба? Миллиондап табыс табатын біздің компаниялар үшін әрине, аз. Бірақ латыштар бір сәттік пайданы емес, болашақтағы табысын ойлап жұмыс істейтінін аңғардық. Жақсы бәсекелестіктің болғанын, жақсы әдістің таңдалғанын қалайды.  Шағын бизнестегі кәсіпкерлердің  басты ұстанымы – өз тұтынушыңды, мақсатты нарықты тауып, кенжелеп тұрған салаларды жетілдіру.

Латвия экономикасының негізгі тірегі – логистика, ауыл шаруашылығы және химия саласы. Бұл салаларға аса мән берілген. Фармецевтика өнімдері мен биокосметика шетелге кеңінен экспортталуда. Латвияның әлемге танымал бренді – Дзинтарс. Елге келіп тұрып Дзинтарс бұйымын алмау, оның өндірісіне соқпай кету дұрыс болмас деп ойладық.  

Өйткені әке-шешелеріміздің қатарластары үшін Дзинтарстың орны бөлек. Бұл парфюрм компаниясының 150 жылдық тарихы бар.

Бір ғана Дзинтарс  парфюмы – Латвияның символдарының бірі, былайша айтқанда, бренд. Экономикадағы дағдарыста компанияның тарап кетпей, нарықта орнын сақтап қалуының өзі құрметке лайық! Бірақ біз Дзинтарстың өткеніне емес, керісінше дамуы жайында сөз қозғамақпыз.  Компанияның басқарма төрағасы Илья Герчиков парфюм компаниясын 45 жылдан бері басқаруда. Оның айтуынша, компанияның батыстағы танымал брендтерден асып түсер ерекшелігі бар. Себебі табиғи косметиканың принциптерін сақтап қалған.

Косметика жасайтын түрлі зертханалар, сынама жасайтын түрлі әдістер, хош иісті әтір жасайтын орындар. Бұл компанияның жұмыс орындары қымбат бутиктерден кем түспейді.  

Өйткені түрлі хош иістер, жұпар иістің ноталары тек қымбат әтір бутигінде жүргендей әсер қалдырады. Өнімнің 70 пайызы экспортқа, негізінен Батысқа жіберіледі. Герчиков мырза өнімнің Қазақстан еліне тасымалдана қоймайтынын да атап өтті. Себебі өнім бағасы  өте қымбат. Шыны керек, біз қолжетімді өнімді сатып алуға үйренгенбіз. Амал нешік?

Нарық өз талабын жүргізеді. Алайда ондағы өмір парфюм сөрелеріндегідей әдемі ме? Әлбетте, олай емес. Өзге елдер сияқты Латвия да қиын-қыстау кезеңді бастан өткізуде. Биыл ел экономикасының дамуы біраз саябырлаған. Оны тіпті реңі кеткен ғимарат сыртынан да байқауға болады. Мысалы, Риганың бір бөлігі керемет сәулет өнері мен туристер шоғырланған алаңға толы болса, келесі жағындағы көрініс мүлдем басқаша. Барлық жерде мінсіз архитектура, бапталған ландшафт пен әдемі ғимараттарды көреміз деу артық болар. Себебі Латвияда қарама-қарсылық қалыпты құбылыс. Қарапайым мысалға алсақ, көшенің бір бетінде ескірген үй орналасса, ал келесі жағында жөндеуден өткен жаңа үлгідегі ғимарат тұруы мүмкін. Кейде бірнеше ғасыр бұрын салынған ғимаратқа жаңаша рең беріліп жатады. 

Халықаралық валюта қорының баяндамасына сүйенсек, Латвияның экономикасы тұрақты, алайда оған сыртқы жағдайлар кері әсер етуі мүмкін делінген. Жылына экономиканың 3 пайызға өсуі жақсы көрсеткіш пе?

Латвияның экс-премьері Вилис Криштопанастың айтуынша, шағын елдің кішігірім бюджеті үшін бұл жеткіліксіз. Оның айтуынша, 3 % емес, 50 %-ға дейін өсуді жоспарлау керек. Бірақ экономика министрлігінің пікірінше, экономиканың қарқынды өсуі елдегі ауқымды процестерге кері әсерін тигізуі мүмкін. Тез қарқынды өсуден гөрі, аз болса да тұрақты болғаны дұрыс деген пікірде.

Байқағанымыздай, тарихтың бұралаң кезеңдерінің әсері болар, латыштықтар өздерінің ең мықты деп таныған тұстарын одан сайын дамытуға тырысады. Тіпті елдің қазыналық саясаты Батыс әлеміндегі елдерге үлгі ретінде танылған.  Бюджет шығысы, салық және т.б. есеп-қисаптың барлығы тәртіппен реттелген.  

Экономика министрі Гатис Силовстің айтуынша, бұл бағыттағы саясат қатаң жүргізіліп, қажет емес шығындар қысқартылып, оңтайландырылған. Экспорттың қай түрінен табыс мол түсетіні сараланған. Қосымша құн салығы көбірек болатын экспорттың санын арттырып, өңдеу өнеркәсібін барынша ел ішінде жүргізу қарастырылған.

Латвияның алдында тұрған тәуекел елдің демографиялық жағдайына байланысты болып отыр. Өйткені қоғамда жұмысшы буынның жасы есейген, ал халық саны азаюда. Дегенмен Латвияда мигранттар саны аз, тіпті мигранттар жоқ десе де болады.

Біз жолықтырған адамдар, яғни цех орындарындағы жұмыскерлер, дәмхана және қонақүй қызметкерлері, тіпті көше сыпырушылардың барлығы дерлік жергілікті латыштар. Дегенмен Латвия өндіріс орындарының 60%-ына жұмыс күші жетіспейді. Сондықтан шетелдік жұмысшыларды көптеп тартуға әзір.

Онымен қоса, Британияның Еуроодақтан шығуының да кері әсері болуы ықтимал.  Сарапшылардың пайымдауынша, Балтық елдерінің ауыл шаруашылығы айтарлықтай қиындықтарға тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Латвия Еуроодақ бюджетіне 250 млн еуродан анағұрлым көп қаржы салуға мәжбүр болады. Еуроодақта мүшелікте болудың жалғыз ұтымдылығы – нарыққа шығу және тиімді мүмкіндіктер жолын табу. Ал қалған мәселелерді шешуде тек өз күшіңе сенуге тура келеді.

Оның үстіне Еуроодақтың өз заңдылығы мен қабылдаған ойын ережесі бар. Ол өнеркәсіпті дамытудан гөрі жасыл технология, стартаптар мен хай-тек кәсіпорындарға бағытталған.  Ал мұндай бағытқа қаржылай қолдау қарастырылған. Мұндай жобаларды – инкубатор деп атайды. Кеңсе орындары, кеңсе орындарын жалға алуға не болмаса кеңсе құрылысына орын да ұсынылады екен. Мемлекет тарапынан алғашқы екі жылда қолдау көрсету қарастырылған.

Ал Латвия мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынас фармацевтика және транзит арқылы тасымал бағытында дамуда.  Қазақстанмен басқа да бизнес бағыттар бойынша әріптестік танытуға Латвияның ықыласы мол екен.

Жалпы Балтық елдерінде шағын кәсіпорындар қарқынды дамуда. Қайда аттап бассаң да, шағын кәсіпкерді кездестіресің. Қазір шағын және орта кәсіпкерлік ол IТ саласы мен өзге де инновациялар ғана емес, сонымен қатар бұрыннан келе жатқан өндіріске де бет бұрған. Мысалы, дәстүрлі латыш нанын пісіретін наубайханалар ашылуда.

"Кәсібіміз шағын болғанымен, нарықтағы ең үздікпіз!", –  дейді "Лачи" наубайхананың қожайыны Нормундс Скаугис. Наубайхана Риганың шет аймағында, табиғаты көркем Скаугистардың әулет қожалығында орналасқан. Негізі, атадан мирас ретінде қалған бұл қожалық кірпіш қабырғамен қоршалған. Скаугис бала кезден нан пісіруді анасынан үйренген екен. Ал қазір бұл кәсіпті пайда әкелетін бизнес ретінде дөңгелетіп отыр.  

Латвияда диеталық қара нан өндірісін қолдайтын мемлекеттік арнайы бағдарлама бар. Яғни, бұл өнім мемлекеттің бренді ретінде танылуы мүмкін. Неге болмасқа? Голландия ірімшігі мен Швейцария шоколады баршаға мәлім емес пе?!

Скаугис мырза Латвияда кәсіпкер қиындыққа түскен жағдайда мемлекет бизнеске қолдау көрсету саясаты аясында көмек ұсынатынын айтты. "Мысалы, салық бойынша қиындық туындаса, оны уақытында төлей алмаса, кәсіпкердің төлемін кейінге қалдырады", –  дейді.

Сондай-ақ пайызсыз несие беретін Еуроодақтың көмегін де атап өту қажет.  Бір сөзбен айтқанда, тегін ақша. Ол қаржының басым бөлігі экологиялық талапты ұстанып, қоршаған ортаны сақтауға жұмсалады. Мәселен, Скаугис қожалығына жақын маңда тоған бар. Скаугистың несие алғандағы міндеті – тоған жағалауын тазалап,  жергілікті тұрғындардың айналасында серуендеуіне жағдай жасау.  

Скаугис мырзаның жылдық табысы 160 мың еуро. Иә, нан бизнесінен айтарлықтай пайда түспейді. 2-3 % пайда болса, соның өзі жақсы жетістік деп бағалайды. "Кәсіпкерліктің басты негізі заңда көрсетілген міндетті барлық кәсіпкердің бұлжытпай орындауында. Яғни, салық төлеу керек болса, оны төлемеудің амалын емес,  салықты уақытында төлеуді ойлауымыз керек", – деп ойын түйіндеді Нормундс Скаугис.

Бұл материалда Латвиядағы кәсіпкерліктің тек бірен-саранына жеке тоқталдық. Мысалға алар  кәсіп түрі жетерлік, сондықтан да болар Латвияның тартымдылығы ерекше. Оның табиғатының өзі медициналық туризмге дайын тұрғандай. Бұл кәсіптің де аяқ алысы қарқынды.  

ATAMEKEN BUSINESS түсірілім тобының бұл сапары Латвияның ең маңызды Лиго мерекесімен тұспа-тұс келді. Бұл  мейрамда 2-3 сағат  күн ұясына батпай көкжиекте тұрақтап, халық от жағып, Янис құдайынан молшылық пен табыс сұрайды.

Бұл дегеніміз – әр елдің басты құндылығы қашанда оның халқы, керемет салт-дәстүрі мен ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы екенін  тағы да бір дәлелдегендей.

Әлия Баймұхамедова, Шұға Наурызбай 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу