Металл жинау үшін енді биліктен рұқсат сұрау қажет болады

11294

Метал сынықтарын өңдейтін жекеменшік зауыттарға сапасыз "металлолом" жеткізілетіні неге министрлікті мазалап отыр? 

Металл жинау үшін енді биліктен рұқсат сұрау қажет болады

Сарапшылар бұл секторда лоббистік шайқастар жүріп жатқанын айтады. Әр тарап өз дәлелінде табандайды. Бір жағынан, "Кастинг" ЖШС, "KSP Steel" ЖШС, "АрселорМиттал Теміртау" АҚ секілді аз шоғыр метал өңдеуші зауыттарды қорғаған шенеуніктердің айтуынша, елде жиналған қара және түсті метал сынықтары Қытай мен Ресей асады, кейін біз оны құбыр, машина, жабдық, олардың бөлшектері, басқа да бұйымдар түрінде бірнеше есе қымбатқа кері импорттаймыз. Сондықтан ол елде қалып, отандық метал өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтуға тиіс.

Осы себеп-сылтаумен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі №526 бұйрығымен, 2021 жылғы 19 қазаннан бастап, қара және түсті метал сынықтары мен қалдықтарын Қазақстаннан сыртқа әкетуге тыйым енгізді. Дұрысын айтқанда, бұрыннан бері қолданылып келе жатқан тыйым мерзімін кезекті рет тағы 6 айға ұзартты.

Екінші жағынан, осы өнімдерді жинаушылар биліктің бітпес-қоймас тыйымдарынан индустрия әбден құлдырағанын айтады. Көптеген жеке кәсіпкер жұмысын тоқтатты, жұмысшыларын босатты, қаншама отбасы табысынан айырылды. Ұлан-байтақ даламыздың өне-бойында кеңес кезінен бері қордаланған темір қалдықтары коррозияға ұшырап, айналасындағы жерді ластауда. Әйтпесе, құдықтардың қақпақ-люгін ұрлайтын, телекоммуникация мен электр желілерін қиып алатын, теміржол рельстерін кесіп әкететін қаскөй қылмыскерлерді айтпағанда, өз ісін адал жүргізетін, қоқыс полигондарын қопарып, ауыл-аймақты аралап, тот басқалы жатқан темір-терсекті жинайтын кәсіпкерлер өзіндік "дала санитары" қызметін атқаратын.

Үш жылдай бұрын шамамен 100 мыңдай адам метал сынықтары мен қалдықтарын жинаумен айналысатыны хабарланды. Енді ИИДМ дерегінше, осы салада шамамен 6 625 ұйым ғана қалған.

Осы ұйымдардың бірінің басшысы Ержан Мамықов шенеуніктердің тыйымы саланың түбіне жетуі мүмкін екенін айтады.

"2018 жылдан бері Үкімет түсті метал сынықтарын автокөлікпен шетелге шығаруға 2 жылға тыйым салды. Тек теміржолмен тасымалдау қалған, бірақ теміржолмен жөнелту нәтиже бермеді. Тариф тым қымбат болды, тауарды теміржол тұйығына дейін жеткізу қиын. Оның үстіне метал сынығына вагондарды көп беруге бейресми тыйым бар деп естідік. Тыйым күшіне енгеннен кейін жұмысшыларымызды тегіс босатуға мәжбүр болдық, базамызды жаптық. Өзіміз де кіріс көзінсіз қалдық. Өйткені дәндеп алған отандық өңдеуші зауыттар тым аз баға ұсынады. Онымен қоймай, жеткізілген тауар үшін уақытында есептеспейді, төлемді бірнеше айға кешіктіреді", – дейді кәсіпкер.

Оның байламынша, зауыттар берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланбайды.

"Түсті және қара метал сынықтары мен қалдықтарды жинаушы, өткізуші компаниялар қауымдастығы" төрағасының орынбасары А. Бисенғалиевтің айтуынша, тыйымдарға дейін қазақстандық осы ұйымдар жылына 3,5 миллион тоннаға дейін қалдық жинап, экспорттайтын. Ал отандық төрт металлургиялық зауыт жылына әрі кетсе, 1,5 миллион тонна сынықты ғана өңдей алатын. Тиісінше, кезінде министрлік тыйымды енгізгенде, қазақстандық өңдеу секторы шикізатқа қарық болып қалатындай көрінген: 3,5 млн тонна шетел аспай, өзімізде өңделсе, ғажап емес пе?! Олай болмады. Оның орнына метал сынығын жинау секторы азды.

Осыны дәйек еткен "сынық жинаушылар" министрліктен тыйымды ұзартпауды қиыла сұрапты. Бірақ шенеуніктер құлақ аспады.

"Қазіргі уақытта отандық металлургиялық кәсіпорындар қара және түсті метал сынықтары мен қалдықтары түріндегі шикізат тапшылығын тартуда. Осы кәсіпорындарды жүктеу мақсатында тыйымды ұзарту туралы шешім қабылданды", – деп қысқаша жауап қайырды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Ұлан-ғайыр далада шашылған метал сынықтары бәріне жететін еді.

"Еліміздегі метал қоры 50-ден 250 миллион тоннаға дейін барады. Бұған қоса жыл сайын 5 миллион тоннадан астам қара метал сынықтары мен қалдықтары жаңадан қалыптасады. Бұл ретте метал сынықтары мен қалдықтарының 80%-дан астамын жеке тұлғалар жинайды", – дейді Сенат депутаты Еділ Мамытбеков

Жаңа талаптар кәсіпкерлерді шығынға батыруы мүмкін

Тыйымды да азсынса керек, енді аталған ведомство дәл осы салада тағы бір жаңа бастамамен шығып отыр. Атап айтқанда, Парламент қарауында жатқан "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң жобасы аясында "түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау, дайындау, сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызмет түрінің рұқсат беру тәртібін" енгізу қарастырылып отыр.

Жалпы бұдан бұрын билік "Doing Business" жаһандық рейтингінде Қазақстанның жағдайын жақсарту үшін лицензиялау, рұқсат беру жүйесіне реформа жасап, оның басым көпшілігін жойған болатын. Енді кері процесс жүріп жатқанға ұқсайды.

Металл сынықтарын жинайтын, сақтайтын, сататын кәсіпкерлерді рұқсат алу жүйесіне көшіру не үшін қажет болды? Шенеуніктердің дәйектемесі назар аудартады. Себебі металлургиялық зауыттарға сапасыз сынықтар мен қалдықтар жеткізілуде екен. 

"Соңғы уақытта лом дайындау сапасы күрт төмендеді, металлургиялық зауыттардан көптеген сын-ескертпе келіп түсуде. Сапасы төмен шикізат түпкілікті өнім сапасына да әсер етеді. Бұдан бөлек, заңды тұлғалардың түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинау, сақтау, қайта өңдеу және өткізу саласында қызметін бастағаны туралы хабарлама тәртібі енгізілгелі бері лом дайындау алаңдарында төтенше оқиғалар саны күрт өсті. Өйткені қауіпсіздік және еңбекті қорғау шаралары қабылданбайды. Ал егер рұқсат беру форматы енгізілсе, мұндай шараларды қабылдау – рұқсат алу үшін қойылатын біліктілік талаптарының біріне айналады", – деп мәлімдеді министрлік.

Ведомство салада "бір күндік" фирмалар ашу үрдісін байқапты. Олар сынықтардың ірі айналымын жинап өткізуге пайдаланылады екен де, содан кейін таратылып, банкротталады. Кейбір компания мүлдем қатысы жоқ үшінші тұлғалар атына қайта рәсімделген. Сала ұйымдары шамамен 3 миллиард теңге табыс салығын төлемей, жалтарған.

Жаңа талаптар енгізілген соң метал сынығын жинап сататын кәсіпкерлерге металлургиялық зауыттарға сапалы шикізат жеткізу үшін біраз шығындалуға тура келуі мүмкін. Министрлік оларда сынықты зауытқа сапалы дайындайтын маман жоқ деп қапаланады.

"Металлургиялық зауыттарға жеткізілетін шикізат сапасының төмен болуының негізгі себептеріне – лом дайындау саласындағы білікті персоналдың жетіспеушілігін, лом дайындаушылардың теріс пиғылды әрекеттерін, регламенттер мен мемстандарттардан ауытқуын, ескірген техника мен жетілмеген техниканы қолдануын, реттеуші органдар тарапынан бақылаудың болмауын жатқызуға болады. Қолданыстағы хабарлама тәртібі осы кәсіпорындардың сапасы мен жауапкершілігін еш реттемейді. Жауапкершіліктің жоқтығы олардың алаңдарындағы төтенше оқиғаларға соқтырады. Сынықтарды өңдеу, кесу және тиеу адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін техникамен және жабдықтармен жүзеге асырылады", – деп түсіндірді ИИДМ.

Ведомство тартқан сарапшылар бұл қадамның кері салдарлары болатынын ескертіп отыр. Біріншіден, ол бюджеттен шығын шығаруды талап етеді. Рұқсат беру бойынша жұмысты ұйымдастыру, мемқызметке тиісті мамандар алу, жалақы төлеу қажет болуы мүмкін (бюджетке шығыны шамамен 3,8 млрд теңге деп есептелген).

Екіншіден, лицензия талаптарына сай болу үшін метал сынықтарын дайындаушыларға да біраз шығын шығару қажет болады, бұл олар жеткізетін шикізт бағасының көтерілуіне соқтыратын көрінеді.

Бірақ онсыз да сараң отандық зауыттар шикізатқа көбірек ақша төлеуден бас тартуы ғажап емес. Онда сала ары қарай деградацияланады, сынық жинаушылар қатары одан әрі селдірейді, металлургиялық кәсіпорындар шикізат жоқ деп қайтадан билікке алақан жаймақ.

Жалпы мемлекет тек экономикағы қатысуын азайтып қана қоймай, әр зауыт-кәсіпорынның мүддесін ілгерілете беруін де азайтса, жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу