Денсаулық сақтау министрлігінің дүмбілез жобасына 6,6 млрд теңге түсіп үлгерген

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2740

Президент сала басшысына жаңа жүйені жетілдіруді жүктеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің дүмбілез жобасына 6,6 млрд теңге түсіп үлгерген

Осыдан бір күн бұрын өткен қос шатырлы парламенттің біріккен отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін (МӘМС) жетілдіру туралы талап қойды.

Елбасы жаңа жүйедегі кемшіліктерге тоқталып, оны енгізуге асықпау қажеттігін айтты.

"Бізде 2,7 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарында. "Өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам" деген сөз әлемнің қай түкпірінде қолданылады? Бұл салықтан жалтару деген сөз. Денсаулық сақтау министрі, мен дұрыс айтып тұрмын ба? Осындай мәселе туындап тұрғанда сіз неге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшеміз дейсіз? Халықтың бір бөлігі медициналық қызметті тегін алып жатқанда, келесі бір бөлігі "мен неге төлеуім керек?" дейді ғой. Мұны реттеу керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің пайымынша, өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар кiм екенi анықталуы және олардың санаты белгіленуі тиіс. Осылай болған жағдайда олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылады.

Айта кетейік, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіне мемлекет пен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қосылады. Нәтижесінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санаттағы 10 млн азаматқа қазына қаржысынан жарна төленеді. Яғни мемлекет жұмыссыздардың, зейнеткерлердің, көп балалы аналардың, мүгедектер мен ҰОС ардагерлерінің, студенттер мен 18 жасқа толмаған балалардың, жүкті әйелдер мен 3 жасқа толмаған бала күтімімен үйде отырған тұлғалардың атынан МӘМС қорына 5029 теңге аударып отырады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қорға ай сайын 1414 теңге төлеуі тиіс болады. Жұмыс істейтін адамдар 2019 жылдан бастап айлық табыстарының 1, ал 2020 жылдан бастап 2%-ын қорға қиюы керек. Ал МӘМС аясындағы  медициналық көмек 2018 жылдан бастап көрсетіледі.

Науқастардың еміне жұмсалатын барлық шығынды қор өтейді. Бұған қоса оларға кез-келген мекемеде емделу құқығы беріледі. Осылайша мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелер арасында бәсекелестік күшейіп, медициналық қызметтің сапасы жақсарады.

Естеріңізге салайық, МӘМС жүйесі аясындағы медсақтандыру қоры биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс істей бастады. Бүгінге дейін оған жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер жарна аударды.

30 тамыз күні медициналық сақтандыру қорына 5,44 млрд теңге жиналғаны жарияланды. Ал бүгін бұл сомма нақтыланып, 6,6 млрд теңгеге жеткені белгілі болды.

Осы уақытқа дейін жұмыс берушілер міндетті медициналық сақтандыру қорына 5,2 млрд, ал кәсіпкерлер мен келісімшартпен еңбек ететін адамдар 1,4 млрд теңге аударыпты. Аударым жасағандардың көш басында 20,5% көрсеткішпен Алматы, одан кейін 11,6% нәтижемен Астана тұр. Қарағанды облысы 8,7%, Шығыс Қазақстан облысы 8,3% көрсеткішке қол жеткізген. Басқа аймақтар әзірше кібіртіктеп тұр.

Жыл соңына дейін қорға 23 млрд теңге түседі деп болжанған.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елбасының ескертуінен соң абдырап қалды. Ол қапелімде не айтарын білмей, жүйені жетілдіруге қосымша уақыт сұрады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қатысты министрге бұған дейін де ескерту һәм ұсыныс жасалды. Тіпті 2015 жылдың 18 қарашасында президент қол қойған заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеу 2017 жылғы 1 шілдеден 2018 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылды.  

Мәселе талқы таразысына салынған тұста мәжіліс депутаты Владислав Косарев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды 2 жылға шегеру қажеттігін айтты.

"Біз үлкен істі қолға алып жатқандықтан, дайындық жұмыстары байыпты, әрі жұмсақ болуы үшін осы ұсынысты енгіздік. Егер біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды бірден енгізіп жіберсек, қателікке ұрынамыз, ал соза тұрсақ дұрыстап дайындаламыз", – деді депутат.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы да МӘМС жүйесінің жетілдірілгенін қалайды. Бұл туралы ұлттық палатаның IV съезінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру реформасын 2020 жылға дейін шегеру қажеттігі ресми мәлімделді.

Ал өткен аптаның соңында ұйымдастырылған кездесуде Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов МӘМС жүйесін жетілдіру жайын талқылады.

Тимур Құлыбаев аталмыш жүйеге бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет екенін атап көрсетті. Оның сөзінше, жүйені жаңғырту арқылы міндетті медициналық жарнаның кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға тигізетін жағымсыз әсерін азайтуға болады.

Министр төралқа төрағасының ұстанымын бірден құптады. Ол барлық бастамалар мен ұсыныстар ой елегінен өткізілетінін алға тартып, тараптар таяу арада Үкіметке өзгерістердің келісілген нұсқасын бірлесіп ұсынатынын жеткізді.

Міндетті медициналық сақтандыру қорына миллирдтаған қаржы қотарылып жатыр. Ал жүйе әлі тиісінше жетілдірілмеген. Түбінде шикілік шықпаса жарар еді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу