Әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық теннисшілердің есімдері белгілі болды

663

Қазақстан әйелдер құрамасы командалық әлем чемпионаты - "Билли Джин Кинг кубогына" өтінім беріп, оған қатысатын ойыншылар тізімін ресми жариялады. 

Әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық теннисшілердің есімдері белгілі болды Фото: ktf.kz

Ярослава Шведова бастаған бапкерлер штабы келесі ойыншыларды таңдады: Елена Рыбакина (WTA рейтингінде 5-ші), Юлия Путинцева (WTA  рейтингінде 68-ші), Анна Данилина (WTA жұптық рейтингінде 32-ші), Жібек Құламбаева (WTA жұптық рейтингінде 154-ші) және Аружан Сағандықова (WTA рейтингінде 743-ші нөмір).

Қазақстан құрамасы Словения және Аустралиямен бірге В тобына түсті. Аустралиялықтар өткен жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. Жалпы алғанда олар өз тарихында 7 рет жер шарының үздіктері атанған.

2023 жылғы Билли Джин Кинг кубогының финалы 7-12 қараша аралығында Испанияның Севилья қаласында өтеді. Әлем чемпионатына Қазақстан құрамасынан басқа тағы 11 команда қатысады: Швейцария (2022 жылғы Билли Джин Кинг кубогының жеңімпазы), Аустралия, Франция, Канада, Чехия, Италия, АҚШ, Испания, Словения, Германия және Польша (уайлд-кард иегері).

Айта кетейік, командалық Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде қазақстандық теннисшілер Польша құрамасын 3:1 есебімен жеңді. Осыдан кейін теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы Билли Джин Кинг кубогының жаңартылған рейтингінде жетінші орынға көтерілді. Команданың бұған дейінгі рейтингтегі орны оныншы болды. Қазір ұлттық құрама Италия, АҚШ, Германия, Румыния, Бельгия, Ұлыбритания сынды құрамаларды басып озды. Бұл біздің әйелдер құрамасының тарихындағы ең жоғары позиция. Әлемдік рейтингтің көшбасшысы бұрынғысынша Швейцария құрамасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу