Мал азығын жинаудың тың технологиясы

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
5863

"Қаптамадағы пішен" өз тиімділігін көрсетті.

Мал азығын жинаудың тың технологиясы

Жамбылдық малшылар мал азығын дайындау ісінде тың тәсілге жүгініп отыр. Жыл өткен сайын ауыл шаруашылығы саласында соны жаңалық, жаңа технологияларды қолдану арқылы шаруалардың шаш-етектен келетін ісін жеңілдетіп, жан-жақты тиімді әдістер қолданылып жатқаны мәлім.

Сондай істің бірі шулық шаруалар қолға алып, алғаш рет қолданып көрген "қаптамадағы пішен" дайындау ісі болатын. Мал азығын жинаудағы бұл жаңа әдіс жиырма жылдан астам уақыт бойы Еуропа мен Ресейде кеңінен қолданылып келе жатыр.

Жаңа технология малшылардың, қожалық иелерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, оңтайландырып отыр. Облыста алғаш рет қолданысқа еніп отырған тың тәсілдің шығыны өзге дайындау тәсілдеріндегідей 30-50 пайыз емес, небәрі 10 пайызбен ғана шектеледі екен.

"Қаптамадағы пішенді" дайындау үшін бұрынғыдай арнайы шұңқыр қазып, шөп сарайы немесе жемшөп дақылдарына арналған қосымша алаңдар қарастырудың еш қажеті жоқ. Сондай-ақ, жанармай шығыны жоқ, арнайы техниканы да қажетсінейді. Адам күші де едәуір үнемделетінін айта кетейік.

Тың технология бойынша орылған шөп арнайы целлофандарға оралып сақталады. Мұндай жолмен дайындалған азық бірнеше жылға дейін өзінің бастапқы сапасын бұзбайды екен. Вакуумдалып оралған әрбір ораманың салмағы 700 келіден асады. Сондай-ақ, целлофан қаптамада шөптің барлық өскіні төгілмей-шашылмай түгел жиналады.

"Қаптамадағы пішенді" облыста алғашқы болып әзірлеп, оның бүгінде тиімділігіне көз жеткізіп отырған Шу ауданы, Қорағаты ауылдық округіндегі "Ата Қоныс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Мұхтар Махметов:

"Бұл технология республика бойынша биыл тұңғыш рет қолданысқа енуде. Ал, өңірімізде біз бірінші болып осы жаңа технологияны қолдану жөнінде шешім қабылдап, "Қаптамадағы пішенді" дайындаудың өндірістік технологиясын Польша мемлекетінен сатып алдық. Қазіргі кезде бұл технологиямен 100 тоннаға жуық пішен қаптап қойдық", – дейді.

Маржан Кәрімжанқызы, Жамбыл облысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу