Мигранттар қонақжай Қазақстанға миығынан күле қарайды

Елімізге сырттан келетін еңбек күшіне табыс салығы салынып, кепілді депозит ашу талабы қойылуы керек.

Мигранттар қонақжай Қазақстанға миығынан күле қарайды

Әлемдік тұрғыда қоғамдық пікірді талдаушы экономикалық "Гэллап" институтының мамандары ТМД елдері бойынша мигранттардың жұмыс істеуге деген қызығушылығы мен талпынысына зерттеу жасапты. Аталмыш институт мамандары 12 мемлекеттегі 1,5 млн мигранттың пікірін талдай келе оларға қатысты қай елдің "қонақжайлық" танытатынын сарапқа салған. Халықаралық институттың мәліметінше, мигранттарға қабақ шытпайтын елдердің қатарына Грузия мен Әзербайжаннан кейін Қазақстан қосылған.  

Мигранттар үшін Ресей, Украина, Қырғызстан, Молдова, Армения мазасыз ел саналады екен. Шеттен нәпақа табуға келетін мигранттардың көпшілігі Ресейдегі расизмді сөз етсе, Армения еліне жұмыс іздеп баратын мигранттар бұл елдің заңы тым қатал екенін айтып мұң шағыпты. Украина да мигрантқа қатысты заңын қатайтып алған. Зерттеу-талдау жұмысына қатысқан мигранттардың 52%-ы өздеріне Қазақстанда жұмыс істеудің жайлылығы мен нәпақа табудың тиімді екенін айтқан.

2017 жылғы дерек бойынша, Қазақстанда  300 мыңнан астам мигрант нәпақа тауып жүр. Бүгінде елімізге бір ғана Тәжікстаннан келетін жұмыс күшінің саны 100 мыңнан асып жығылады. Сол 100 мың тәжіктің 70 мыңы біздің базарларда сауда-саттықпен айналысса, қалған 30 мыңы түрлі құрылыс жұмыстарына жегіледі. Бүгінгі таңда елімізге Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресейден енетін мигранттардың да саны күн сайын көбейіп келеді.

"Елімізге келетін мигранттар саны жыл сайын артып келеді. Қазір есеп бойынша Қазақстанға енетін мигранттар саны 300 мыңнан асып жығылған. Тіпті олардың тіркелмей жұмыс істеп жүргендері қаншама?! Келешекте елімізде түрді өндіріс орындарын ашу, тұрғын үй құрылысын жетілдіру, жекелеген үй тұрғызудың ауқымы артады. Сондықтан 2020 жылға қарай елге шеттен енетін мигранттардың көлемі 1 млнға жуықтауы әбден мүмкін. Болашақта біз осы мәселенің түйінін тарқатып алуымыз керек. Жалпы, мигрантқа қонақжай  ел атану мақтан емес. Бізге  шеттен келетін жұмыс күшіне қатысты белгілі бір талаптарды қатайту керек", – дейді экономист-ғалым Жаңабай Алдабергенов.

Оның пайымдауынша, болашақта бізге мигранттарға тапқан табысын заңдастыруды міндеттеу керек. Бірінші кезекте мигранттарға кепілді депозит ашу талабы қойылуы тиіс. Себебі  шеттен келген мигранттар Қазақстанның заңын бұзған жағдайда елдеріне қайтарылады. Бұл шін бюджеттен қаржы бөлінеді. Бекерден бекер шығындалмас үшін мигранттардың депозитінде жатқан ақшаны алып, оларды елдеріне өз ақшаларымен қайтару қажет.

"Бір ғана тәжіктерді алайықшы, олар Қазақстанның базарларында кептірілген жеміс сатып қанша пайда көруде?! Кептірілген өрік-мейіздің бір келісі 1500-2000 теңгені құрайды. Басқа өнімдері тіпті шарықтап тұр. Осыны ескерсек, біз үшін болашақта мигранттарға кепілді депозит аштыруды міндеттеу аса маңызды. Мысалы, бізде заң бұзған 1 мигрантқа 1 мың айлық есептік көрсеткіш айппұл салынады. Ал енді 1 айлық есептік көрсеткіш қазір 2405 теңге, 1 мың айлық көрсеткіш 2 млн 405 теңге болады. Сауда-саттық саласында, құрылыс саласында жүрген  мигранттар біздің елге келіп ай сайын қомақты сома табады. Сондықтан табысын жасырып қалмауы үшін кепілді депозит аштыруды міндеттесек, табыстарының белгілі бөлігі сол депозитке сақталып отырады.  Депозиттері жоқ мигранттарға талапты қатаңдатып, заң алдындағы жауапкершілігін арттыру керек", – дейді қаржыгер Марал Тартенова.

Бүгінде әлем халқының 3%-ы мигранттарды құрайды. Олардың жалпы саны  дүниежүзі бойынша, 224 млн-ға жеткен. Бірқатар дамушы елдер   мигранттарға қатысты талаптарын күшейтіп алған.

"2017 жылғы дерекке жүгінсек, шетелден келетін заңсыз жұмыс күшін тартқаны үшін екі мыңнан астам жұмыс берушіге айыппұл салынып, ел бюджетіне 116 млн қаражат түсіпті. Біз қазір ТМД елдері бойынша мигранттарды елге енгізуде ең жайлы мемлекет саналып отырмыз. Әзербайжанда заңсыз жұмыс істесе, сырттан келген мигранттарға да, жұмыс берген адамға да айыппұл салынады. Ал біз бірінші кезекте жұмыс берушіні жазалаймыз. Ол жұмыс беруші Қазақстан азаматы ғой. Сондықтан бұл ретте мигранттарға да "арзан жұмыс күші" деп аяушылық танытудың қажеті жоқ.  Мигранттар аз табыс табатын болса, Қазақстанға келмейді. Демек біз олардан тапқан табыстарын заңдастыруды талап етуіміз керек. Мигранттар ел бюджетіне салық төлеуі тиіс. Депозит ашып, оның  белгілі бір бөлігін Қазақстанда қалдырулары керек. Оларды тапқан табыстарынан ай сайын табыс салығын төлеп отыруға міндеттеу керек", – дейді экономист-сарапшы Арман Мусин.

Мамандардың пайымдауынша, біз мигранттарға қатысты заңды қатайтпасақ, 2020 жылға қарай елге келетін жұмыс күші қазіргіден де көбейеді.

"Сырттан жұмыс күші ағылған сайын елдегі азаматтарды жұмыспен қамту жағы қиындай түседі. Қазірдің өзінде Қазақстанда жұмыссыздардың саны 1,5 млн адамға жетті. Мигранттардан ел бюджетіне келер пайда жоқ", – деді Арман Мусин.

Қарлығаш Зарыққанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу