RU KZ
TV
RU KZ
РТС 1 176,42 DOW J 24 711,38 Hang Seng 27 090,81 FTSE 100 6 968,33 KASE 2 323,35 Алтын 1 281,30
$ 378.66 € 431.56 ₽ 5.7
Ауа райы:
-1Астана
-0.23Алматы
РТС 1 176,42 DOW J 24 711,38
Hang Seng 27 090,81 FTSE 100 6 968,33
KASE 2 323,35 Алтын 1 281,30
$ 378.66 € 431.56 ₽ 5.7
Мемлекеттік сатып алу веб-порталы ақылы болады

Мемлекеттік сатып алу веб-порталы ақылы болады

Ел үкіметі жаңа жылды «тендерлік тролльдармен» күрестен бастады.

Мемлекеттік сатып алу веб-порталы ақылы болады, тендер, сатып алулар, заңнама, бизнесмен

780 03 Қаңтар 2019 09:00 Автор: Бақыт Көмекбайұлы

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанда мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алулары туралы жаңа заң қолданысқа енді.

Заң бұған дейін бизнесмендер талай рет мәселе етіп көтерген үш негізгі проблеманы шешуге мүмкіндік береді. Олардың қатарында «сатып алу процедураларының шектен тыс бюрократияландырылғаны», «тендерге қатысушылардың біліктілігінің төмендігі, кездейсоқ ойыншылардың ортаға еніп кетуі» және «меморгандардың бір көзден сатып алу тетігін өте көп қолданатындығы» секілді түйткілді мәселелер бар.

Рас, өмірге жолдама алып отырған жаңашылдықтардың бір тобы бір компаниядан сатып алу үшін жаңа мүмкіндіктер де ашады. Нақтырақ айтқанда, бір көзден сатып алудың шекті, яғни ең жоғарғы сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен 500 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Яғни, бұған дейін 240 500 теңгеге дейінгіні бір көзден сатып ала салуға рұқсат етілсе, енді бұл меже 1 миллион 202 мың 500 теңгеге дейін өсірілуде.

«Бұл маңыздылығы төмен сатып алу процедураларын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Осы норма, негізінен, балабақшалар, мектептер, емханалар, ауруханалар, мәдениет үйлері, интернаттар, қарттар үйі секілді бюджеті үлкен емес тапсырыс берушілердің сатып алуларын жеңілдетеді. Бюджеттің төртінші деңгейін енгізу аясында ауыл әкімдіктері үшін бір көзден сатып алудың шекті сомасы 3 мың айлық есептік көрсеткішке – 6 миллион 807 мың теңгеге дейін өседі. Алайда ауыл әкімдіктері бұл норманы тек 2021 жылға дейін ғана қолдана алады, содан кейін күші жойылады. Бұл кезең ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің мемлекетік сатып алуды өткізу тәжірибелері қалыптасуы үшін енгізілуде», – дейді қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов.

Сонымен бірге, бір көзден сатып алуға мүмкіндік беретін 53 негіздің бесеуі алынып тасталды.

Екіншіден, шенеуніктерге тендер арқасында нақты қандай маркадағы өнімді сатып алғысы келетінін сатып алу құжаттамасында ашық жазуға рұқсат етіліп отыр. Бірақ бұл таңдау тек 1 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі немесе 2 450 000 теңгеге дейінгі сатып алуларға ғана беріледі. Тиісінше, шенділер мәселен, автокөліктер жеткізу бойынша тендерде «Toyota Land Cruiser маркалы қымбат көлік алғысы келетінін» жаза алмайды. Өйткені мұндай көліктер бағасы 1 мың АЕК көлеміне сыймайды.

«Тапсырыс берушілер бұдан былай сатып алу кезінде тауарлардың фирмалық атауларын құжаттамада көрсету құқығын иеленеді. Бұл сапалы тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді. Әйтпесе, баға ұсыныстары бойынша сатып алу кезінде бұған дейін сапасы жоқ тауарларды жеткізуге қатысты үлкен проблемалар болды. Ол тауарлардың біразы контрафактілі өнiмдер. Мұндай өнімдер техникалық ерекшелікте көрсетілген жалпы техникалық сипаттамаларға сәйкес келеді. Алайда тауарларды қабылдап алғаннан және пайдалана бастағаннан кейін олар істен шығады», – деп түсіндіреді қаржы министрлігінің өкілі.

Үшіншіден, жаңа заңға сәйкес, орталықтандырылған сатып алулар жүйесі жетілдіріледі. Осындай тәжірибе квазимемлекеттік секторда сынақтан өткен: мәселен, «Самұрық-Қазына» қоры өзінің құрамына кіретін ұлттық компаниялар үшін автокөліктерді бір жерден, яғни әрқайсысына жеке-жеке емес, бәріне бірдей орталықтандырылған түрде сатып алады.

«Орталықтандырылған сатып алулар органдары республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде жұмыс жасайтын болады. Бүгінде әрбір облыстық және аудандық әкімдік өзі сатып алатын «Тауарлары, жұмыстары және қызметтерінің тізбесін» өз бетінше бекітеді. Бұл істі бірыңғайландыру мақсатында енді бірыңғай ұйымдастырушылардың сатып алуларын қаржы министрлігі анықтайтын болады. Осылайша, орталықтандырылған сатып алу қызметтерінің жұмыстары нақты жіктеледі», – дейді Сәбит Ахметов.

Осы орайда орталықтандырылған сатып алу қызметі шеңберінде бірнеше ұсақ сатып алуларды бір ірі лотқа біріктіруге жол ашылады. Бұл отандық бизнеске өз өндірістік қуаттарын үлкен көлемде жүктеуге мүмкіндік береді.

Оның үстіне осы арқылы орталықтандырылған қызметтер әр әкімдік не мемлекеттік мекеме үшін жекелеп емес, олардың тапсырыстарын жинақтау арқылы бірден барлығы үшін сатып алу өткізбек.

Жаңа заңнама бойынша биылдан бастап, тендерге қатысушыларға «қаржылық тұрақтылық» деген жаңа біліктілік талабы қойылады. Оған сәйкес келмегендер сатып алуға қатыса алмайды. Компания «қаржылық тұрақты» деп танылуы және тендерге жіберілуі үшін оның төленген салықтарының, айналымының, негізгі қаражатының, сондай-ақ еңбек ақы төлеу қорының болуы шарт. Бұл мәліметтер мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерінен автоматты түрде алынатын болады.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер көп шағым айтатын «тендер кезінде демпинг жасау» мәселесі шешілмек. Енді «демпингтік баға» ұғымына нақты түсінік беріледі және оған жол бермеу шаралары көзделеді.

«Өткені қазір осыған қатысты проблема бар: сатып алуға қатысушылар контрактілерге қол жеткізу үшін жанталасып, бағаны негізсіз төмендетеді, яғни «демпингтейді». Бұл келісімшарт міндеттемелерін тиісінше орындамауға соқтырады», – дейді қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры.

Сонымен қатар, мемлекет осы жылы кәсіби «тролльдармен» күресуге белсене кіріседі.

«Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алуда «кәсіби шағымданушылардың», «тролльдардың» тұтас шоғыры пайда болды. Олар шағымдануды – мемлекеттік сатып алуды бұзудан заңсыз пайда табудың құралына айналдырып алды. Мұндай «кәсіби шағымданушылардың» қандай да бір тендерде жеңіске жетуге тіпті ниеті де жоқ, бірақ сонда да олар өтінімдерді өзара қарау аясында басқа қатысушылардың ақпараттарына қол жеткізу үшін қатысуға өтінім береді. Осындай жағдайларға тоспа құру үшін бірталай шара қабылданады. Біріншіден, конкурстық өтінішіне кепілдік енгізбеген қатысушыға басқа қатысушылардың құжаттарын қарауына тыйым салынады. Екіншіден, конкурстық құжаттаманы алдын ала талқылауға қатыспаған әлеуетті жеткізушілердің шағымы қаралмайды. Бұған қоса, сатып алуға қатыспаған бөгде, үшінші тұлғалардың шағымдары бойынша келісімшарт бекіту мерзімі тоқтатылмайтын болады», – дейді Сәбит Ахметов.

Мұның сыртында, бұдан былай мемлекеттік сатып алудың веб-порталын қолданғаны үшін ақы төлеу орнатылуда.

Әрине, жаңа заң көптеген мәселелердің түйінін тарқатып отыр. Бірақ барлық проблема шешілді деуге болмайды екен.

«Кәсіпкерлерді ығыр еткен бір түйткіл бар. Мемлекеттік органдар селқостық кесірінен немесе қасақана түрде келісімшартты қазынашылық органдарында тіркеуден өткізбейді. Орындаушылар мен мердігерлер өз жұмыстарын тап-түйнақтай атқарады. Бірақ мәселе орындалған жұмыс көлеміне ақы төлеуге келіп тірелгенде, тапсырыс берушінің ол келісімшартты қазынашылық органдарында тіркеуден өткізбегені анықталады, демек, ондай келісімшарттар бойынша ақы төленбейді. Сөйтіп, кәсіпкерлер айтарлықтай шығын шегеді», – дейді Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Акенов.

Ал «Атамекен» КҰП кәсіпкерлер құқықтарын қорғау кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов сатып алулардың 70%-ы формалды түрде ғана өткізілетінін айтады.

«Шынында олардың көбі сыбайлас жемқорлық пен лоббизм элементтеріне толы. Бұл әсіресе, бір көзден сатып алуға қатысты. Біз мұндай жағдайларды азайтып, бір көзден сатып алуды тек ерекше жағдайлармен ғана шектеген жөн деп санаймыз», – дейді ол.

Бақыт Көмекбайұлы

Тегтер:

Аbctv.kz-ті қараңыз, оқыңыз :

Жаңалықтарға жазылу:

OK