Мадияр Әшкеев: Былтыр бір ғана жекпе-жек өткізген себебім...

Өз бағын кәсіпқой бокста сынап көруге бекінген қайсар жігіттеріміздің бірі Мадияр Әшкеевпен тілдесудің сәті түскен еді. 

04 Маусым 2018 09:30 Автор: Маруан Түсіп
Мадияр Әшкеев: Былтыр бір ғана жекпе-жек өткізген себебім..., кәсіпқой бокс, Мадияр Әшкеев, Fight Promotions

Мадияр Әшкеев – Америкаға өз бетімен кетіп, біраз қиындықтарды басынан өткерген қайсар жігіт. Ешкім жетектеп әкеткен жоқ. «Дайын асқа – тік қасық» болған емес. Америкада жүріп, кәсіпқой бокс әлеміне өз күшімен жол тапты. Әзірше тоғыз жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіске жетті. Бесеуінде нокаутпен басым түсті. Қазір мұхиттың арғы бетінде жаттығып жүр. Реті келіп, көкейдегі сұрақтарымызды көлденең тартып едік.

– 2015 жылы тәуекелге бел буып, бәрін ысырып тастап, Америкаға тартып кеткеніңізді білеміз, атүсті хабардармыз. Бейтаныс елге осылай кетіп қалуыңызға не себеп болды? Сізді алға қарай жетелеген қандай ой, не деген батырлық?

– Америкаға 2015 жылдың қыркүйек айында кеттім. Себебі, 2014 жылы «Астана Арландары» сапында жүрген кезімде, Кубаның көпшіліке танымал Олимпиада чемпионы Рониель Иглесиас Сотолонгоны жеңген соң «Fight Promotions» компаниясынан ұсыныс түсті. Кәсіпқой боксқа ауысуға шақырды. Мен ойланып қалдым, ауысқым келді. Әуесқой бокста бар мүмкіндігім мен қабілетімді жүзеге асыра алмағандықтан, бағымды кәсіпқой бокста сынап көргім келді. Қазір де бар ойым – сол.

Сөйтіп, кәсіпқой боксқа енді ауысайын деп жүргенімде, тіпті виза ашып та алған едім... Дәл сол сәтте жағдай өзгеріп, Қазақстан чемпионатында 3-орынға ие болып, «Астана Арландары» сапында тағы бір жыл қалуды жөн көрдім. WSB жобасындағы командамыздың құрамында бір маусымдай жүрдім. Бірақ бірінші жекпе-жегімде жеңіліске ұшырадым. Содан соң екінші рет шаршы алаңға шығармайтындарын сезе бастадым. Әрі менің салмағымда бәсекелестік шектен тыс жоғары еді. Шыны керек, сол бәсекелестерімнен ұтылып та жүрдім. Өзімізде де Олимпиада чемпионы бар, талантты жастар бой көтеріп келе жатты. Ашығы сол, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатына, құрлық біріншілігі мен Азиядаларға бара алмайтынымды сездім. Сөйтіп, мұхиттың ар жағына жол тарттым.              

– Астарлап сұрамақ болғаным, әуесқой бокстан көңіліңіз қалып, әділдікті кәсіпқой бокс рингінен іздеп кеткен жоқсыз ба? Әуесқой бокста неше жекпе-жек өткіздіңіз?

– Әуесқой бокста жүргенімде әділетсіздіктің құрбаны болдым деп айта алмаймын. Бұл – спорт. Жеңіс те, жеңіліс те болады. Ешкімге кінә тақпаймын. Әрине, спорт болғандықтан, бізде ғана емес, басқа да елдерде, барлық жерде әділетсіздіктің де кездесіп тұратын сәттері болады. Бірақ өз тарапымнан ешкімді де кінәламаймын. Қазақстан чемпионатында өзімнің жеңілген кездерім болды. Жалпы, әуесқой бокста 300-ге тарта жекпе-жек өткіздім. Оның жартысынан көбінде жеңіске жеттім. Біразында жеңілістің кермек дәмін таттым. Айтарлықтай ерен жетістіктерге қол жеткізе алмадым. Ересектер арасында әлем және Азия чемпионаттарына қатысудың сәті түспеді. Жастар арасында Азия чемпионатына қатысып, 3-орын алғанмын. Халықаралық турнирлерде жеңіске жетіп жүрдім.   

– Сіз үшін 2016 жыл аса сәтті болғандай, кәсіпқой бокс рингінде алты жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіске жеттіңіз...

– 2015 жылы 12 желтоқсанда кәсіпқой бостағы алғашқы кездесуімді өткіздім. Тырнақалды жекпе-жегімде жеңіске жеттім. 2016 жылы алты жекпе-жек өткізудің сәті түсіп, алтауында да басым түстім. Бастапқы үш жекпе-жегімде жеңіске жету оңай болған жоқ. Одан кейін, бірте-бірте жеңілдей түсті. Кәсіпқой бокстың қыр-сырын түсіне бастадым. Раундтың көбейе түскендігіне бейімделдім. Қай кезде қандай қарқынмен жұдырықтасу және қай раундта қалай қимылдау керек екендігіне машықтана бастадым.   

– Өкінішке қарай, 2017 жылы шаршы алаңға бір-ақ рет шықтыңыз. Жарақатыңыз жар бермегенін білеміз. Әйтсе де, өткен жылғы өміріңізге бір тоқталып өтсеңіз.

– Иә, өкінішке қарай, 2017 жылы бір ғана кездесу өткіздім. Өйткені соңғы жекпе-жегімде маңдайдан қатты жарақат алған болатынмын. Бәлкім, естеріңізде де болар, бірінші раундта баспен қатты соғысып, қабағым жарылды. Сол кезде мұрныма зақым келген болатын. Жарақатым ауыр болып шықты. Америкада ота жасату керек деп шештік. Ота жасаған кезде адамның қал-жағдайың да онша болмайды ғой. Сол кезде, білмеймін, дәрігерлер жақтан ба, әлде өз тарапымыздан ба, түсінбеушілік болып, қатты ұйықтататын дәрі беріпті. Сол себепті ұзақ жатып қалдым. Отадан кейін өзіме-өзім келе алмай қойдым, мең-зең болып біршама жүрдім.

Білесіздер, АҚШ-та дәрігерге жағалай қаралып шығу мүлде оңай емес, қомақты қаржы керек. Ал ондай ақша бізде болған жоқ. Сондықтан жарақатым өзі жазылып кетер деген ниетпен, ақырындап жаттығуға кірісіп кеттім. Дайындығымды жалғастыра бердім. Бірақ шаршы алаңға шығуға 50 пайыз да дайын болған жоқпын. Сондықтан екі-үш жекпе-жектен бас тартуға тура келді, мәжбүр болдым. Мұхит асып, еліміздің көк туын желбіретеміз деп келгендіктен, қазақ боксының абыройына дақ түсірмеуді ойладым.

Шаршы алаңға тек жан-жақты әзір болып шығуды, ел сенімін ақтауды ойладым. Себебі толық дайын болмағандықтан, жеңіліп қалсам, жарақатымнан толық айықпағанымды дәлелдеу де қиын ғой. Оған кім сенеді, оны тіпті «ақталу» деп қабылдайтындар да болады. Қазақ «тіл-көзден сақта» деп, тегін айтпайды ғой. Сондай ма, басқа ма, білмеймін... Әйтеуір қанша дәрігерге қаралсам да, ешқайсысы қай жерім ауратынын, не болғанын дөп басып айта алмады. Бұл да бір үлкен сынақ болды, әбден сергелдеңге түстім. Тек бір Аллаға сыйынып, жаттығуымды жалғастыра бердім...          

– Биыл да, әзірше бір ғана жекпе-жек өткіздіңіз. Бір жылға жуық «үзіліс» спорттық бабыңызға әсер еткен жоқ па?

– Дұрыс айтасыз, биыл да, әзірше, бір ғана кездесу өткіздім. Оған өзім де қатты уайымдап шықтым. Себебі шаршы алаңға шықпағаныма бір жылдай уақыт өткен. Негізі, сегіз раундтық айқас еді, бірақ менеджерлерім келісіп, алты раунд жұдырықтасу керек болды. Рингке «қалай болар екен» деп қобалжып шыққанымды жасырмаймын. Қарсыласым да осал емес еді. Әйткенмен, Алланың қалауымен, жеңіске жеттім. Бірінші раундта соққым дөп тиіп, қарсыласымды құлаттым.  

– Кәсіпқой бокста кейбіреулер ешкімнен қаймықпай, чемпиондармен жекпе-жекке шығуға асығады. Ал баз біреулер ұтылып қалмауды көп ойлайтындай, «жеңіліс» деген бағанында «0» санының тұруын көп ойлайтындай көрінеді. Сізге осы екеуінің қайсысы маңызды?

– Бұл енді әркімнің өз ойы деп ойлаймын. Біз бұл тұрғыда промоутерлермен жұмыс істейміз. Промоутерлер қашанда дұрыс шешім қабылдап, тиімді жолды таңдауға тырысады. Бұл – бизнес. Сондықтан промоутерлер ақша тауып, пайда түсіру жағын да ойлайды. Кіммен жекпе-жекке шығатынымызды шешетін, қарсылас іздейтін – солар. Менеджерімізбен бірлесе отырып, тиімді жолын қарастырады. Келісімшартқа отырғандықтан, олар бізге көмектесіп жүргендіктен, айтқандарына құлақ асамыз. Біз тек әрдайым дайын болуымыз керек.

Ал чемпиондармен жекпе-жекке шығуға келсек, өз басым олармен айқасуға асықпын. Алла бұйыртса, шығамын деп ойлаймын. Өзімді олардан кем көрмеймін. Ал жеңіліс жөнінде айтарым, әрине, кез келген спортшының жеңілгісі келмейді, тарихта атын қалдыруға тырысады. Негізі, маған екеуі де аса маңызды емес. Мен үшін ең маңыздысы – чемпион болу! «Бұйырған кетпейді» дейді қазақ. Ендеше, бұйырғаны болады.        

– Алдағы ой-жоспарларыңыз бен мақсатыңыз?

– Алдағы жоспарымыз бойынша, жыл соңына дейін үш кездесу өткізуді ойластырып отырмыз. Менеджеріммен осындай шешімге келдік. Алла қолдап, ден-саулығым жақсы болса, осы жекпе-жектерімді өткізіп, бағымды сынап көрмекпін. Ал мақсат – әлемді бағындырып, еліміздің көк туын кәсіпқой бокс көгінде желбірету. Қазақ елінің атын шығарып, абыройын асқақтата беру! Әлем чемпионы атанып, белбеулерімді туған елге алып келуді армандаймын.

Маруан Түсіп