"Наурыз" бағдарламасы баспана нарығына қалай әсер етеді?

1807

Сарапшы тұрғын үй нарығында баға құбылуы мүмкін деген пікірде.

"Наурыз" бағдарламасы баспана нарығына қалай әсер етеді? Фото: canva.com

Елімізде жақында "Наурыз" жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама басталған алғашқы күні – 25 сәуірде 1124 өтінім сәтті қабылданған. Жаңа ипотека тұрғын үй нарығына қалай әсер етуі мүмкін? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz сайты сарапшының пікірін білді.

"Отбасы банк" төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов бағдарлама қатысушыларына депозитті ашу мерзіміне ешқандай талап қойылмайтынын, депозитте кем дегенде 1 млн теңге болуы тиіс екенін айтты.

"Соңғы 5 жылда тұрғын үйге байланысты операциялар болмауы керек. Бағдарламаның шарттарына келсек, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін сыйақы мөлшерлеме жылдық 7 пайыз, ал басқа қатысушылар үшін 9 пайыз. Бастапқы жарна мөлшері – 20 пайыз, қарыз мерзімі – 19 жылға дейін", – деді Нұрлан Ақшанов Үкімет отырысында.

Экономист Ләззат Нұрғалиқызының сөзінше, "Наурыз" бағдарламасы 35 жасқа дейінгі жастарға өзіндік көмегін тигізеді.

"Бірақ нарықты толық қамтамасыз етеді деп айта алмаймын. Оның үстіне бізде көптеген бағдарламалар шығып жатыр. Бір жағынан олардың уақыты бітіп, жабылып жатыр. Бірақ көбейіп жатқан халықтың, жастардың проблемасын толық шешті, барлығы үйлі болды, үй алудың жолы оңай деп айта алмаймыз. Тұрғын үй нарығында баға құбылуы мүмкін. Себебі бізге көп өнімнің барлығы сырттан келеді, оның логистикасы бар. Қазіргі ішкі, сыртқы жағдайларға байланысты бағаның құбылуы заңдылық. Біздің елге келген өнім міндетті түрде үйдің бағасына әсер етеді. Сондықтан болашақта үй арзандайды деуге келмейді. Керісінше баға өседі. Қатты өсіп кетеді деп толық сеніммен айта алмаймыз", - деді экономист Ләззат Нұрғалиқызы.

Сөзінше, сырттан келетін шикізатқа байланысты баға құбылады. Алайда бұл арзандау емес, қымбаттауына әсер етеді, деп есептейді сарапшы.

Ұлттық статистика бюросының дерегін қарайтын болсақ, биылғы наурызда жаңа тұрғын үйлер бағасы жылдық мәнде 1,3%-ға өсті.  Қолданыстағы пәтерлердің сауда бағасы 2,3%-ға төмендеп, үйді жалға алу төлемі 2,3% қымбаттады.

Республика бойынша жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтөбе (8,9%), Қызылордада (7,1%) ең көп қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер Атырау (10,8%), Талдықорғанда (8,8%), тұрғын үйді жалға алу нарығында Қарағанды (23%), Жезқазған (22,4%), Атырау және Талдықорғанда қымбаттады.

"Егер шетелдіктермен салыстыратын болсақ, мәселен, АҚШ, Еуропаның көптеген елінде ипотекалық бағдарламалардың пайыздары өте төмен. Бірақ енді олардың үйлерінің бағасы қымбат, алатын қаржысы көп деп айтсақ та, олардың жағдайы төмен, жаңа отау құрған жастарға арналған бағдарламалары бар. Қытайда да муниципалды бағдарламалар бар. Бізде де мысалға үй құнының 20 пайызын жинап, әрі қарай оны алғашқы жарна ретінде салуға болады", - деді экономист.

Айта кету керек, осыған дейін сарапшылар биыл елдегі баспана бағасы қалай құбылатынын айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу