Наурыз-думан салтымыздың сынын қашырмасын

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
3547

Министр Ұлыстың ұлы күнін балалар асыға күтетін мерекеге айналдыру қажет екенін мәлімдеді.

Наурыз-думан салтымыздың сынын қашырмасын

Әдетте григориан күнтізбесіндегі жаңа жылға бір, тіпті бір жарым ай бұрын дайындалатынымыз белгілі. Кей өңір басшылары елдің алдына түсіп, қала көшелерін ерте безендіріп, шырша шамын да уақытынан бұрын жағып жататын. Қайбір жылы Павлодар қаласы әкімдігінің 38 млн теңге жұмсаған шыршасы өртке оранғанда, талай жұрт есіл ақшаның әп-сәтте қара күйеге айналғанына бас шайқаған еді.

Дәл осындай дарақылық пен ысырапшылықтың, жандайшаптық пен  науқаншылықтың қанымызға сіңіп кеткені соншалық, мұнымыздан сабақ алған жеріміз жоқ. Тәуелсіздік алған 26 жылда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын жалпыхалықтық деңгейде атап өте алдық па? Бұл туралы мәселе көтермеген ақпарат құралы жоқ. Әлі күнге, мереке сайын – тақырыпқа тұздық. Бірақ өзгерген дәнеңе жоқ. Сол баяғы айналасы бір күн ғана ұлттық киім киген ұйымдастырушылар мен бес-алты ақшаңқан киіз үйді ғана көзіміз шалады. Тіпті әкімдіктің әр ауданға бір киіз үй тігіп, дастарқан жайып, сыйлы қонақтарды күтіп алу туралы тапсырма жүктейтінін де естіп, біліп, көріп жүрміз.  

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов мерекелер жайында өткен отырыста  "ешқандай жабық киіз үй болмасын" деген тапсырма берді. Аймақ басшысының пікірінше, мұндай жағдайда,  халықта киіз үйлер неге жабық, оның ішінде кімдер тамақтанады деген сұрақтар пайда болады. "Барлығы ашық болуы керек. Киіз үйлер ұлттық нақышта безендіріліп, салт-дәстүрлерімізді айқындап тұруы тиіс. Есікті жауып алып, тамақ ішудің қажеті жоқ. Ол жерде көпбалалы аналар, ардагерлер және мүмкіндігі шектеулі адамдарға тамақ берілуге тиіс. Таңертең құрылған киіз үйлер түстен кейін асығыс жығылып жатады. Мереке бір күнде бітіп қалмайды. Барлық отаулар мереке күндері толық аяқталғанша құрылып тұруы керек",– деді өңір басшысы.

Облыс әкімі айтқан сөздің жаны бар. Бұған дейін әлгіндей ақшаңқан киіз үйлерге тек шенеуніктер мен сыйлы қонақтар ғана бас сұға алатын. Қарақұрым халық аяқтан тік тұрып, тегін концерт тамашалағанына мәз боп тарайтын.

Жақында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баспасөзге берген сұхбатында Наурыз мейрамын жаңа реңкте атап өтуге байланысты ұсыныс жасады. Министр Ұлыстың ұлы күнін әсіресе, балалардың асыға күтетін мерекесіне айналдыру қажеттігіне екпін түсірді.

Министр "Наурызды жалпыхалықтық мейрамға айналдыруға не кедергі?" деген сарында әңгіме қозғап еді, жер-жерде Наурызды тойлау басталып та кетті. Ал бұған дейін дәл осылай дүркіретіп атап өтуге кім қарсылық танытты екен? Тіпті григориан күнтізбесіндегі жаңа жылға ерте қамданатын білім мекемелері де соңғы жылдары Ұлыстың ұлы күнін атап өтуге келгенде сараңдық танытып жүрген. Министр айтып еді, үш-төрт күннен бері мектеп пен балабақшада Наурыз мейрамын кеңінен тойлауға рұқсат етілді.  

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымындағы Қазақстанның өкілі Асқар Тұрғанбаевтан түркітілдес елдерде Наурыз мейрамының аталып өтілу барысын сұрағанымызда: "Наурыз мейрамы онсыз да жалпыхалықтық мереке. Оны "Жерден жеті қоян тапқандай" етудің не қажеті бар? Қазақ ежелден Наурыз мейрамы мен Құрбан айтты тойлап келді. Еліміздің батыс өңірінде 14 наурызда басталатын "амал", "көрісу" мерекесі – көне дәстүрдің жұрнағы. Әсіресе  Кеңес үкіметінің репрессия жылдары салт-дәстүрді күштеп ұмыттыру белең алды. Соған қарамастан әр отбасында Наурыз мейрамы жасырын түрде тойланды. Ал қазіргі жастар бірте-бірте ұлттық, отбасылық дәстүрді ұмытып барады. Біз өзімізден гөрі өзге халықтың дәстүрін ұлықтауға әуеспіз. Жаңа жылды асыға күтетіндер Наурызды дәл солай күтпейді, атап өтпейді. Барлық нәрсе отбасынан басталады. Ұлық мереке отбасында тойланса, отбасылық дәстүрге кіріксе ғана, халықтық мерекеге айналады. Яғни еңбектеген сәбиден, еңкейген қарияға дейін тойлайтын мереке – жалпыхалықтық" деңгейге көтеріле алады. Бала кішкентайынан өз ұлтының дәстүрін  үйренуі керек. Егер бала титтей кезінен бірнеше тілде сөйлесе, ол баладан қандай азамат шығады? Әлемде тәуелсіз мемлекеттер ішінде өзге тілде сөйлейтін ұлт – қазақтар ғана. Айналып келгенде, бәрі тілдік, ұлттық мәселеге байланысты. Сол сияқты бір шараны науқанға айналдыру – кейбір дәстүріміздің қадірін кетіруде. Көпшілік жұрт киіз үйге кірмек түгілі, әкімдер келіп-кеткенше есігінен сығалай алмайды. Жасанды көрініс, жалған пиар үшін жасалатын дүниелерге тоқтам жасау керек", – дегенді айтты.

Асқар Тұрғанбаевтың сөзінше, түркітілдес мемлекеттер ішінде Ұлыстың ұлы күні Әзербайжанда, Иранда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Түркіменстанда жалпыхалықтық деңгейде тойланады.

"Мысалы, Әзербайжанда Наурыз мерекесінен бұрынғы төрт сәрсенбіні әр тақырыпқа арнайды. Айталық, бір сәрсенбіні от, екіншісін – су, үшіншісі – жер, төртінші – топырақты дәріптеп, әр сәрсенбіде әртүрлі салт жасалады. Түркі халықтарына тән жоралғы – от жағу. Бұл түркі халықтарында зороастризм дінінен бұрын болған. Ал негізгі дәмі – жеті түрлі тағамнан жасалған Наурыз көже", – деді Асқар Тұрғанбаев.

Алматыда Наурыз мейрамы атаусыз қалмайды. Былтыр әсем шаһарда Наурыз тақырыбына арналған инсталляциялар орнатылып, Мүшел" атты театрландырылған көрініс көрсетілген. Қазақтың көнеден келе жатқан салт-дәстүріндегі "Самалық", "Түлік жыры" сияқты ән-жырлар орындалған. Ал атлеттер қалашығындағы мерекелік қойылымда алаң тұтастай жаңа қонысқа қонған қазақ ауылын елестетіп, кіреберісіне ежелгі үлгідегі қақпа орнатылып, оның екі жақ шетіне көне күйме үстіне тігілген 2 киіз үй қойылды. Мереке өтетін алаңға "шамдал", "қос", "көне сауда арбалары", "таңбалы тастар", "тарих тегершігі" атты инсталляциялар және ұлттық нышандағы әртүрлі мүсіндер қойылды. Ал биылғы Ұлыс тойы бір ай атап өтілмекші. Яғни  22 наурыз бен 22 сәуір аралығында қала тұрғындары мен қонақтары небір тәрбиелік мәні зор шараларға куә болмақ. Мерекенің алғашқы күндері "Бауырсақ", "Наурыз көже", "Күріш" фестивальдері ұйымдастырылады. Негізгі шаралар мегаполистің бірнеше алаңдарында 22-25 наурыз аралығында сағат таңғы 10:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жалғасады.

Мысалы  Астана алаңында жыл сайынғы дәстүрлі үлкен мерекелік концерт, ұлттық ас мәзірі фестивалі өтеді.  Жалпы, бұл күндері алаңда 6 киіз үй тігіледі, 14 инсталляция ("кереге құрақ", "қос", "абылайша") орнатылады, балалар және спорт орындары, Орта Азияның қолданбалы өнер шеберлерінің шеберлік сыныптары үшін 17 орын, сауда шатырлары,  фудкорттар,1200 орындық көрермендер трибунасы жасалады. Мерекелік концертке  ТМД-ның 6 елінен және Түркиядан 500-ден астам артистер мен 1500 ерікті қатысады.

Түрлі ұлт және ұлыс өкілдері жаңарған Панфилов көшесінде киіз үй тігу, қыш, керамика, киізден, мехенеден бұйымдар жасау бойынша арнайы шеберлік сыныптарын өткізеді,сонымен қатар алтын жіппен бұйым тігу, ортеке, шырдақ, зергерлік  бұйымдар мен шыны жасау өнері де таныстырылады. Бұлардан өзге театрландырылған "Көш керуені" жүріп өтеді.

22 наурызда Жүргенов академиясы жанындағы сахнада өтетін концерттік бағдарламада ҚҰӨА студенттері өнер көрсетсе, қаланың жоғары оқу  орындары арасында "Ән бәйге" атты авторлық ән конкурсы, "Биле-биле" көңіл көтеру шарасы мен "Әз Наурыз Алатау алабында" атты театрландырылған қойылым болады.

24 наурызда Жібек Жолы көшесі бойындағы сахнада  "Наурыз-Думан" өтеді, мұнда сағат 11:00 ден 17:00-ге дейін ҚР Суретшілер одағы шеберлері мен жас суретшілердің біріккен пленэрі ұйымдастырылады. Ал сағат 19:00-21:00 аралығында – "Open air cinema", яғни Ш.Аймановтың ретроспективті кинолары мен Қазақстанның материалды емес мәдени  мұрасы болып табылатын "Қыз Жібек", "Ортеке", "Киіз басу", "Қорқыт Ата мұрасы: Эпикалық мәдениет және музыка", "Қазақтың зергерлік бұйымдары", "Кесте", "Асық ату" және басқа  фильмдері көрсетіледі.

 25 наурызда сағат 11:00-13:00  аралығында алаңда буккроссинг –  мәдени мұра мен кітап көрмесі ұйымдастырылады. Сағат 14:00-17:00  аралығында – "Кітап Fest", сағат 19:00-21:00 аралығында  өтетін "Open air cinema" аясында "Керамика өнері" (Өзбекстан), "Жібек тоқу" (Өзбекстан), "Аспалы арқанмен жүру" (Өзбекстан), "Көк бөрі" (Қырғызстан), "Салт-дәстүр әндері" (Қырғызстан), "Моңғолдың дәстүрлі үстел ойындары" (Моңғолия), "Моринхур – монғолдың қыл пернелі аспабы" (Монғолия), "Салт-дәстүр  әндері"  (Тәжікстан)  фильмдерін тамашалай аласыз.

22 наурызда  атлеттер ауылындағы бағдарлама кезінде спорт секциялары мен "Disco стиліндегі Наурыз" концертіне қатысушылар үшін түрлі ұтыстар мен байқаулар  өтеді.  Белсенділікті арттыру мақсатында қазақ күресінен, джиу-джитсудан, таэквондодан, каратэден, бокстан жарыс ұйымдастырылып, спортшылар түрлі әдістерді көрсетеді. Музыкалық студия үзіліс кезінде домбырадан күй шертеді, хоккей академиясы нағыз хоккей матчын өткізеді. Бұлардан өзге эстафеталар, үстел теннисі, үрленген батут, армреслинг, арқан тарту, арқанмен секіру, асық ату, аниматорлардың қатысуымен түрлі шаралар, шыңға өрмелеу, садақ ату, боулинг, дартс ойындарынан топтық жарыс ұйымдастырылады.

Аспаздық шеберлік сыныптарында Әзербайжандар лавашта күріш пісіруді, пахлава мен боялған жұмыртқаны, түріктер шпинатты беректі, лукумды, түркмендер чуректі, пишмені, чападты, күлшені, тәттілерді, өзбектер сумаляк, тәжіктер  тәтті күріш, грузиндер хачапуриді ал қазақтар "Наурыз көжені" қалай пісіру керектігін көрсетеді.

23 наурызда"Алматы Аренада" өтетін "DIDCO стиліндегі Наурыз" атты  үлкен концертке әлемге танымал Baccara, Kevin Mccoy ex, Bad Boys Blue, Londonbeat, Ottawan, Sounds of Boney M, Sheyla Bonnick, Secret Service, Joy, Arabesque original michaela rose өнер көрсетеді.

Ең қызығы, 22-23 наурызда Ұлыстың ұлы күні мейрамы қаланың 40 медиабордынан көрсетіледі. Оnline трансляцияны халықаралық ақпараттық технология университетінің студенттері жүргізеді. Негізгі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылатын "Астана" алаңында, Панфилов және Жібек жолы көшелерінде, атлеттер ауылында, Almaty Arena маңына көрсетілім жасау үшін төрт дрон пайдаланылады. Ал мереке соңында  отшашу ұйымдастырылады.

Көрнекті тарихшы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: "Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама" деген екен. Ендеше ұлық мерекені жалпыхалықтық деңгейде атап өту – бізге аманат. 

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу