Моноқаланың мұңы

Локомотив жөндеу депосының қызметкерлері  қысқартуға ұшырап жатыр.

Моноқаланың мұңы

Шар – Шығыс Қазақстандағы төрт моноқаланың бірі. Шаһардың өзі шағын болғанмен, мәселесі үлкен. Облыс пен ауданнан там-тұмдап бөлінген қаражат қаланың қай жыртығын жамасын?!

Шағын шаһардың тұрғындары үшін теміржол тағанының тасұр-тұсыры тіршілік ырғағы іспеттес. Олар үшін сүйкімді ән, қуатты үн, сиқырлы саз отарбаның жүрісінен шығатын тәрізді. Өйткені 10 мың тұрғыны бар монақала теміржолдың арқасында жан бағып отыр.

800-ден астам адам күнделікті табысын теміржолдың бойынан табады. Алайда Шар халқының жүрек соғысына айналған теміржолдың дүрсілі күн өткен сайын бәсеңсіп келеді. Өзгелердің өмірін жеңілдетіп, қолын ұзартқан жаңа технология  қала тұрғындарын қыспаққа ала бастады. Олай дейтініміз, соңғы 30 жылда Шар Локомотив жөндеу депосындағы жұмыс орны 8 есе кеміген. Себебі жұмысшыларды орнын озық технология алмастырған.

"Бұрын қолдың күшімен істелетін жұмыстың көбін қазір техника атқарады. Бүгінге дейін 30-40 адам жауапты болған істі бүгінде бір адам оп-аңай тындыра салады. Соңғы қысқартуда Локомотив жөндеу депосындағы жұмысшылар саны 210 адамнан 108-ге азайды", – дейді дөңгелек цехының шебері Жұмағазы Баймұратов.

Қалада орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ. Мәселені шешу үшін миллиардтаған қаржы қажет. Ал моноқалаға бөлінетін ақша көңіл көншітпейді.  

Аудан орталығы мәртебесінен айырылғаннан бері қалаға тиісінше көңіл бөлінбепті. Таяуда Абайдың мүсіні қойылып, субұрқақ орнатылғанда және қаланың 4 көшесін жөндеуге қаржы бөлінгенде мұндағылар бөріктерін аспанға атып қуаныпты.

Қаланың іргесінде цемент зауыты бар. Теміржолдың бойында тұрса да, ол толық қуатымен жұмыс істемейді. Соңғы 3-4 жылда мұндағылардың табысы мардымсыз болып кеткен. Себебі Ресейдің арзан өнімі зауыттың адымын аштырмай қойған.

Зауытта 200-ден астам қала тұрғыны еңбек етеді. Ал мұндағы өндіріс көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 43%-ға төмендеп кеткен.

Шаһардағы 2 мыңнан астам тұрақты жұмысы бар адамның 10 пайызын дәрігерлер мен ұстаздар құрайды. Олардың да шешілмеген мәселелері шаш етектен.  

"Бізде жас мамандар тапшы. Мұғалімдер мен дәрігерлер ауадай қажет. Моноқалалар "Дипломмен ауылға" жобасынан тыс қалғандықтан, жас мамандарды ынталандыра алмай отырмыз. Баспана, көтермеақы дегендер атымен жоқ. Ұстаздар ауыл мектептеріндегідей атқарған жұмыстарына 25 пайыздық үстемеақы алғылары келеді. Мұндағы өмірдің ауылдағы тіршіліктен айырмашылығы да, артықшылығы да жоқ. Бұл жер азын-аулақ мал ұстауға да  қолайсыз. Мәселені парламент депутаттарына дейін айтқанбыз. Әзірше оң өзгеріс жоқ", – дейді қала әкімі Мұратхан Сәкенов.

10 мың ғана тұрғыны бар шағын шаһарда көлік кептелісі жиі болады дегенге сенесіз бе? Біз осыны өз көзімізбен көрдік. 2-3 сағаттық сапарымызда шаһар ішіндегі солтүстік өткелден  кемінде 4 рет өткен шығармыз. Әр өткен сайын 7-10 минуттық кептеліске тап болып отырдық. Осының себебін қала әкімінен сұрадық. Ол: "Біздің станция арқылы сегіз ірі маршрут өтеді. Шар Алматы, Астана, Қызылорда, Қарағанды, Бішкек, Ташкент, Новосібір, Новокузнецк сияқты бірнеше қаланы бір-бірімен байланыстырып тұр. Пойыздар солтүстік өткелде үнемі вагон ауыстырады, салдарынан күнде көлік кептелісі болады. Бұл мәселені Қазақстан теміржолы компаниясы біледі, біз мән-жайды баяндағанбыз", – деп жауап берді.

Тұрғындар өткелді қаланың сыртына көшіруді ұсыныпты. Бұл өте орынды ұсыныс екенін Қазақстан теміржолы компаниясы бірден мойындапты, алайда нақты шешім қабылдап, әрекет етуге кіріспепті.

Келесі жылдың бюджетіне Шар қаласында спорт модулін тұрғызу жобасы енгізілмек. Бұған дейін Семейді абаттандырумен айналысқан шаһар басшысы Шарды да гүлмен көмкеріп, самаладай жарқыратуға уәде беріп отыр.

Хош, әкім уәдесінде тұрса, шаһардың келбеті өзгерер. Ал келешегі ше? Елімізде моноқалаларды дамыту бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері 5 жыл уақыт өтті. Алайда шойын жолға тәуелді шаһардың экономикасы күні бүгінге дейін әртараптандырылған жоқ.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу