Министр цирк әртістеріне 400 мың теңгедей "пенсия" төлеуді ілгерілетуде

1283

Асхат Оралов оларды ертерек зейнеткерлікке шығаруды жөн көреді. Себебі, қартайған клоун акробаттық жұмысты атқара алмайды екен.

Министр цирк әртістеріне 400 мың теңгедей "пенсия" төлеуді ілгерілетуде Фото: inbusiness.kz

"Әртістер қартаймайды" деген стереотип қалыптасқан, әрине, олар да адам. Әртістер Үкіметтен ерте зейнеткерлікке шығаруды көп жылдан бері талап етіп келеді.

Себебі, 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан ынтымақты зейнетақы жүйесінен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Соған байланысты әртістердің мерзімінен бұрын және жеңілдетілген түрде зейнетақы ала бастайтын тәжірибесі жойылды.

Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, әсіресе, үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын, цирктерде, би ансамбльдерінде жұмыс істейтін әртістерге 20 жыл жұмыс өтілін жинағанда, жеңілдікпен зейнеткерлікке шығару мәселесі көп жылдар бойы пысықталуда.

Бірақ Еңбек министрлігін де көп жылдан бері Тамара Дүйсенова басқарып келеді. Сондықтан ол аққұла әртістердің бейнетінің зейнетін ерте көруіне келісімін бермей, бұғаттап келеді. Өйткені онда шахтерлар, кеншілер, мұнайшылар және басқа ауыр жұмыстар атқаратын адамдар да ерте зейнеткерлікке шығу мүмкіндігін жаңа қарқынмен талап ете бастайды деп қорқады.

Мәдениет министрлігі әртістердің ерте зейнетақысы туралы мәселені бұдан бұрын Президенті әкімшілігі, ел Үкіметі, мүдделі мемлекеттік органдар мен Парламент деңгейларінде талай рет талқыға салғандарын алға тартты. Алайда Тамара Дүйсенова ханымның командасы табанды: "жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту принциптерін сақтау үшін әртістерге еңбек сіңірген жылдары үшін ерте зейнетақысын қалпына келтіру жөніндегі ұсынысқа қолдау көрсетілмейді".

Сондықтан Асхат Ораловтың командасы бұл "санкцияны" айналып өтудің басқа жолын тапты. Ол кем дегенде жиырма жыл істеген әртістерге ай сайын қомақты әлеуметтік төлемақы төлеуді енгізбек. Ендеше бұл жәрдемақы іс жүзінде ерте пенсияға айналады. 

Бұл бастамасын министрлік алда Мәжіліске енгізетін, "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету, мәдениет, туристік қызмет, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану, кинематография, туристі мiндеттi сақтандыру, ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деген ұзынсонар атауы бар, көлемі де қап-қалың заң жобасына сыналап енгізіп қойды.

Бірден айта кетелік, жаңа "зейнетақыны" барлық әртіс алмайды. Оны алу үшін бірнеше шарт бар. Ай сайын, тұрақты түрде төленетін мемлекеттік әлеуметтік қолдау:

  • Тек үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын әртістерге, цирктердегі әртістерге, би ансамбльдерінің әртістеріне ұсынылады;
  • Тек мемлекеттік ұйымдардың әртістеріне беріледі;
  • Өз бетінше құрылған көркемөнерпаздар ұжымдарында (художественная самодеятельность), коммерциялық ұйымдарда, ансамбльдер мен цирктерде жұмыс істейтіндерге берілмейді;
  • Әртіс өз мамандығы бойынша жұмыс жасауын, өнер көрсетуін тоқтатқан, яғни саладан кеткен болуы шарт.

Неге министр дәл осы әртістерге бөле-жара қамқорлық жасамақ?

Мәдениет ведомствосының түсіндіруінше, үрмелі аспаптарда, циркте ойнайтын және би билейтін әртістердің жағдайы ауыр көрінеді. Өйткені олар қартайғанша жұмыс істейін десе, жас дарындар алдын орап кетеді, қартайған әртіс қажет болмайды, салада бәсеке көрігі қызып жатыр.

"Осы салалардағы әртістердің кәсіби шеберлігінің деңгейі, олардың әлемдік деңгейдегі бәсекесі үнемі артуда. Нәтижесінде, осы мамандықтар иелеріне орасан зор физикалық жүктеме түседі. Оның салдары аталған әртістердің денсаулығында проблемалар туындайды. Сонымен қатар, олар қартайғанға дейін өз өнерімен көрермендердің жүрегін "жаулауға" мәжбүр. Цирк әртісі, үрмелі музыкалық аспаптарда ойнайтын әртіс, би ансамбльдерінің әртісі сияқты кәсіптер зиянды және ауыр еңбек жағдайлары бар кәсіптер санатына жатады", – деп дәйектеді Мәдениет министрлігі.

Білмейтін адамдар: "циркте сайқымазақтанып, ыржалақтан, ырбаңдап, елді күліруде немесе би билегенде тұрған қандай зияндылық, ауыр жұмыс бар?" деп таңдануы мүмкін.

Министрліктің түсіндіруінше, әртістердің сөз болып отырған санаты қартайғанда, "физиологиялық және эстетикалық сипаттағы ерекшеліктерге байланысты", қарабайыр тілмен айтқанда, жұмысын ары қарай жалғастыруға күші жетпей, немесе кәрі болып, сахнада селтеңдеуге көрерменінен ұялып, зейнеткерлік жасты күтпестен кәсіптен кетеді екен.

"20-25 жылдық кәсіби қызметтен кейін олар кәсіби ауруларға шалдығады. Мысалы, үрмелі аспаптарда ойнайтын әртістердің жақ-бет бұлшықеттері тұрақты кернеуде болады. Соның кесірінен, ерін мен жақтың құрысу-спазмы, бас айналу, бастағы қысым, гипертония, өкпе және басқа аурулары туындайды. Цирк әртістерінің жұмысы күш қолданылатын, акробатикалық жұмыстармен байланысты. Акробаттық, күш жанрындағы әртістер, жаттықтырушы-дрессировщик және басқаларының жұмысы өміріне қауіп төндіреді. Ал би ансамбльдері әртістерінің кәсіби қызметі күрделілігі жағынан балет әртістерінің қызметінен еш айырмашылығы жоқ", – деп мәлім етті Мәдениет министрлігінің мамандары.

Бұл жерде ведомство сарапшылары балериналар мен балерондарды бекер тілге тиек етіп отырған жоқ. Бұрынғы биліктегі ірі тұлғалар өнер ішінде әсіресе, балетті жақсы көретін еді, соның арқасында бұл саланың лоббиінің сөзі өтімді болды.

Соның арқасында Үкімет те оларға артықшылық берді. Нәтижесінде "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы заңына балет әртістері үшін ғана арналған түзету енгізілді. Оған сәйкес, арнайы мемлекеттік әлеуметтік қолдау қарастырылды. Ол тек кәсіби еңбек өтілі 20 жылға толған балет әртістеріне төленеді. Олар бұл жәрдемақыны зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алып тұрады.

Сөйтіп, балет әртістері іс жүзінде бейнетінің зейнетін ерте көре бастады. Оның үстіне ол қолдау қаржы да қомақты көрінеді. 

Балет әртістеріне ай сайын аударылатын "арнайы ақшалай төлемдердің" мөлшері сол әртістің лауазымында алған соңғы 3 жылдағы орташа айлық жалақысының кемінде 60%-ын құрайды. Бірақ ең жоғарғы көлемі 109 айлық есептік көрсеткіштен аспайды.

2023 жылы бұл сома 376 050 теңгеге тең.

Балет әртістері зейнеткерлікке шыққанша мемлекеттен ай сайын осыншаға дейін төлемақы ала алады.

Тиісінше, Асхат Ораловтың командасы балет әртістері алып отырған арнайы ақшалай төлемдерді үрмелі аспаптарда ойнап, циркте елдің көңілін көтеріп, би билейтін әртістерге де бере бастауды ұсынып отыр. Оны алушылар тізімі кеңейтпек.

Қынжылтатыны сол, Парламент заң жобасын осы күйде қабылдаса, оның игілігін көре алатындар тым аз болмақ.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта осы санаттарға жататын, яғни үрмелі аспаптар, цирк, би шеберлерінің шығармашылық қызмет өтілі 20 жылдан асқандарының саны шамамен 160 адамды ғана құрайды. Оның ішінде республикалық ұйымдарға қатыстыларының саны 70-ке жуық, облыстық ұйымдардағысы 90-ға жуық.

Сарапшылар да, қоғам белсенділері де биліктің халыққа қиянат жасап отырғанын ашық айтып жүр. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегінше, Қазақстанда соңғы жылдары азаматтардың өмір сүру ұзақтығы құлдырап кетті. Зейнеткерлікке шығу жасы болса, ТМД көлеміндегі ең жоғарғысы болып тұр. Азаматтардың үлкен бөлігі зейнеткерлік жасқа жетпейді.

Мамандардың айтуынша, тіпті Батыстың санкцияларынан сорлаған Ресейде өнер саласында цирктер мен концерттік ұйымдардың әртістері, соның ішінде гимнасттар, эквилибристер, эксцентрик акробаттардан басқа барлық атаудағы акробаттар 15 жыл өтілін жинаған соң зейнеткерлікке шығуға құқылы.

Ал 20 жылдық еңбек өтілі кезінде зейнетке шыға алатын мамандықтар тізімі бұдан да кең. Бұл санатқа бишілер, мото-велофигуристер, балансерлер, шабандоздар, жабайы аңдарды жаттықтырушылар, клоундар, лилипуттар сияқты цирктер мен концерттік ұйымдардың өзге әртістері, 50 жасқа толған балуандар және басқасы жатады.

Зейнеткерлік саласында әділдік орнатуға "Әділетті Қазақстанның" тісі батар ма екен?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу