Нөл баррель немесе санкция

3837

Американың жаңа санкциялары Иран экономикасын қайта теңселте бастады

Нөл баррель немесе санкция

Импортқа тыйым
Иран шетелден 1300-ден астам өнім түрін импорттауға тыйым салды. Сондағы мақсаты – АҚШ-тан төнген жаңа экономикалық санкциялар қаупіне төтеп беру. Елдің индустрия және сауда министрі Мохаммад Шариятмадаридің мәлімдеуінше, сырттан әкелуге тыйым салынған тауарлардың қатарында үй тұрмысына қажетті заттар, текстиль өнімдері, аяқ киімдер, тері өнімдері, жиһаздар, медициналық препараттар және кейбір машина жабдықтары бар.

Ислам Республикасы үкіметі мұндай шектеулер экономикалық қауіпсіздік үшін қажет дейді. "Теһран таймс" газеті парламенттің экономика комитетінің төрағасы Мохаммад Реза Поуребрахимидің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлағандай, Иран шетелдік тауарлар импортына тыйым сала отырып, 10 милллиард доллардың сыртқа кетуіне тосқауыл қояды.  Және де мұндай шаралар отандық өндірісті дамытып, халықты жергілікті өнім түрлерімен көбірек қамтамасыз мүмкіндік береді деген үміт бар.

Ұлттық валюта құнсызданып барады
Биыл мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жасалған ядролық келісімнен шығу туралы шешім қабылдады. Соған сәйкес, Вашингтонның Теһранға қарсы санкциялары тамыз-қараша айларында қайта күшіне енеді. Демек, мұнай экспорты кеміп, елде тағы да валюта азаюы мүмкін. Осының нәтижесінде халық ұлттық ақша – риалда тұрған салымдарын қымбаттаған долларлық депозиттерге жаппай ауыстырады.

"Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, Иран риалы қазір АҚШ-тан төнген санкция қаупінің қысымына қатты ұшырап отыр. Жексенбі күні қара базарда 75 мың риалға сатылған доллар дүйсенбіде 90 мың риалға дейін қымбаттап кетті. Ал, былтырғы жылдың соңында Иранда доллар 42,890 риал тұрды.

Ұлттық валютаның мұнша осалдығы қарапайым ирандықтарды ақшаларын басқа активтерге салуға мәжбүрлеп отыр. Соның салдарынан Теһранда үй бағасы өсіп, мамырдың соңынан бері биржада акциялар құны 17 пайызға көтерілген. Алтынға да сұраныс артты

Саудагерлер наразылығы
Ұлттық ақшаның құнсыздануы халықтың жанына бата бастады. Иранда наразылық шерулері сирек болады. Бірақ, дүйсенбі күні жүздеген саудагер парламент үйінің жанына жиналып, доллардың қымбаттауына қарсылық білдіріп, полициямен қақтығысқа ұласты. Тәртіп сақшылары шерушілерді тарату үшін көзді жасаурататын газ қолданған.  Осындай акция Теһранның Үлкен базарында да өтті. Соған байланысты талай дүкен жабылып қалды. Шерушілердің сөзінше,  шетел валютасының қымбаттауы тауар бағасын өсіріп, табысты төмендетіп отыр. Ал, куәгерлерге сенсек, сейсенбі күні Теһран көшелерінде полицейлер көбейді, бірнеше адам тұтқындалды. Сонымен қатар, Үлкен базарға апаратын метро желісі жабылған.

Өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басында да Иранның 75 қаласы мен елдімекенінде "экономикалық қарсылық" акциялары үлкен жанжалмен аяқталды. Сол күндері кемінде 25 адам қаза тапты, 5 мыңдайы қамалған.  

"Психологиялық соғыс"
Ресми Теһран бұл оқиғаларды "экономикалық саботаж" деп сипаттап, оның ар жағында тұрғандарды қатаң жазалап, тіпті 20 жылға соттайтынын ескертті. "Дұшпандарымыз қазір экономикамызды психологиялық операция арқылы күйретуге күш салып жатыр. Жақында кейбіреулер Үлкен Базарды жауып тастамақ болды. Оларға полиция тойтарыс берді", – дейді үкімет өкілі Садех Лариджани.

Бүгінде президент Хасан Руханиге "экономикалық командаңды өзгерт" деген талап күшейіп келеді. Алайда, Иран басшысының ойынша, елдегі жағдайдың қиындауына АҚШ жариялаған "психологиялық, экономикалық, саяси соғыстар" кінәлі.

Санкциялық қауіп билікке тиімді болуы мүмкін
2016 жылы қаңтарда Иран әлем державаларымен жасалған ядролық келісім нәтижесінде халықаралық санкциялардың көбінен босатылып, шетелдік компанияларға мемлекет экономикасында көбірек рөл ойнауға рұқсат берді. Қазір сол компаниялар Вашингтонның ядролық келісімнен шығуына орай Ислам Республикасынан кетіп жатыр. Демек, талай ирандық жұмыссыз қалды, елден миллиардтаған доллар инвестиция қашты, валюта азайды.

London Betamatrix консалтингтік компаниясының энергетикалық қауіптер жөніндегі маманы әрі ирандық экономист Мехрдад Эмадидің ойынша, санкциялық қауіп биліктің мүддесіне қайшы емес. Өйткені, мұндай эмбаргоны желеу етіп,  Иран үкіметі экономикаға қатаң бақылау орната алады. Ал, импорттауға тыйым салынған шетелдік тауарлар жемқор шенеуніктер мен контрабандашыларға пайда әкелу үшін елге бәрібір қымбат бағамен енуі мүмкін.

Иран мұнайын алғандар жазаланады
Осы аптаның басында Трамп әкімшілігі Азия мен Еуропа елдерін Иран мұнайын импорттауды қарашаның 4-не дейін нөл баррельге дейін түсіруге шақырды. Ал, бұған көнбегендер Американың санкциясына ұшырауы мүмкін. Мемлекеттік департаменттің осы жайлы мәлімдемесі мұнайдың WTI сұрыбының бағасын бірден 3,5 пайызға көтеріп, 70 долларға жеткізді.

Трамп өз елінде жанармайдың қымбаттауына наразы. Бірақ, сол бензин нарқының шарықтауына АҚШ президентінің ирандық экспортты шектеу әрекеті де себепші.

Мұнай – Иран үшін тіршілік көзі.  Қазір Теһран әлемдік нарыққа күніне шамамен 2 миллион бөшке "қара алтын" шығарып отыр. Егер бүкіл әлем сол мұнайды сатып алуға эмбарго жариялайтын болса, Иран экономикасы құлдырап, Ислам Республикасының билігіне сырттан ғана емес, іштен де қысым күшеюі ғажап емес.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу