Октагонда ойнақ салды бір қазақ

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3763

Дамир Исмагулов – UFC сегізбұрышында жеңіске жеткен бірінші қазақ.

Октагонда ойнақ салды бір қазақ

UFC (Ultimate Fighting Championship) – аралас жекпе-жектен әлемнің ең үздік спортшылары арасында кездесулер өткізетін, Лас-Вегасқа қоныс тепкен әйгілі ұйым. Футбол тілімен айтқанда, әлемдегі – ең үздік лига. Бұл промоушн екінің бірімен келісімшартқа отыра бермейді. Осындай мәртебеге Орынборда туған қазақ жігіті Дамир Исмагулов та қол жеткізіп, алғашқы жекпе-жегін өткізді.

Дамир (16-2) бұған дейін Ресейдің "M-1 Global" деген промоушнінде өнер көрсетіп, оның чемпионы да болған. Оның UFC сегізбұрышындағы алғашқы қарсыласы Австралия спортшысы Алекс Горджес болды. Әу баста жарияланған қарсыласы жалтарып (жарақаттанып қалып), одан кейін осы жігіт келісіпті. Бұл спортшы да UFC туы астында бірінші рет бақ сынады. Бірақ бұған дейін аралас жекпе-жек өнерінде ұтылып көрмеген екен (6-0).

Сонымен, Австралияның Аделаида қаласында өткен "UFC Fight Night 142" кешінде Дамир жергілікті спортшыны айқын басымдықпен ұтты. Алекс Горджес көрермендер мен төрешілер назарын өзіне аударып алғысы келетін жігіт болып шықты. Бірақ оның бұл "өнері" де кәдеге аспай қалды. Әрі Исмагуловтан бойы біршама биік, қолдары да ұзын, салмағы да сәл ауырлау екен.

Әйтсе де, Дамир октагонда ойнақ салды. Соққыларын дөп тигізе алды. Әрі Алексті бірнеше рет жерге жығып алып, төрттағанда да басымдық танытты. Айла-тәсілдерінің мол екенін көрсете білді. Алысып та, жұдырықтасып та, өзінің шеберлігі жоғары екендігін дәлелдеуге тырысты. Үш раунд та осылай өтіп, төрешілер жеңісті бірауыздан қазақ жігітіне берді.

Ресми түрдегі төрешілер есебі – 30:25, 30:26, 30:26. Ал статистикалық мәліметтеріне көңіл аударсақ, соққылары – 103:22, тейкдаун – 5:0. Айқын басымдық деген осы емес пе?! Сөйтіп, Дамир аралас жекпе-жек түрлеріндегі спорттық мансабында 17-інші жеңісіне қол жеткізді. Ал Горджес бірінше рет жеңілістің кермек дәмін татты.

Исмагулов төреші қолын көтергенде, Қазақстан туын да ұстап тұрды. Ол бұған дейін сегізбұрыштағы жекпе-жектеріне қазақ музыкасының сүйемелдеуімен шыққысы келетінін де айтып жүр... Австралияға қазы алып барғанын да айта кетсек, артық болмас.

Айтпақшы, бұл жеңістің тарихи маңызы да бар. Дамир – UFC сегізбұрышында жеңіске жеткен бірінші қазақ. Рас, 2014 жылы Қытайда туған қандасымыз Жұмабек Тұрсын да осы промоушннің туы астында бақ сынау құқығына ие болған. Бірақ ол үш рет октагонға шығып, жеңіліске ұшыраған болатын...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу