banner

Мұзға бәс тігіп, сазға отырып жүрмейік!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2804

Бетін әрмен қылсын делік, бірақ сарапшылардың айтуынша, Орталық Азияда соғыс басталса, оған су себеп болады.

Мұзға бәс тігіп, сазға отырып жүрмейік!

Мұны Қазақстан басшылығы да жоққа шығармай, қаперінде ұстап отыр. "Қазақстан-2050" стратегиясында "ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерінің" бірі ретінде "судың тапшылығы" айтылған.

"Әлемдік су ресурсы да қатты қысым көріп отыр. Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есе өсті. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген ел суды сырттан алдыруға мәжбүр болады. Су – барынша шектеулі ресурс және оның көзін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжал себептерінің бірі ретінде қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналды.

Сумен қамтамасыз ету мәселесі біздің елімізде де өткір болып отыр. Бізге сапалы ауыз су жетіспейді. Бірқатар өңір оның зардабын қатты тартып отыр. Бұл мәселенің геосаяси астары да жоқ емес. Қазірдің өзінде біз трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалануда бірқатар мәселелермен бетпе-бет келдік. Аталған мәселенің күрделілігіне қарамастан, біз оны саясаттандыруға жол бермеуге тиіспіз" деп нықталған еліміздің ғасыр ортасына дейінгі басты даму стратегиясында.

Марқұм Ислам Кәрімов (Өзбекстан Президенті) көзі тірісінде үрейлі болжам айтқаны бар: "Су ресурстары айналасында қарым-қатынас ушығатын мәселеге айналуы мүмкін. Ушыққаны сондай, бұл жай ғана салмақты тайталаспен шектелмей, тіпті соғыстың тұтануына әкелуі ықтимал", – деп еді ол.

"Тіл-аузы тасқа" дер еді саналы жан, Батыс сарапшылары да бұл қауіпті біздің аймаққа төндіріп қояды. 2011 жылы Foreign Policy басылымында "2012 жылғы 10 соғыс" деген болжамында Халықаралық дағдарыс тобының президенті Луиза Арбор "№6 соғыс" ретінде Орталық Азиядағы қарулы қақтығысты атаған. Және ол қанды қасапқа ықпал етуі ықтимал ең басты қауіп ретінде "су ресурсын бөлу мәселесін" айтты. "Бұл түйткілдің түйінді орталығы – Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстан арасында бөлінген Ферғана алқабы" деп санайды Луиза Арбор. Әрине, тілі жаман америкалық жорамалшының түсі жаман тұспалы сол 2012 жылы шындыққа айналмады.

Алайда суға қатысты шиеленіскен мәселе қалды.

Осы кезде бар назарды дәл осы жайға шоғырландырудың орнына Қазақстан "ақылға қонбастай" көрінетін біртүрлі қадамға барып отыр. Осы аптадағы жалпы отырысында мәжіліс Қазақстан үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы елімізде "Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру туралы" келісімді ратификациялады. Ең "қызықтысы" сол, ел бюджеті жыл сайын ұстап тұруға қыруар қаржы шығындайтын бұл жаңа ұйым тек мұзтаулармен ғана айналысады екен және ағын суларға да, жер қойнауында жасырулы жатқан кәусар қазынаны іздеуге де саусағын қимылдатпайды. "Сонда ол не үшін керек?" деп біршама таңданыс білдірген болды депутаттар.

Халықаралық құжатты, сонымен бірге жаңа халықаралық орталықтың құрылуын қорғаған білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бүкіл әлемдегі елдер ішінен таңдаудың бізге түскеніне қуануымыз керек дегенге сайды. Оған сенсек, ортаазиялық орталықты өзінде құруға әлемнің басқа елдері таласқан көрінеді.

"ЮНЕСКО бұл орталықты құру үшін Қазақстанды осыған тілек білдірген 17 елдің арасынан таңдап отыр. Біріншіден, біздің аймақта су тапшылығы алдағы жылдары негізгі сын-қатердің біріне айналады. Барлық ғалым мен сарапшының пікірі осыған тоқайласады. Сондықтан бұл мәселеге үкімет, оның ішінде біздің министрлік те өте салмақты қарайды. Орталықты өзімізде құруда негізгі факторлардың бірі осы болды", – дейді Ерлан Кенжеғалиұлы.

Екіншіден, Орталықтың дәл бізде құрылуына осы сала ғылымының Қазақстанда жақсы дамуы себеп болған көрінеді.

"Бұл қазақстандық ғылымның гляциология саласындағы жетістігі зор екенін білдіреді. Қазақстан ғалымдары 30-дан астам монография, халықаралық картаға енгізілген еліміздегі мұздықтардың еруі бойынша 80-нен астам карта шығарды. Ғалымдарымыз Тянь-Шаньдағы 3 таулы стансада 60 жылдан бері бұл салада зерттеулер жүргізіп келеді. Және әлемдік жетекші орталықтармен ақпарат алмасып отырамыз. Біздің АҚШ, Англия, Германия, Жапония, Корея, Қытай, Норвегия, Франция, Финляндия, Швеция секілді елдермен 20-дан астам бірлескен жобамыз іске асырылуда. Бұл мемлекеттердің төл 20 орталығының ғалымдары жаһандық осындай орталық Қазақстанда құрылған соң, бірлескен зерттеулермен жаңа, анағұрлым жоғарғы деңгейде айналысуға құлшынуда. ЮНЕСКО шешім қабылдағанда осы фактор да есепке алынды. Яғни Қазақстанның қажеттілігі мен біздің ғылыми әлеуетіміз сәйкес келді!", – дейді БҒМ басшысы.

Оның айтуынша, мұз ғылымының болашағы зор. Өйткені қазіргі кезде мұз – климаттағы өзгерістің ең айқын индикаторының бірі саналады. Мысалы "мұзды құрлық" – Антарктидада бұрғы салып жүрген ғалымдар сол арқылы жыл сайын Жер-ананың қызуы тағы қаншаға көтерілгенін біліп отырады.

Сондай-ақ "Орта Азияда таза судың барлық ресурсы тауда қалыптасады". Ал қар суы және мұздық суы осы аймақтағы басты өзендердің жылдық ағысының 70 пайыздан астамын құрайды.

ЮНЕСКО-ның Орта Азия өңірлік гляциологиялық орталығы Алматыда орналасады. Оны ұстап тұруға Қазақстан былтыр 95 млн теңге бөліпті.

Орталықта жұмыс істеу үшін білім және ғылым министрлігінің География институтынан 43 адам таңдап алыпты. Оның 52 пайызы заманауи әдістерді меңгерген жас мамандар. Тұтастай алғанда, таңдалғандардың 51 пайызының – ғылыми дәрежесі бар.

Министр бұл орталыққа керекті қызметтік орынжайды, құрал-жабдықты, бағдарламалық қамту және техникалық құралдарды осы география институты беретінін хабарлады.

"Білім және ғылым министрлігі Гляциологиялық орталықты құру үшін қажетті барлық іс-шараны орындады. Келісім бойынша орталықтың зерттеу жүргізуі үшін қажетті қаржыны Қазақстан үкіметі бөледі. Келісімнің 7-бабына сәйкес, басқарушылар кеңесін құру жоспарланып отыр. Оның құрамы әр бес жылда өзгеріп отырады. Басқарушылар кеңесіне ЮНЕСКО-ның екі өкілі, Қазақстаннан бес өкіл енгізіледі. Бұл орталықтың республикамыз үшін маңызы өте зор. Орталық әлемде тұңғыш рет құрылып отыр. ЮНЕСКО аясында жұмыс істейтін бұл ұйым Қазақстанның мәртебесін әрі қарай көтереді деп есептейміз!" дейді Ерлан Сағадиев.

Оның айтуынша, орталықтың басты міндеті – таудағы қар басу және мұз қату мәселелерін, еріген су ағымы процестерін, климатқа байланысты өзгерістерді зерттеу.

"Бұл орталық мұздықтардың еруін бақылаумен шектеле ме, әлде өңірімізде, елімізде судың басқа да көздерін ашуға зерттеу жүргізе ме?", – деп жарыса сұрады депутаттар. Бұл орталықтан көңілі қалмауы үшін "тал қармаудың" керін көзге елестетті. Бірақ министр депутаттардың жарқ еткендей көрінген бұл үміт отын жалп еткізіп сөндіріп тастады: жүз миллиондай шығын шығаруды қажет ететін орталық одан басқа ештеңемен айналыспайды екен. Су көзін іздегісі келсе, Қазақстан өз бетінше зерттеу жүргізіп, жеке қаржы жұмсауы керек.

"Бұл орталық тек жер бетіндегі су көзімен, оның ішінде мұзбен ғана айналысады, жер астына тереңдемейді. Бірақ қосымша өте маңызды бірнеше бағыты бар. Біріншісі, аса қауіпті, апат әкелетін селге қатысты. Бұл – мысалы, Алматы үшін өте маңызды мәселе. Екіншісі, әлгі "мореное озеро" деп аталатын, тау басында мұз астында жататын суға қатысты. Мұз астындағы су ресурстарына байланысты біздің біліміміз өте таяз, оны зерттеп, түсіну керек. Мұз астындағы су да әлеуеті зор су ресурсы саналады", – дейді министр мырза.

Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов орталықтың Қазақстанда бітірері шамалы екенін білдіреді.

"Гляциологияның Орта Азиядағы негізгі проблемалық тақырыптары шынында, біздегі Іле Алатауында емес, Памирде. Осы өңірдегі екі ұлы өзен – Әмудария да, Сырдария да Памирден бастау алады. Басты мәселе Памирдегі мұздықтардың жағдайына байланысты. Бірақ біздің елдегі гляциология ғылымының дамуының және ғылыми базаның бар болуы арқасында ЮНЕСКО бізге сенім көрсетіп отырса керек. Бұл – бір жағынан, жақсылық. Екінші жағынан, көрші елдердің Памир тауындағы мұздықтардың мәселесіне қатысты зерттеу жауапкершілігін Қазақстанға аудару. "Орталық соларда, солар зерттеуі, сендерге солар айтуы керек еді" дейді олар ертең көршілерімізге, бізді нұсқап. Сондықтан көрші елдердің осы саладағы ғалымдарын осы орталыққа тікелей тартуымыз керек!", – дейді депутат.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанды тау басындағы емес, жердегі су көздері алаңдатады. Ал өзен-көлмен және басқа да кәусар көздерімен "гляциология" емес, "гидрология" саласы айналысады. Міне, ең алдымен дәл осы сала шегіне жеткенше дамытылуы тиіс еді. Алайда депутаттардың дерегінше, өкінішке қарай, республикамызда не ауыл шаруашылығы министрлігінде, не білім және ғылым министрлігі құрамында су ресурстарымен, соның ішінде жерасты суларымен ғылыми негізде айналысатын мамандандырылған институт жоқ көрінеді.

Бұған БҒМ басшысы не дейді? Әрине ол келіспейді. Бар күшін мұзды бақылауға арнағалы отырған министрліктің геология институты ішінара гидрологияға да "көз қырын" сала жүрмек.

"Мен өткен жылдың қараша айында осы институтта болдым, олар маған жерасты суын зерттеу жобасын көрсетті. Ол бойынша 2017 жылға белгіленіп отырған жоспар – жерасты суының кен орындарында "жер бетіне шығарылатын су көлеміне бақылау орнату" болмақ. Әйтпесе қазір кей су кен орындарында 70-80-ге дейін ұңғыма бұрғыланады. Бірақ ол ұңғымаларда шығарылған суды есептейтін аспап жоқ. Біз бар болғаны тек бақылаушы ұңғымалар арқылы "кен орнында қанша су ресурсы қалғанын" тексереміз. Бұл дұрыс емес. Әлемдік тәжірибе бойынша әрбір ұңғымаға есептеуіш орнатылуы тиіс. География институтының осы саладағы бірінші жобасы осыған қатысты болып отыр", – дейді министр.

Институттың екінші жобасы одан да ғажап: "Екінші жоба Оралдағы босатылып жатқан полигонға байланысты: біздің ғалымдар жер астындағы су ресурстарын анықтау үшін үлкен гидрогеологиялық зерттеу жүргізбек. Біз ол жақта жер астында өте үлкен су қоры бар деген үміттеміз!", – дейді Ерлан Сағадиев. Рас, ғалымдар жерасты көлін тауып жатса, полигоннан босатылған жердің астындағы судың ішуге жарамдылығын шынайы тексереді деп сенеміз.

Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев су қоры барынша шектеулі ресурс екенін, сол себепті оның бастау-көзін иелену үшін күрес әлемдегі шиеленіс пен жанжалға қазірден себеп болып жатқанын айтады.

"Біздің елімізде де ауыз сумен қамтамасыз ету аса өткір мәселе болып отыр. Қазақстандағы жалпы су қорының негізгі көздерінің бірі тау шыңындағы қар мен мұздық. Қазақстанда соңғы онжылдықта тау мұздықтарының көлемі шамамен 30 пайызға кеміген. Оның ішінде Қазақстандағы мұздықтардан ағатын су соңғы жарты ғасырда 121 текше шақырымнан 93 текше шақырымға дейін азайған. Осы көрсеткіш 2030 жылы шамамен 73 текше шақырымға дейін, яғни екі есеге дерлік қысқаратыны болжанып отыр", – дейді ол.

Орталық Азияға кіретін барлық 5 мемлекеттің жерінің жалпы ауданы шамамен 4 млн шаршы шақырымнан асады, оның ішінде 2,7 млн-нан астамы Қазақстанға тиесілі! Бірақ суға келгенде, бәрібір көршілер ұтады. Тәжікстан мен Қырғызстан өңірді басып өтетін қос алып – Әмудария мен Сырдарияның басында отыр. Аймақтағы су ресурстарының үлкен бөлігіне де солар ие. Жалпы осы жоғарыда отырған үш ел су бермей қойса, Қазақстанның 16 облысының басым бөлігі су тапшылығына ұшырайды екен. Бірақ табиғат та теңгерімді сүйеді ғой. Қазақ еліне қаншама минералды ресурс пен қуат көзін дархан көңілмен үйіп-төгіп берген де, су басындағы елдерді керісінше, "шөміштен" қаққан. Осылайша Қазақстан да жақсы "көзірге" ие. Оны тек дұрыс пайдалана білген жөн.

Әйтпесе, халықаралық сарапшылар қақтығысқа соқтыруы мүмкін себептер әлі шешілмей қалып отырғанын айтады. Ол себеп – үшеу.

Ең алдымен, экономикалық емес, географиялық тұрғыдан биікте орналасқан Тәжікстан мен Қырғызстан судан қуатты молырақ өндіру үшін аса ірі ГЭС-тер салып жатыр. Бұған Қазақстан мен Өзбекстан алаңдаушылық, тіпті қарсылық білдіріп отыр.

Екіншіден, жоғарыдағы елдердің егін суару үшін қажетті суды жеткізу кепілдігі де көп сақтала бермейтіні қыжылға айналды. Бұл жерде Тәжікстан мен Қырғызстанның араны ашылып, жыл өткен сайын өзен суының төмен ағысы үшін "энергетикалық өтемақыны" көбірек алуды қалап отыр. Бірақ Қазақстан мен Өзбекстан бұл "шантажға" берілмей, табиғи газды, көмір мен электр энергиясын төмен бағамен беруден бас тартты.

Үшінші мәселе экологияны қорғауға қатысты. Өзен суының ластану мәселесі "өткірлене" бастады.

Қалай болғанда, су ресурсы түйткілдері – өңірлік мәселе және ол майдан даласында емес, келіссөз үстелінің басында шешілуі керек. Біздің елдердің бұл іске сыртқы бөгде елдердің араласуына да жол бермегені жөн. Әйтпесе, су "үлкен геосаяси ойынға" айналып шыға келеді. Ал ондай ойында құрбан көп болатыны белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу