Мұнай келісіміне бұзылу қаупі төніп тұр

3440

АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары энергетикалық шикізат өндірісін қысқартқан елдер арасындағы тепе-теңдікті теңселтуі мүмкін.

Мұнай келісіміне бұзылу қаупі төніп тұр

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) мен Ресей тәрізді ірі экспорттаушылар 2016 жылы мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімге қол қойғаны белгілі. Сол пакт оңтайлы нәтиже беріп, әлем нарығына жеткізіліп жатқан мұнай мөлшері екі жылда 2 пайызға кеміді. Және де бұл шикізаттың бағасы 2014 жылдан бері ең жоғары деңгейге көтеріліп, бүгінде оның бір баррелінің құны 80 долларға жуықтап отыр. Энергетикалық отын нарқының өсуіне бір жағынан АҚШ әкімшілігі Иранға қарсы экономикалық санкцияларды қайта жандандырса, дүниежүзілік рынокта мұнай тағы азаяды, Таяу Шығыста шиеленіс күшейеді деген қауіптер де себепші. Айта кету керек, президент Дональд Трамп 2015 жылы Теһранмен жасалған ядролық келісімнен шығатынын өткен аптада жариялады.

Миссия орындалды. Келісімнің келешегі белгісіз
ОПЕК пен оның серіктестері мұнай өндірісін қысқарту туралы келісімнің мерзімін әрі қарай соза ма? Бұл мәселе маусым айында шешіледі. Бірқатар сарапшылардың болжамынша, егер Вашингтонның санкциялары Иран мұнайын нарықтан ығыстыратын болса, шикізат бағасы әрі қарай қымбаттап, аталған пәтуаға қол қойған кейбір елдер "миссия орындалды" деп, келісімнен шығып кетуі мүмкін.

Американың "Уолл Стрит Джорнал" газетінің хабарлауынша, Ресей, Қазақстан тәрізді бірқатар мемлекеттер кранды ашып жіберіп, нарықтан өз үлесін алып қалуға ниетті. Ал, Сауд Арабиясы сияқты елдер, керісінше, мұнай бағасын осы күнге дейін өсіріп келген келісімді сақтауға мүдделі болып отыр.

Трамптың әрекеті онсыз да ауызбірлігі шамалы ОПЕК-те геосаяси шиеленісті ушықтыра түскендей. Мәселен, өткен жұмада Иранның мұнай министрі Бижан Занганех мұнай бағасының 60 доллар төңірегінде тұрақтағанын қалайтынын атап өтті. Ал, ОПЕК-тің бірқатар елдері қымбат шикізатпен АҚШ-тың мүддесіне де жұмыс істеді деп айыпталып отыр.

Кейбір бақылаушылардың ойынша, ОПЕК пен өзге экспорттаушы мемлекеттер жасаған келісім өз күшін жоятын болса, өндіріс қайта қарқын алып, нарықта артық шикізат көбейіп, мұнай бағасы тағы да түсе бастайды.

"ОПЕК-ке өндірісті шектеу туралы шешімін өзгертуге тура келуі мүмкін. Алайда, бұл оңай шаруа емес. Өйткені, Сауд Арабиясы мұнай бағасының біршама жоғары болғанын қалап отыр", – дейді ОПЕК-тің зерттеу бөлімінің бұрынғы директоры Хасан Кабазард "Уолл Стрит Джорналға" берген сұхбатында. Оның сөзінше, маусымда өтетін басқосуда келісімді әрі қарай жалғастыру мәселесіне қатысты түрлі жолдар қарастырылады.

Қымбат мұнай Америкаға тиімді
Халықаралық нарықтан Иранның қанша мұнайы кететіні әзірге белгісіз. Бірақ, кейбір болжамдарға қарағанда, Еуропаның ірі мемлекеттерінен қолдау таппай отырған Құрама Штаттардың жаңа санкцияларының әсері мардымсыз болады. Дегенмен, сарапшылардың есебінше, америкалық шектеулер салдарынан Иран дүниежүзілік нарыққа тәулігіне 700 мың баррельден астам мұнай шығару мүмкіндігінен айрылады. Ал, 2012 жылы Батыс жарияланған санкцияларға байланысты Теһран күніне 1 миллион баррельге жуық энергетикалық шикізатты шетелге экспорттай алмады.

Экономистердің сөзінше, былтырдан бері құны 50 пайызға өскен қымбат мұнайға сұраныс төмендеп, кейбір тұтынушылар қалпына келетін энергияға көшуі мүмкін. Сонымен қатар, бағасы жоғары шикізат АҚШ-та тақтатастан мұнай өндіретін компаниялардың бұрғылау қондырғыларын көбейтіп, ОПЕК, Ресей және оның одақтастарының нарықтағы үлесін Америкаға бөліп беруі ғажап емес.

Әркімнің позициясы әртүрлі
Сауд Арабиясына мұнай бағасының 80 долларға жеткені тиімді. Өйткені, ол табысының өскеніне мүдделі. Ал, Иран мен ОПЕК-тің өзге мүшелері энергетикалық шикізат нарқы әрі қарай шарықтай беретін болса, мұндай жағдай Американың арзан тақтатас мұнайына сұранысты арттырады деп алаңдап отыр. Сондықтан болар, жақында Занганех ОПЕК-тің кейбір елдерін Вашингтонның ядролық келісімнен шығу шешімін қолдап, АҚШ-тың мүддесіне қызмет етті деп айыптады.

ОПЕК-пен жасалған келісімге байланысты көптен бері жоспарлап жүрген жобаларын кейінге қалдырған Ресейдің мұнай компаниялары болса, енді өндірісті арттыратын күнді тағатсыздана күтіп отыр.

"Орыстар талай уақыттан бері мұнайды көбірек шығаруды қалап жүр. Енді олар Иран мәселесін сылтау етіп, ОПЕК-пен келісімді тоқтатуға немесе оны әлсіретуге күш салуы мүмкін", – дейді PVM Oil Associates брокерлік компаниясының сарапшысы Тамас Варга.

Ал, Вашингтонда орналасқан Арабия қорының зерттеушісі Эллен Уолдтың пікірінше, нарықтан кеткен Иран мұнайының орнын толтыру үшін ОПЕК келісімдегі шектеулерді жеңілдетіп, өндірістің қысқаруына аса риза емес Ирак, Қазақстан тәрізді елдердің көңілінен шығар еді.

"Осындай жайттарды ескеретін болсақ, жыл соңында бізде 2019 жылға арналған келісім болмауы да мүмкін", – дейді Парсы шығанағындағы мұнай өндіруші елдердің бірінің ОПЕК-тегі ресми өкілі.

Иранның жаңа сауда серіктесі – ЕЭО
Трамптың ядролық келісімнен шығуы мұнай бағасын өсіріп қана қоймай, Теһранды Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) жақындатып отыр. Жұма күні Президент Владимир Путиннің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Юрий Ушаков мәлімдегендей, Ресей мен оның посткеңестік одақтастары Иранмен осы аптада еркін сауда келісіміне қол қояды. Естеріңізге сала кетсек, ЕЭО-ға Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения, Қырғызстан мүше.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу