Не пайда дүниенің кеңдігінен, шәркейің шетелдікі болғаннан соң

7066

Қазақстан жылына 3 млн тонна теріні шетелге жібереді

Не пайда дүниенің кеңдігінен, шәркейің шетелдікі болғаннан соң

Отандық аяқ киім қашан үлкен сұранысқа ие болады? Біздің зауыттар былғары аяқ киімді кім үшін өндіріп жатыр? Сізді де осы сұрақ мазалаған болар...

Кез келген сауда орталығында елімізден тыс жерде жасалған аяқ киімдердің қаптап тұрғанын көз көріп жүр. Ал отандық өндірушілердің өнімі сөрелерден табылмайды.

Жаһандық экономикалық дағда­рыс еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласын тұралатып тастады. Көш басында келе жатқан біраз кәсіпорын кібіртіктеп қалды. Олардың дені жұмысын тоқтатса, бірсыпырасы жабылып тынды.

Бүгінгі таңда елімізде тері өңдеу және аяқ киім тігу саласында ірілі-ұсақты 32 кәсіпорын  жұмыс істейді екен. Бір қарағанда аз емес сияқты. Алайда жеңіл  өнеркәсіппен айналысып отырған осы кәсіпорындардың қарқыны мен қуаты небары 20% -ды құрайды. Өкінішке қарай, аяқ киім нарығында отандық өнімнің алатын үлесі 3,5% ғана. Өткенді жаңғыртып, кеңес кезінде Қазақстан 50 млн жұп аяқ киім шығарғанын тілге тиек етсек, бәзбіреулер мырс етіп күледі. Өйткені олар мұндай "ертегіге" сенбейді.

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің дәурені жүріп тұрған кезде Гурьев аяқ киім тігу және жөндеу фабрикасының атағы аспандап тұрды. 1965 жылы ашылған фабрика 1996 жылға дейін жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында фабрика жылына 1 млн сом табыс тапқан екен.

Іргесі 1961 жылы қаланған Жамбыл былғары комбинаты да кезінде ешкімге дес бермеді. 2002 жылдан бастап атауын Тараз был­ғары аяқ киім ЖШС деп өзгерткен комбинат күні бүгінге дейін бұрынғы кәсібін жалғастырып келеді. 2014 жылға дейін кәсіпорын мемлекеттік тапсырыспен әскери қызметкерлерге және түрлі ұйымдардың жұмысшыларына аяқ киім тікті. Осы кезде шекесі шылқып, байып кетпесе де, кісіге күні түскен жоқ. Қазір мемлекеттік тапсырыстың азаюына байланысты өнімін базарға шығаруға мәжбүр болып отыр.

"Тараз былғары аяқ ­киім мекемесі былғары аяқ киім өн­діру­мен айналысады. Компаниямыздың бір артықшылығы ши­кізаттан бастап, дайын өнімге дейінгі жұмыстың бәрін өзі атқарады. Бізде "Вет-блю", "Краст" секілді жартылай фабрикаттар және арнайы аяқ киімдер шығарылады. Бұдан бөлек әскери адамдар мен күнде­лікті өмірде қарапайым адамдар киетін аяқ киім өн­діреміз. Бала­ларға арналған бәтеңкелеріміз де бар. Мақтағанымыз емес, өнімдеріміз  шетелдің аяқ киім­дерінен кем емес, ал бағасы қол­же­тімді. Өкінішке қарай,  мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан, қазіргі таңда өнімімізді тек қана Алматы және өзіміздің қаладағы ірілі-ұсақты сауда нүктелеріне шығарып отырмыз. Зауыт жанынан аяқ киім сататын дүкен де аштық. Өнім өндіруге қажетті шикізат та, адам күші де жеткілікті. Тек тапсырыс тапшы", – дейді "Тараз былғары аяқ киім" ЖШС директорының орынбасары Мұхтар Шаюнусов.

Кәсіпорын шикізатты халықтан сатып алады. Ал өндіріске қажетті қосымша материалдарды шетелден тасиды. Мұнда аяқ киім ғана тігіл­мейді, былғары өнімдерін өндіру, тазалау, бояу жұмыстары да атқарылады. Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеген кезде кәсіпорын жылына 36 мың жұп аяқ киім шығарған. Осыдан-ақ өндіріс орнының қуаты қаншалықты болғанын түсіне беріңіз.

Саудагерлердің сөзіне сүйенсек, Тараз был­ғары аяқ киім ЖШС өнідіретін аяқ киімдердің сапасы жоғары, бағасы арзан. Алайда қала тұрғындары тарапынан сұраныс өте аз. Себебі тараздықтар өзімізде өндірілетін өнімнен бейхабар. Бұл – отандық өнімнің жарнамасы жоқ дегенді білдірсе керек.

Тараз был­ғары аяқ киім ЖШС мен салыстырғанда Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында ашылған Хаят Р.У.Ж ЖШС-ның аяқ киім өндірісі көш ілгері сияқты. Түріктердің техникасымен жабдықталған фабрика күніне 12 мың жұп аяқ киім шығара алады. Жоба "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында қаржыландырылған. Оның жүзеге асуына жеңілдетілген пайызбен 100 млн теңге несие бөлінген.

ЖШС директоры Ұлықбек Раджаповтың сөзінше, ашылып отырған екінші цех бұған дейін ашылған бірінші цехтың жұмысына серпін беруі тиіс.

"Жаз маусымында шәркей және іле салатын жеңіл аяқ киім, қыс маусымында галош пен киіз етік шығардық. Өніміміздің барлығы сатылып кетті. Адамдар бізді тани бастады. Алғашында сауда нүктелеріне өзіміз баратынбыз, қазір көтерме саудамен айналысатындар бізге келеді. Фабрикамыздың екінші цехын нарыққа мықтап енгендіктен аштық, – деді директор.

Ол қытайдың сапасыз аяқ киімдерін нарықтан біржола тықсырып тастай алмаса да, олармен бәсекелесе алатындарын айтты.

"Біз қытайдың арзан аяқ киімін сапамен жеңеміз. Егер біз сапалы аяқ киім шығармасақ, тұтынушыларымыздан айырыламыз. Бұл – біздің тауарды ешкім сатып алмайтын болады деген сөз, – деді  Ұлықбек Раджапов.

Оның пікірінше, отандық аяқ киімнің сатылымын ұлғайту үшін елімізге контрабандалық жолмен келетін тауарларға тосқауыл қою керек.

"Қазақстанға әлемнің 36 елінен аяқ киім әкелінеді. Тауардың сапасы нашар болғандықтан сатушылар көбінесе сертификат ала алмайды" – деді ол.

Ұлықбек Раджаповтың сөзінше, отандық жеңіл өнеркәсіптің тасын өрге домалату үшін шикізатты шетелден сатып алуды доғару керек.

"Біз өзіміз өңдеудің орнына теріні шетел асырамыз. Сөйтемізде оны қайтадан шикізат күйінде қымбат бағаға сатып аламыз. Мұның сыртында кеденге, салыққа және тасымал ақысына шығындаламыз. Ал Ресей Қытай, Түркия мемлекеттерінің тері зауыттары біздің шикізатпен күн көріп отыр.

Қазақстан жылына 3 млн тонна теріні шетелге жібереді. Осыдан соң біздің жеңіл өнеркәсіп қалай дамиды?" – деп қынжылды ол.

Жансұлу Дүйсенәлі

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу