Менингитке қарсы екпе жүргізілмейді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3875

Жыл басынан бері менингит инфекциясының салдарынан 12 адам көз жұмды.

Менингитке қарсы екпе жүргізілмейді Фото: ortcom.kz

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, биыл менингит инфекциясын жұқтырған 58 адам тіркелген. Оның 18-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Ал жыл басталғалы бері менингиттен көз жұмған 12 адамның бесеуі 14 жасқа толмаған.

"Менингитке шалдығудың ең жоғары көрсеткіші 2015 жылы тіркелді. Дәл осы жылы 424 науқас анықталған болатын. Ал 2016 жылы 120 науқас, 2017 жылы 62 науқас тіркелді. Ауруға шалдыққандардың саны жыл сайын өзгеріп тұрады. 2013 жылы 18 адам көз жұмды. 2014 жылы 15 адам, 2015 жылы 21 адам, 2016 жылы 7 адам, былтыр 11 адам осы инфекцияның салдарынан қайтыс болды", – деді Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министр қазіргі уақытта менингитке шалдығу жағдайы Алматы қаласында көп тіркеліп отырғанын жеткізді. Жыл басынан бері Алматыда менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен 80 адам ауруханаға жатқызылған. Оның 35-інің күдігі  расталмаған. 13-і толық тексеруден әлі өткен жоқ. Жалпы, бүгінде ел бойынша 128 адам ауруханаға жатқызылып, оның 82-сі емделіп шыққан. Қазір 34 адам ем қабылдауда. Ал 7 науқас жан сақтау бөлімінде жатыр.

Елжан Біртановтың сөзінше, елімізде менингитке қарсы екпе жұмыстары жүргізілмейді. Инфекциялар бойынша ұлттық үйлестіру консультативтік комитеті осындай шешім қабылдапты. Еске сала кетейік, еліміздің нормативтік-құқықтық базасына сәйкес, екпе жүргізу туралы шешім қабылдау құзыреті осы комитетке тиесілі.    

"Өткен аптада аталған комитеттің отырысы болды. Оның құрамына барлық инфекционистер мен эпидемиологтар кіреді. Олардың пікірінше, қазір екпе жүргізуге әлі ерте. Сондықтан, екпелердің ұлттық күнтізбесіне менингит бойынша екпе жүргізуді енгізудің қажеті жоқ. Бұл дәл қазір тиімсіз", – деді министр.

Елжан Біртановтың сөзінше, менингококк бактерияларына қарсы екпелер жетерлік. Бүгінде олардың екеуі ғана пайдаланылуда. Оның біреуі Қазақстанда тіркелген. Министрдің айтуынша, екпелерді тіркеу фармацевтикалық компаниялардың өтініші бойынша іске асырылады. Қажет болған жағдайда бұл препараттар бірден енгізіліп, еске жүргізу жұмыстары басталады.

"Ауруға шалдығудың екі кезеңі бар. 100 мың тұрғынға шаққанда аптасына үш оқиға тіркелсе, штабтарды құру басталады. Бүгінде бізде бұл деңгей екі есе төмен. Соған қарамастан, біз алдын алу шараларын ерте бастадық. Екпе жүргізу мәселесі 100 мың адамға шаққанда аурудың 10 оқиғасы тіркелген кезде көтеріледі. Ал бізде ауруға шалдығу деңгейі жеті есе төмен. Сондықтан екпе жүргізу шаралары бойынша мәселе көтерілген жоқ", – деді Елжан Біртанов.

Ведомства басшысы менингитке қарсы екпені тұрғындар өз еркімен салғыза алатынын айтты. Мұндай жағдайда бір екпенің құны шамамен 22 мың теңге болмақ.

Министрдің баяндауынша, менингитке қарсы қажетті эпидемиологиялық және медициналық көмекті ұйымдастыру жұмыстары барлық өңірде қамтылған. Өткен аптада арнайы республикалық штаб құрылды. Сонымен қатар әр облыста да  өңірлік штабтар жасақталған.

"Менингит инфекциясын жұқтыру оқиғасы жыл бойы тіркеледі. Мәселен, биыл алғашқы жағдай қаңтар айында орын алды. Бұл біз үшін қалыпты жағдай. Дүрлігудің қажеті жоқ. Сондықтан тұрғындар өз бетінше емделмей, дәрігерлердің айтқанын орындаса екен", – деді Елжан Біртанов.

Еске сала кетейік, соңғы апталарда Алматы, Астана қалаларында менингитке қатысты орын алған жағдайлар тұрғындар арасында дүрбелең тудырды. Әлеуметтік желілерде де менингит салдарынан болған қайғылы жағдайлар қызу талқыға түсті.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу