Мұстафа Шоқайдың ескерткіш-бюсті неге алынып тасталды?

Қазір ескерткіш ұлы тұлғаның туысы Еркінбай Ерғалиевтің шаңырағында тұрған көрінеді.

Мұстафа Шоқайдың ескерткіш-бюсті неге алынып тасталды? Фото: ашық дереккөзден

Қызылордада түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың бюсті орнатылғаннан кейін, 10 күннен соң алынып тасталған. Көрнекті тұлғаның мүсіні Шиелі ауданы, 1 Мамыр ауылындағы М.Шоқай атындағы аллеяға қойылған болатын. Inbusiness.kz тілшісі мәселенің мән-жайына үңіліп, себебін анықтап көрді.

Мұстафа Шоқай атындағы аллеяны салуға бюджеттен 46 миллион теңге бөлінген екен. Бірақ Батыс Қытай-Батыс Еуропа күрежолының бойында орналасқан аллеяға осы күні күтім жасалмағаны бірден байқалады.

"Осы орайда, Мұстафа Шоқайдың ескерткіш-бюсті саябақтан неге алынып тасталған" деген заңды сауал туындайды. Жауапты мекемеге арнайы сұрау салдық.

- 2020 жылы Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты 1 Мамыр ауылының кіреберісіне Мұстафа Шоқай аллеясын салу барысында демеушілік есебінен қайраткердің мүсіні бой көтерген. Алайда бюсті орнату барысында монументтік өнер құрылыстарын орнатудың заңдылықтары сақталмай, облыстық және мемлекеттік комиссиялардың келісімінсіз орнатылған. Аталған мәселеге байланысты Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі Шиелі ауданы әкімдігімен бірлесе отырып, мүсінді дайындап, орнатқан демеушіге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссияда осы мәселе қаралып, комиссия шешімімен Шиелі ауданы әкімдігіне қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес Мұстафа Шоқай бюстін жаңадан қайта орнату мәселесін қарастыру жөнінде ұсыныс берілді, - деп жауап берді "Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі мамандары.

Журналист Нұрадин Рақай "Шоқай шоқынғанда баяғыда тұғырында тұрар ма еді?" деп жазады. Олай деуіне себеп те бар секілді. Осыған дейін Алматыда орыс князі Александр Невскийге ескерткіш қойылуына қоғам тарапынан қарсылық туындаған еді. Солай бола тұра ескерткіштің ашылу салтанаты жоғары деңгейде өтіп, іс-шараға Алматы қаласының әкімі де қатысқан болатын.

Ал, М.Шоқайдың Францияның Париж қаласында тұрған бюст-ескерткішінің авторы Аманкелді Кененбаев "қайраткерге Астананың төрінен ескерткіш салса да жарасады. Тек бәрі заң жүзінде болуы керек" екенін айтады.

- Негізі, "ұлттың ұлы тұлғасы Мұстафа Шоқайға ескерткіш не бюст қойма" деп мемлекеттік комиссия да, басқасы да айта алмайды. Аллеядан алынып тасталғаны Мұстафа Шоқай мектебіне қойылған бюсттің үлгісі (рабочий нұсқасы) екен. Оған реставрация жасалған. Бетон не гипс қолданылған бюст қойылуға тиісті емес. Жаңадан монументті өнер құрылыстарын орнату жұмыстары "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" ҚР Заңының 11-бабына және Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің арнайы бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Яғни, ескерткіш деген мәңгілік қалуы керек. Сондықтан олардың материалы қоладан құйылып немесе қатты гранит тастан шабылып қойылуға тиіс.

Әрине, Мұстафа Шоқайдың туған ауылында, тіпті Астана қаласының төрінен еңселі ескерткіші қойылуы керек. Туған жері Наршоқыда да алып мүсіні тұрса деймін. Бірақ, ескерткішті орнатудың да талаптары бар, барлығы заңды болуы шарт, - дейді суретші, мүсінші.

Түркістанның тәуелсіздігін армандаған тұлғаның бюсті аллеясында жаңадан тұғырына қонуға тиіс. "Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі берген ақпаратқа сенсек, Қызылордада Мұстафа Шоқайдың 2 ескерткіші, 2 бюсті бар. Ескерткіштер Қызылорда қаласының және Шиелі ауданының орталығында орналасқан. Ал, бюсттің бірі М.Шоқай ауылында болса, екіншісі шаһардағы М.Шоқай атындағы мектептің ауласында тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу