Олимпиада чемпионы да жүлдеден тыс қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3244

Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына әлі алтын түскен жоқ.

Олимпиада чемпионы да жүлдеден тыс қалды Фото: wfrk.kz

Ауыр атлетикадан Түркіменстан астанасына аттанған көп ұлтты Қазақстан құрамасы сенім үдесінен шыға алмай жатыр десек, артық айтқандығымыз бола қоймас. Себебі жанкүйерлеріміз былтырдан бері спорттың осы түрінен жеңіс күтіп, тықыршып отыр. "Зілтеміршілеріміз адал, халықаралық аренада тек допинг қолданып жеңіске жетіп жүген жоқ, енді соны дәлелдейді" деп үміттенеді.

Өздеріңіз білесіздер, былтыр 30 қыркүйекте Халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) бірнеше елдің зілтеміршілерін барлық сайыстардан бір жылға аластатқан. Олардың арасында Қазақстан ауыратлеттері де бар еді. Себебі біздің спортшыларымыздың (бірнешеуінің) допинг қолданғандары әшкере болып, жазаға тартылған-ды. Тіпті 2008 және 2012 жылғы Олимпиада ойындарындағы жүлделерінен айырылған болатын.

Сөйтіп, биыл қазан айына дейін Қазақстан зілтеміршілері халықаралық сайыстар мен дүбірлі додаларға қатыса алмады. Мәселен, өткен жылы қараша айының соңында басталған, Анахаймда өткен әлем чемпионатына және биыл жазда Джакартада жалауы желбіреген Азия ойындарына қыз-жігіттерімізді үкілеп қоса алмадық. Сондықтан биылғы әлем чемпионаты сарыла күткенбіз...

Ашхабадтағы әлем чемпионаты әдеттегідей жеңіл салмақтағы зілтеміршілер сайысымен басталды. Әрі қоржынымызға бірден жүлде түсіп, көңіл-күйіміз көтеріліп қалды. Ерлер арасындағы 55 келіде біздің елдің намысын қорғаған Арли Чонтей екінші орынға ие болып, күміс медаль олжалады. Ол жұлқа көтеруде 120 келіні еңсеріп, серпе көтеруде 138 келі салмақты көтерді. Қоссайыстағы көрсеткіші – 258 келі. Бірінші орынды 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, КХДР спортшысы Ом Юн Чхоль иеленді (120 + 162 = 282 келі).

Бұдан кейін Зульфия Чиншанло бақ сынады. Ол әйелдер арасындағы 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, 5-орынмен шектелді. Көрсеткіші – 213 (93 + 120) келі. Бірінші орынға 232 (105 + 127) келі көрсеткішпен Таиланд қызы Сукания Срисурат ие болды... Өкінішті, 2012 жылы Лондон Олимпиадасының чемпионы болған, бірақ төрт жылдан кейін ол жетістігі жоққа шығарылып, алтынынан айырылып қалған қызымыз жүлдеге іліге алмады. Осы ретте, Чиншанлоның үш дүркін әлем чемпионы (2009, 2011 және 2014 жылдардағы) екенін айта кеткеніміз артық болмас...

67 келіде біздің елдің намысын қорғаған Фаркад Харки "В" тобында бақ сынады. Қоссайыс қорытындысы бойынша 308 (133 + 175) келімен жалпы есепте 9-орынды қанағат тұтты. Осы салмақта әлем чемпионы болған Қытай зілтеміршінісің көрсеткішімен салыстырып көрулеріңізе де болады: Лицзюнь Чень – 332 (150 +182) келі.

Кеше кешкісін Сәуле Садуақасова қарындасымыз сынға түсіп, әйелдер арасындағы 59 келі салмақ дәрежесінде 11-орынға орналасты. Ол жұлқа көтеруде 90 келіні, ал серпе көтеруде 115 келіні бағындырды. Қоссайыс нәтижесі – 205 келі. Бұл салмақта Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, биылғы Азия ойындарының чемпионы, Тайпэй қызы Куо Син-Чжунь топ жарды (105 + 132 = 237 келі).

Бұдан кейін Нижат Рахимов өз өнерін ортаға салды. Әзірбайжаннан келген спортшымыз Ашхабадта 73 келі салмақта бақ сынады. Өкінішке қарай, жұлқа көтеруде 147 келімен небәрі 13-орынға табан тіреді. Ал серпе көтеруде 190 келімен үшінші нәтиже көрсетті (кіші қола). Қоссайыстағы көрсеткіші – 337 келі. Бұл салмақта Қытай спортшысы Ши Чжиюн үздік шықты (164 + 196 = 360 келі).    

Сөйтіп, 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы, сондай-ақ 2015 жылғы әлем чемпионы Нижат Рахимов та жүлдеге іліге алмады. Өкінішті, әрине. Әу баста, Зульфия Чиншанло екеуі жүлделі орыннан тыс қалады деп ойламаған едік. Әлі спорттық баптарына келіп, отандық жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантады деп үмітенеміз.

Ал ерлер арасындағы 84-інші, ал әйелдер арасындағы 27-інші Әлем чемпионаты одан әрі жалғасады. Ертең үш зілтеміршіміз сынға түседі. Олар – Айдар Қазов (81 келі), Әсем Садықова және Карина Горичева (екеуі де 64 келі). Алайда үшеуі де "В" тобында бақ сынайды. Яғни жүлдеге жетулері мүмкін емес десек те болады. Әйтсе де, әліптің артын тосайық. Бәлкім, қалған салмақтардағы қыз-жігіттеріміздің бақтары жанар.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу