Менингитпен күрес: ҰБТ талапкерлері «сүзгіден» өтеді

«Менингит дүмпуі» алматылықтарды дүрбелеңге түсіріп, толқыны халықаралық ақпарат құралдарына дейін таралуда.

27 Мамыр 2018 17:27 Автор: Жанат Ардақ
Менингитпен күрес: ҰБТ талапкерлері «сүзгіден» өтеді, менингит, симптомы, белгілері, профилактика, Алматы, ҰБТ, денсаулық сақтау министрлігі
Фото: tengrinews.kz

Ол астаналық шенеуніктерді де жұмсақ креслосында жайлы отырғызбай, Алатау жаққа жол тартуына түрткі болды. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшинмен және басқа мамандармен бірге менингококк инфекциясының «ушығуына» қатысты жағдайды білу үшін Алматыға суыт аттанған. Елордалық делегация мұнда жауапты шенділермен кездесіп, балалар ауруханасын тексерді. 

Сонымен бірге, денсаулық сақтау министрлігі тек Алматы тұрғындарына ғана емес, барша қазақстандықтарға арналған ескерту таратты.

Онда менингит немесе миқұрты – ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуы екені айтылған. Егер «адам безгек ұстағандай қалтыраса, қызуы 38-40 градусқа дейін көтерілсе, лоқсып құсса, іші өтсе, басы ауырса, өңі бозарып, дауысы қарлықса, тамағы ауырса, жөтеле берсе, ұйқышыл болып кетсе, денесінде қызғылт түсті бөртпелер пайда болса, жарыққа тым сезімталдық туса, сана шатасуы аңғарылса, сіңір тартыла берсе, бұлшық ет құрысса», уақыт создырмай, дәрігерге көрінгені жөн. Менингиттің бұдан басқа да тұрақты және негізгі нышандары бар.

«Менингит, әсіресе, емдеу кешіктірілсе, кереңдік, эпилепсия, гидроцефалия және балалардың ақыл-ой дамуында проблемалар туғызуы мүмкін». Ауру салдарынан, адамның интеллекті төмендейді, көру және есту қабілеті зардап шегеді, сал-параличке ұшырайды, өкпе ісінеді, әрбір оныншы жағдайында ақыры өлімге соқтырады.

Менингитті бактериялар, вирустар, қара күйе (уақ саңырауқұлақтар) тудыруы ықтимал. Жұқпалы аурудың қайнар-көзі сырқаттар және бойында сондай вирусы барлар саналады. Бұл «дерт ауа арқылы», сондай-ақ «ыдыс-аяқ, ойыншық және басқа да тұрмыстық заттармен», «жуылмаған жеміс-жидектер, көкөністерден», «өзен-көлдер және бассейндерде шомылу кезінде» жұғады.

Одан қалай қорғану керек? Біріншіден, денсаулық сақтау министрлігі иммунитетті нығайтуға шақырады: ақырындап, суық сумен шомылып шынығу, дене шынықтырумен және спортпен айналысу, таза ауада жиі серуендеу керек. Екіншіден, суды қайнатып ішу қажет. Үшіншіден, жеміс-жидек, көкөністерді таза сумен мұқият жуған, соңынан ыстық сумен шайған жөн. Өйткені бұл вирус 56 градус ыстықта өледі.

Төртіншіден, жеке гигиена ережелерін сақтаған, көшеден келгенде, тамаққа отырғанда қол жуған, баланың көшеде ештеңені де аузына алмауын бақылаған абзал. Бесіншіден, энтеровирустық дерт нышандары пайда болған адамдармен араласудан бойды аулақ ұстауға кеңес беріледі. Алтыншыдан, егер дәрігерлер менингиттің ушыққаны туралы мәлімдесе, балабақшаға, халық көп жиналған жерлерге бармау маңызды. Жетіншіден, адамдар тыйым салынған су қоймаларында суға түспеуге тиіс.

«Менингитпен бір ауырған адамда оған қарсы иммунитет пайда болады» деген сөз таралған. Дәрігерлер оның растығын айтады, бірақ ол төзімділік тек вирустың нақты бір түріне ғана қарсы тұрады, алайда ондай вирустар саны жүзден асады.

Жұртшылық бұл дертке назар аударуы керек. Мәселен, дәрігерлер менингиттен дүние салған алматылық студентке қатысты деректерді жария етті. Алматы қаласының қоғам денсаулығын қорғау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымованың дәйектеуінше, ол студенттің қаза табуының себебі «дәрігерлерге кеш қаралуы» болыпты.  

«Өмірден өткен студент қазақ көлік және коммуникациялар академиясында оқыған. Жатақханада бір бөлмеде бес көршісімен бірге тұрған. Жігіттер үйлеріне қайтуға әзірленіп жатқан. Сұрау салу барысында анықталғандай, студенттер жолай жаңбыр астында қалып қойыпты. Су-су болған қалпы теміржол вокзалына барған. Дерті өлімге соқтырған студент кеш қаралды. Бірнеше күн бойы кеселдің катаралды көріністері байқалған. Ауырудың қарсаңында, кешке қызуы күрт жоғарылайды. Ол өз бетінше емделіп, қызуын түсірген. Келесі күні бөртпелер баса бастаған соң, жедел жәрдем шақырады. Өкінішке қарай, вирус қанға түсіп, менингококк сепсисінің бір түрі басталған. Біз көмек көрсете алмадық, себебі ахуалы ушығып кеткен», – дейді Айзат Молдақасымова.   

Оның дерегінше, мерт болған студентпен 118 адам қарым-қатынаста болыпты. Олардың барлығы және ол тұрған жатақхана медициналық бақылауға алынған. Бірге тұрған студенттерде де катаралды көріністер нышаны тіркелген. Сондықтан олар карантинге алынған. Алғашында лабораториялық зерттеу оларда менингококк инфекциясы жоқтығын көрсетіпті. Бірақ ары қарай зерттеулер жалғасуда. Өйткені студенттердің бірінің жағдайы ушығуда екен, онда менингитке күдік тууда. Жағдайы орташа ауырлыққа жеткен. Дегенмен, артынша оның жағдайы жақсарғаны хабарланды. Сырқат қарапайым палатаға ауыстырылыпты.

Алматының қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин күн сайын өздеріне 300 сырқаттан әкелінетінін жариялады. Бұл алапат лек кей күндері тіпті 500-ге дейін жетіпті. Бірақ қарау қорытындысында олардың 20%-ының ауруханаға жатқызуды қажетсінетіні анықталған. 

«Біздің клиникада 360 койка-орын ғана бар. Қазіргі уақытта 328 сырқат емдеуде жатыр. Олар негізінен, өткір вирустық инфекциямен түскен, ішек инфекция деректері де кездеседі. Менингококк инфекциясына қатысты төрт бала жатыр. Өлімге соқтырған бір жағдай болды. Ауруханада сондай-ақ 15 бала ұйыма менингиттен, тағы 12 бала іріңді менингиттен емделуде, олардың бірі жан сақтау бөлімінде жатыр», – дейді Ержан Сералин. 

Ол ата-аналарға егер баланың қызуы күрт көтерілсе, мұрнынан сұйықтық ақса, буындарының ауыратынына шағымданса, сылбыр болса, денесінде бөртпе пайда болса, алаңдап, жедел жәрдем шақыруға ұсыным береді.

«Алғашқы сағат, дәрігерлер сөзімен айтқанда, «алтын сағат» баланы құтқарып қалуы мүмкін», – дейді балалар дәрігері.

Алматыда бұған дейін менингококк инфекциясынан төрт адам – үш ересек және бір ұл бала қаза тапты. Тағы 29 адамда менингит анықталған. Оның үшеуі жасы 14-ке толмаған балалар. Дегенмен, жергілікті жауапты шенеуніктер инфекцияның жаппай таралуын жоққа шығарады. 

Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин сырқат анықталған үйді немесе басқа да орынжайды мұқият желдетіп, дезинфекциялық құралдармен жуып шығуға кеңес береді.

«Ең бастысы, суық тию, назофарингит белгілері бар сырқаттар шұғыл түрде дәрігерлерге жүгінуге тиіс. Өлімге соқтырған барлық жағдайлар медициналық қызметкерлерге кеш жүгінудің салдары. Өкінішке қарай, менингиттің қоздырғышы «Neisseria meningitidis» қоғам арасында ұдайы айналып жүреді. Ал қазіргі суық ауа-райы, салқын тию оған септесуде. Жалпы, бұл маусымдық сипаттағы дерт. Ол суық кезде, әсіресе, иммунитет төмен көктемде жиі тіркеледі. Бактериялар күн сәулесіне шыдамай өледі, ендеше күннің жылынуымен бірге ауру да азаюға бет алады деп күтудеміз» – дейді бас санитарлық дәрігер.

Алматыда менингиттің 2013 жылы 49 оқиғасы, 2015 жылы 66 оқиғасы тіркеліпті. Ал қазір әзірше 29 зертханалық дәлелденген оқиғасы тіркеуге алынып отыр. Сондықтан Алматыда қазір жұртшылық көп қатысатын мәдени, спорттық бұқаралық шараларға шектеу қойылуда. Барлық балабақшаларда профилактикалық іс-шаралар қолға алынған. Ал мектептерде сабақтардың аяқталуы кеселдің кемуіне игі ықпал етуге тиісті. Ал алматылық талапкерлер шілдеде ҰБТ тапсыру қарсаңында «сүзгі-фильтрден» өтетін болады, яғни алдымен денсаулығының жағдайы туралы күніне екі реттік сауалнамаға жауап берулері керек көрінеді. Егер нышандары әшкереленсе, оқшауланып, ауруханаға жолданады.

Алдағы дүйсенбіде барлық жоғарғы оқу орындары ректорларының қатысуымен үлкен кеңес өтеді деп жоспарлануда. Онда менингитпен ауыру оқиғаларының жиілеуіне байланысты сессия кезеңін қысқарту мүмкіндігі қаралмақ.

Қалай болғанда, бұл дерт бойынша отандық «рекорд» елордаға тиесілі. 2011 жылы Астанада бірден 211 адам сырқаттанған.

Жанат Ардақ