Мұз еріп, мұхит көтерілуде

9319

1992 жылдан бері Антарктикада 2,7 трлн тонна мұз еріп кеткен.

Мұз еріп, мұхит көтерілуде

Антарктиканың еруі қарқын алып келеді. Өткен аптада мұз зерттейтін ғалымдардың халықаралық тобы жаңа баяндамасын жариялады. Баяндамаға жүгінсек, 1992 жылдан бері бұл "қатқан континентте" 3 триллион тоннаға жуық мұз жоқ болған. Ғалымдардың ескертуінше, егер климаттың жылыну процесіне тосқауыл қойылмаса, әлемдік мұхиттың жағалаулары өзгеріске ұшырайды.

Әлемнің 88 маманы бұл туралы зерттеу қорытындысын Nature журналында жариялады. Олардың пікірінше, жоғалған мұздың бестен үш бөлігі соңғы бес жылда еріпті. Мәселен, 1992-2011 жылдар аралығында Антарктика жыл сайын 84 миллиард тонна, ал 2012-2017 жылдар аралығында жылына 241 миллиард тонна мұз жоғалтып отырған. Сондықтан, Антарктиканың "мұз массасы" кеміп барады деген болжамға күмән сейіліп отыр және мұндай жағдай теңіз жағасында тұратын миллиондаған адамға зор қауіп төндіруі мүмкін.

"Меніңше, біз алаңдауға тиіспіз. Бұл үміт жоғалту деген сөз емес. Иә, мұз еріп жатыр. Атап өтерлігі, бұл процесс біз күткеннен де тез өрбуд", – дейді Калифорния университетінің ғалымы Изабелла Великогна "Associated Press" агенттігіне берген сұхбатында.

Дегенмен, сәрсенбі күні Nature журналында жарық көрген тағы бір зерттеуге қарағанда, Шығыс Антарктиканың мұзды қалқаны осыдан 2-5 миллион жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай алыстамаған. Ол кезде де атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшері шамамен қазіргідей деңгейде болған. Ал, Батыс Антарктика ғаламдық жылыну алдында осал болып шықты. Мұндағы Антарктика түбегінен 1995 жылдан бері 6500 шаршы шақырым мұз шелфі бөлініп, теңізге кеткен.

1992 жылдан бері Антарктиканың 2,7 триллион тонна мұзы еріп кеткендіктен, теңіз деңгейінің көтерілуі заңдылық. Ғалымдардың сөзінше, Гренландияның мұз қалқаны мен тау шыңдарындағы қардың еруі өз алдына, климаттың жылынуы кесірінен Антарктика ғаламдық мұхит деңгейінің жоғарылауында басты рөлді ойнап келеді. Қазір мұхиттар жылына 3,4 мм-ге көтеріліп отыр. Ал, 1993 жылдан бері әлемдік мұхиттың деңгейі 84,8 мм-ге көтерілген екен.

Бристол университетінің зерттеушісі Кейт Хендридің сөзінше, Шығыс Антарктикадағы мұз балансы туралы көп жайт белгісіз. Ал Батыс Антарктиканың тез еріп жатқаны көзге айқын көріне бастады. 

Болжамдарға қарағанда, осы ғасырдың соңына қарай теңіз деңгейі бірнеше сантиметрден бір метрге немесе одан да көбірек көтерілуі мүмкін. Бұл жерде бәрі атмосфераны ластайтын көмірқышқыл газын шектеу әрекеттерінің сәттілігі мен сәтсіздігіне байланысты болмақ. Дегенмен, көптеген ғалымдардың пікірінше, қандай жағдай болса да, мұхиттардың тасуы үшін бірнеше ғасыр керек.

Жоғарыда аталған баяндамаға жүгінсек, бұл зерттеуге тәуелсіз әдістер мен нәтижелер, қорытындылар пайдаланылған және оны жасауға бүкіл әлем ғалымдары атсалысқан. Сонымен қатар, аталған жұмыста НАСА мен Еуропа ғарыш агенттігінің деректері мен құралдары қолданылды, мамандары тартылды. "Associated Press"-тің хабарлауынша, ғалымдар тобы Антарктиканың мұз массасының азайғанын анықтау үшін 10-15 жерсерікті, жер көлемі мен ауаның сапасын, температурасын өлшейтін құралдарды, арнайы компьютерлік симуляция бағдарламасын пайдаланған.

"Бұл зерттеуге қатыспаған ғалымдар да оған жоғары баға беріп отыр. Сондай-ақ, баяндама атмосфераның ластануында адамның қолтаңбасы бар екенін айқындауды мақсат тұтқан жоқ. Дегенмен, табиғи жағдайда Антарктиканың мұзы жоғалмас еді. Оңтүстік мұхиттың еруіне климаттың өзгеруі, судың жылынуы, көмір, мұнай, табиғи газ жағудан ауа температурасының көтерілуі себепші", – дейді Англиядағы Лидс университетінің ғалымы Эндрю Шеферд.

Британдық зерттеушінің ойынша, ғылыми жұмыстың мақсаты – климат осылай жылына берсе, мұдықтар еріп, мұхиттардың суы көтеріле берсе, оның зардабы адамзат үшін ауыр болатынын ескерту.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу