Мұнай нарығы тұралай бастады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4701

Бұл аптада қара алтын құнына кері әсерін тигізетін факторлар басым болмақ.

Мұнай нарығы тұралай бастады

Мұнай нарығындағы саудагерлерді бұл апта нарықтағы сұраныстың аздығы мен АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысының жаһандық экономикалық өсімнің төмендеу қаупі алаңдатып отыр.

Соңғы бірер апта бойы қара алтын құны салыстырмалы түрде тұрақтылығынан айнымағанымен, өткен апта баға аздап төмендегені белгілі. Оған себеп болған ірі экспорттаушы компаниялардың ұсынысының артуы. Осылайша бес күннің ішінде 2 пайызға дейін қымбаттап, өткен жұманы 72,21 доллармен жапқан мұнай бағасы бүгін таңертең 0,3 пайызға қымбаттап, 73,45 долларға дейін жетті.

Аптаны "плюспен" бастағанымен, алдағы бірер күнде саудагерлер жағымсыз жаңалықтардың көп болатынын жасырмайды. Мәселен, өткен апта соңы Ресей энергетика министрлігі өндірістің өткен айда тәулігіне 150 мың баррельге дейін артып, 11,21 млн баррельге жеткенін хабарласа, Сауд Арабиясынан жеткен хабарда да бұл елдегі өндіріс көлемі тәулігіне 11 млн баррельді бағындырғаны хабарланған. Өз кезегінде АҚШ-тың экспорты да осы көрсеткішке жетіп қалғаны айтылған.

Жаһандық мұнай экспортының шамамен 40 пайызына ие бұл үштіктің экспортты ұлғайтуы жоспарлы іс. Өткен айдағы ОПЕК жиынында ұйымға мүше мемлекеттер Венесуэла, Иран мен Ливиядағы тұрақсыздықтан туындайтын өндірістің азаюына байланысты босаған нарықты толтыру үшін өндірісті тәулігіне 1 млн баррельге дейін арттыруға келіскен.

Дегенмен, Иранның оңайшылықпен нарықты "босататын" түрі көрінбейді. Тіпті, парсылар экспортты одан сайын арттырып, экспортты тәулігіне 2,3 млн баррельге жеткізіп тастаған. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 8,8 пайызға артық. Оның үстіне Қытай да Парсы шығанағынан қара алтын сатып алуды көбейте түсуге бекініп отыр. АҚШ-пен арадағы сауда соғысы басталғалы бері Бейжің мұхиттың келесі бетінен мұнай тасуды азайтып, оның орнына Таяу Шығыстың шикізатын көптеп ала бастаған еді. Өз кезегінде Трамп әкімшілігі Иранға салынған санкцияны алға тартып, мұнай сатып алуды доғаруды "бұйырғанымен", Қытай ол сөзге құлақ асар емес.

Жалпы, Қытай мен АҚШ текетіресі мұнай бағасына тікелей де, жанама да кері әсерін тигізетіні анық. Екі елдің арасындағы сауда азайса, өндіріс бәсеңдеп, бұл өз кезегінде мұнай қажеттілігін де азайтатыны анық.

АҚШ осы дүйсенбіде Иранға қарсы жаңа санкциялар легін жариялайтыны айтылған. Тізімге шикізат нарығының компаниялары кірер-кірмесі белгісіз, дегенмен қазірдің өзінде Ирандағы бірқатар шетелдік компаниялар, әсіресе неміс фирмалары жұмыстарын доғарып, елдеріне қайтып жатқаны хабарланды. Оған себеп Ирандағы халықаралық банктердің аталған шетелдік компанияларға операция жүргізуге мүмкіндік бермеуі көрінеді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу