Мал баққан қазақ Еуропадан ет cатып алып отыр

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
2494

Қазақстан өзге елдердің қазынасына 3 млн 282,9 мың доллар түсірді. 

Мал баққан қазақ Еуропадан ет cатып алып отыр

Кезінде байлығы мал басымен өлшеніп, күнкөрісі ет, сүт, тері өнімдерімен ерекшеленген қазақты жаппай ауылдан қалаға көшіру үдерісінің қарық қылар түрі байқалмайды. Биылғы соғым науқанында бағасы шарықтап шыға келген ет бүгінде түсімізге кіріп жүр. Ең сорақысы, оның өзі отандық емес.

"Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының" ҰК" АҚ-ның ақпаратына сүйенсек, біз биылғы 9 айда әлемнің 6 елінен әкелінген жылқы етін тұтыныппыз. Атап айтқанда, елімізге Аргентинадан - 782,1, Уругвайдан - 448, Болгариядан - 398,  Моңғолиядан - 82, Исландиядан - 52,4, Мексикадан - 20 тонна жылқы еті жеткізілген. Бұдан бөлек осы елдерден жалпы жиыны 1 мың 120 тонна шошқа, 4 тонна қой және 42 мың 907 тонна құс еті импортталған. Сөйтіп олардың мемлекеттік бюджетіне Қазақстанға сатылған еттен жалпы сомасы 3 млн 282,9 мың доллар түскен. Енді Әзербайжан мемлекеті де биыл Қазақстанға жылқы етін экспорттамақ болып алақан ысқылап отыр.

"Биылдан бастап біз Молдовамен келісімге қол қойдық. Бірақ экспортымыздың басты бағыты Қазақстан болады. Бұл мәселе халықаралық құқық комиссиясының отырысында талқыланып, қазақстандық тараппен нақты қадамдарды іске асыру басталды", – дейді Әзербайжан ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Сейфаддин Талыбов.

Ал жылқыны "мінсең – көлік, жесең – ас, ішсең – сусын" дейтін малсақ қазақ оның етін жыл басынан бері көрші Ресейге ғана экспорттай алды. Жалпы сыртқа 10 мың тонна ет жөнелтеміз деген жоспардың жартысы да орындалмаған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарының мәліметінше, елімізден биыл тек 3,4 мың тонна ет экспортталыпты.

"Біріншіден, біздің негізгі тұтынушымыз – Ресей Федерациясы. Ол жақта рубльдің бағамы өзгерді. Содан кейін біздегі сиыр еті қымбат болып кетті де, өздерінікі арзанға түсе бастады. Екіншіден, Атырау облысында нодулярлық дерматит анықталған болатын. Ол да кері әсер етті", – дейді АШМ мал шаруашалығы департаментінің директоры Азамат Сағынбаев.

Сонымен  Қазақстанның биылғы ет импорттау көлемі экспортынан 125 есе көп.  Қазір Қытайда біздегі мал өніміне деген қызығушылық артып тұрса да, сол сыртқы сұранысты қанағаттандыра алмай отырмыз. Себебі  отандық  шаруа қожалықтарының бәрі шағын. Егер олар жеке кооперативтерге бірігетін болса, ішкі нарықты да, сыртқы сұранысты да қамтамасыз ете алар еді. Осы орайда үкіметтің 2011 жылы мал тұқымын асылдандыратын "Сыбаға", "Алтын асық" және "Құлан" бағдарламаларын жариялағаны еске түседі. Бұған қоса  ел билігі 2014-2015 жылдары "Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру" жобасының аясында 70 мың басқа бордақылау алаңын салуды жоспарлаған. "ҚазАгро", "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ тарапынан да несиелеу қорларының есебінен 3 мың бордақылау алаңын қаржыландыру мақұлданған еді. Ал 2016 жылы осы жоба негізінде Қазақстанға шамамен 50 мың бас ірі қара мал әкелінгені, 5 жылға арналған жоспарға сәйкес, 72 мың бас ірі қара да жеткізілуі тиіс болғаны хабарланған. Соның бәрі қағаз жүзінде қалғанға ұқсайды.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу