Лука Модрич – 2018 жылғы әлемнің үздік футболшысы

FIFA бірнеше аталым бойынша биылғы жылдың үздіктерін жариялады.

25 Қыркүйек 2018 09:34 Автор: Маруан Түсіп
Лука Модрич – 2018 жылғы әлемнің үздік футболшысы, FIFA , футбол, Лука Модрич ,үздік футболшы

Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) 2018 жылғы үздіктерді анықтап, Лондонда салтанатты түрде марапаттады. Нақтырақ айтқанда, The Best FIFA Football Awards шоуында тоғыз аталым бойынша биылғы жылдың теңдессіз тұлғалары жарияланды. Енді соларды тізіп шығайық: Үздік футболшы – Лука Модрич («Реал», Хорватия құрамасы), әйелдер арасындағы үздік футболшы – Марта («Орландо Прайд», Бразилия), үздік жаттықтырушы – Дидье Дешам (Франция құрамасы), әйелдер арасындағы үздік жаттықтырушы – Рейнальд Педрос («Лион»), үздік қақпашы – Тибо Куртуа («Челси», «Реал»; Бельгия құрамасы), ең үздік гол соққан ойыншы немесе Ференц Пушкаш атындағы жүлде – Мохамед Салах («Ливерпуль», Египт құрамасы), fair play (әділетті ойын) жүлдесі – Леннарт Ти («ББ Эрзурумспор», Германия), FIFA Fan Award (жанкүйерлерге арналған жүлде) – Перу құрамасының жанкүйерлері, таңдаулы құрама: қақпашы – Давид Де Хеа (Испания, «Манчестер Юнайтед»); қорғаушылар – Даниэль Алвес (Бразилия, ПСЖ), Рафаэль Варан (Франция, «Реал»), Серхио Рамос (Испания, «Реал»), Марселу (Бразилия, «Реал»); жартылай қорғаушылар – Лука Модрич (Хорватия, «Реал»), Нголо Канте (Франция, «Челси»), Эден Азар (Бельгия, «Челси»); шабуылшылар – Кильян Мбаппе (Франция, ПСЖ), Криштиану Роналду (Португалия, «Реал»), Лионель Месси (Аргентина, «Барселона»).

Енді осы үздіктердің биылғы жылғы жетістіктеріне аз-кем тоқтала кетсек, Лука Модрич әлем чемпионатында Хорватия құрамасымен финалға шығып, күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ «Реал» клубымен 2017-2018 жылдар маусымында Чемпиондар лигасын жеңіп алған.

Марта биыл Бразилия құрамасымен Оңтүстік Америка кубогының жеңімпазы атанды. Америка чемпионатындағы (NWSL) «Орландо Прайд» клубының сапында да көзге түсіп, 13 гол соғып, алты пас берген. Жалпы, Марта бұған дейін FIFA тұжырымы бойынша бес рет әлемнің үздік футболшы қызы атанған (2006, 2007, 2008, 2009 және 2010 жылдары).

Дидье Дешамның Франция құрамасымен әлем чемпионы атанғанына биыл жазда бәріміз куә болдық. Рейнальд Педрос «Лион» клубының қыздарымен әйелдер арасындағы Чемпиондар лигасын жеңіп алып, Франция чемпионатында топ жарды.

Қақпашы Тибо Куртуа Бельгия құрамасымен 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Египет елінің жарық жұлдызы Мохамед Салахтың Англия премьер-лигасындағы «Ливерпуль» – «Эвертон» матчында соққан добы әдемі гол болып танылды.    

Қазір Түркияда ойнайтын неміс футболшысы Леннарт Ти былтыр Нидерланды чемпионатында бірнеше жаттығу жұмыстары мен бір ойынды өткізіп, лейкемиямен ауыратын адам үшін қан тапсырған. Әрі өткен маусымдағы 32 ойында бірде-бір ескерту алмаған.

Перу құрамасы 1982 жылдан кейін, араға 36 жыл салып, әлем чемпионатында бақ сынау құқығына қол жеткізді. Өз елдерінің футболшыларына қолдау көрсету үшін сонау Оңтүстік Америкадан Ресейге 40 мың жанкүйер келген болатын. Әрі олар қызу қолдау көрсетудің қалай болатынын паш ете білді.

Маруан Түсіп