НАТО-ның белді мүшесі АҚШ-тың Израильге көмектесудегі ниеті не?

3173

Батыс Израильдің айналасында орасан зор әскери күшін шоғырландыруда.

НАТО-ның белді мүшесі АҚШ-тың Израильге көмектесудегі ниеті не? Фото: hamodia.com

Бірақ НАТО-ға мүше болмағандықтан, Израиль оның көмекке келіп, соғысқа араласатынына күмәнданады.

Палестинаның бір бөлігі саналатын Газа аумағында қырғын шайқастар жүруде. Осының алдында Палестина тарапы Израильдің қалаға кіре алмағанын, әзірге тек қала шетіндегі аудандарда, аумақтың ауыл шаруашылығы жерлерінде ұрыс салып жатқанын хабарлаған.

Алайда кеше 162-й дивизияның командирі, бригадалық генерал Ицик Коэн басқаша мәлімдеме жасады.

"Дивизияның күштері аумаққа тереңдей енді. Біз Газа қаласының қақпасының алдында тұрмыз", – деді Ицик Коэн.

Оның баяндауынша, соңғы бес күн ішінде Израиль Хамастың стратегиялық нысандарын күйретті, оның базаларын толығымен жойды. Сондай-ақ хамастық жер асты инфрақұрылымының бір бөлігі құртылды. Генерал таяу арада Хамастың өзін жоятынын мәлімдеді.

Бірақ халықаралық сарапшылар мұны "әскери пропаганда" санап, сеніңкіремеді. Қарсыластардың әскери шығындарын, бекіністерінің орналасқан жерін, жоғалтқан техникасын және басқасын бейнеайғақтар, спутниктік түсірілімдер, өзге де ашық дереккөздер, геолокациялар негізінде айқындайтын War Mapper сияқты шетелдік OSINT-аналитиктер израилдік армияның Газа секторына қаншалықты дендей енгенін, шайқастар қай жерде жүріп жатқанын анықтап, картасын жасады.  

Олардың дерегінше, Израиль Газа аумағының қалалық аудандарында ілгері қозғалып барады. Әр аудан үшін қиян-кескі шайқастар жүруде.

Олар шабуылдың 3 бағытта жүріп жатқанын атап өтті. Ол бағыттың бірі – Газа қаласынан оңтүстікке қарай өрбіген. War Mapper жазуынша, бұл ауданда израильдік әскерлер сектордың солтүстік және оңтүстік бөліктерін байланыстыратын Салах-ад-Дин тас жолын кесіп өтті. Одан әрі жағалауға қарай қозғалуда.

Басқа екі бағыттағы сұрапыл ұрыстар – сектордың солтүстік-шығыс бұрышын, яғни Бейт-Ханун ауданын және Газа қаласының солтүстігіндегі жағалаулық аудандарды қамтыды. Ендеше, еврей әскері әзірге Газа қаласының кварталдарына ене алмағанға ұқсайды.

Палестиналық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израиль Газа шаһарының оңтүстігінде алға бұзып-жара өтіп, Әл-Рашид шоссесіне шыға алған. Хамастың әскери қанаты саналатын "Иззаддин әл-Қасам бригадасы" кеше Ан-Нұр ауданында да израильдік әскерилермен шайқасып жатқанын мәлімдеді. Бұл "Түрік ауруханасына" жақын аудан, Салах ад-Дин тасжолынан батысқа қарай шамамен 1 шақырым жерде тұр. Демек, Изариль бұл тұста жағалау сызығына барынша таяп қалғаны аңғарылады.

Қалай болғанда, жерсеріктік түсірілімдерден көрінгендей, Газа қаласының өзінде барлық ғимараттардың төрттен бірі қазірден қиратылған. Мұны The New York Times мәлім етті. Бұлай бара берсе, Газа шаһары шынымен тып-типыл, жермен-жексен болып, орнында тек үйіндісі қалуы мүмкін. Тұтастай алғанда, бүкіл Газа секторындағы ғимараттардың 14%-ы бұзылған.

Өз кезегінде Израиль әзірге Газа секторына құрлықтық операцияның тек бірінші кезеңі өрістетіліп жатқанын нақтылады. Кеше түнде Израильдің баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді. Ол "израильдік күштер Хамас қорғанысының бірінші шебін бұзып өткенін" жариялады.

"Израильдік әскерилер Газа секторының солтүстігінде Хамас қорғанысының алдыңғы желісін бұзып өтті. Жердегі операция жоспар бойынша жүруде. Израиль армиясы Газа секторына шабуылдарын тереңдете түсуде. Бүгін, күндіз Оңтүстік қолбасшылықтың штаб бастығы соғыс қимылдарының әрі қарайғы жоспарын бекітті", – деді Израиль өкілі Даниэль Хагари.

Бірақ оның егжей-тегжейін айтпады.

Осы күні Израиль Оңтүстік Ливаннан атқылауға талаптанған содырлардың тағы бір жасағын жойған.

Израиль жердегі операциясын кеңейткенін жария етті. Жерде жаяу әскер танктердің қалқалауымен Газа қаласына қарай ілгерілеп барады. Олардың алдынан кездескен қарсыластың әскерін, бекіністерін жойғыш ұшақтар, әскери тікұшақтар, дрондар тоқтаусыз, тынымсыз әуеден соққылап, жоюда. Бұл ретте Хамаста авиация жоқ.

Израиль сауытты техникаға және солдаттарының дулығасына орнатылған камералардан алғы шеп түсірілген бейнежазбаларды таратты. Онда израильдік армияның секторға тереңдеп еніп бара жатқаны, бронды техниканың, бульдозерлердің жаяу әскерге жолды аршып жатқаны, тұрғындары бас сауғалап, беті ауған жағына қашып, қалып қойғандары қырылып, қаңырап бос қалған елді мекендер, көп қабатты тұрғын үйлер, байлардың сәулетті сарайлары бейнеленген. Израиль күштері аумақты тазарту аясында әрбір үйге бас сұғады.

Бұдан бөлек, Израиль дерегінше, Газа секторының Жерорта теңізіне таяу орналасқан батыс бөлігіне Израильдің әскери теңіз күштері, кемелері соққы беріп жатыр. Шынайы уақыт режимінде жиналған бүкіл ақпарат лезде әскери әуе күштері мен әскери теңіз күштеріне беріледі. Соның негізінде олар бірлескен, комбинирленген шабуыл ұйымдастырады.

Не авиациясы, не әуе шабуылынан қорғаныс (ПВО, ПРО) жүйелері жоқ Хамас ондаған әскери нысандарынан қарқынды түрде айрылып жатыр. 7 қазан күні Израильге қырғын шабуыл ұйымдастырғанда оның неден үміттенгені белгісіз. Израиль жауап ретінде кең ауқымды шапқыншылық ұйымдастырады деп күтпесе керек. Ең заманауи қарулармен, зымырандармен мұздай қаруланған Израиль Хамастың Газа қаласының айналасында жылдар бойы түзген эшелонданған бекіністерінің бірін қоймай, жайратып шығатын күн алыс қалмағандай.

Дәл осы кезде халықаралық қоғамдастық Израильдің бұл тірлігін негізінен қолдамай отыр. Осының алдында Біріккен Ұлттар Ұйымы соғысты қатаң айыптап, Израильден әскери іс-қимылдарын дереу тоқтатуды талап еткен.

Еуропалық Одақ, Сауд Арабиясы, БАӘ, Мысыр, Пәкістан және басқа елдер мен халықаралық ұйымдар Израилдің Газадағы босқындар шоғырланған Джабалия тұрғын ауданына жасаған кешегі әуе соққысын айыптады. Үстемелеткен зымырандық соққы салдарынан бірнеше көп қабатты тұрғын үй жапырылып, қирап қалды. Газаның денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, шабуыл салдарынан кем дегенде 50 адам қаза тапты, 150 адам жараланды. Жаралылардың басым көпшілігін қабылдаған индонезиялық госпиталь елуден астам адамның мерт болғанын растады.

Еуроодақтың бас дипломаты Жозеп Боррель "Джабалиядағы босқындар лагерін Израилдің бомбалап тастауы салдарынан көптеген адамның қырылғанын естігенде естен тана жаздағанын" мәлімдеді.

2023 жылғы шілдедегі БҰҰ дерегінше, Джабалияда 116 мыңнан астам палестиналық босқын тұрған.

ХАМАС пен Израиль арасында араағайын болып жүрген Қатар мұндай қырғындар бітімге келуге, кепілдегілерді босатуға залал келтіретінін мәлімдеді.

"Газа секторындағы израилдік шабуылдардың азаматтық нысандарға, ауруханаларға, мектептерге, елді мекендерге және босқындарға арналған паналарға жайылуы қақтығыстың аса қауіпті эскалациясы болып табылады. Бұл деэскалациялау және араағайындық бойынша барлық күш-жігерлерді жоққа шығарады", – делінген Қатардың Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде.

Кектен көзіне қан толған Израильдің бұл тірлігі Батысты шошыта бастағандай. Израильдік Haaretz басылымының талдауынша, АҚШ, Ұлыбритания және өзге НАТО елдері Израильдің айналасында, Шығыс Жерорта теңізінде орасан зор шабуыл, қорғаныс және логистикалық әскери күштерді, кемелерді шоғырландырып жатыр. Алайда ондағы мақсаты – Израильді қорғау емес, өз азаматтарын толығымен эвакуациялауға дайындалу болуы да ықтимал.

Бұл күштердің кеңінен өрістетілуі әскери альянстың түрлі сценарийлерге әзірленіп жатқанын аңғартса керек. Израильдік сарапшылар егер тағы бір майдан ашылып, Иран қолдап, қаруландыратын "Хезболла" мен Израиль арасында кең ауқымды соғыс басталса, қазіргі қарулы қақтығыс өңірлік соғысқа ұласса, онда батыстық серіктестер көмекке келеді деген үмітте.

Бірақ онда жауларының қоршауында отырған Израильден миллиондаған адамды қауіпсіз жерге теңізбен көшіруге тура келуі ғажап емес. Бүкіл адамзат бұл қырғынның тез тоқтауын тілеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу